Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының (ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 12 тамыз №499 бұйрығымен бекітілген) мазмұнын іске асыру балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оларды жан-жақты дамытуға бағытталаған «Денсаулық», «Коммуникация», «Таным», «Шығармашылық» және «Әлеумет» білім беру салаларын кіріктіру (интеграция) арқылы қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі ұйымдарында 2017-2018 оқу жылында білім беру процесін ұйымдастыру туралы әдістемелік нұсқау хатына (№11-6/5067жыл) сәйкес мектепке дейінгі жаңартылған білім беру мазмұны өтпелі тақырыптар негізінде құрастырылған перспективалық жоспар, апталық циклограмма негізінде жүзеге асырылады.
Өтпелі тақырыптарды таңдау барысында педагог аймақтық ерекшеліктерді, балалардың жас ерекшеліктерін және мектепке дейінгі ұйымның тақырыптық бағытын ескере отырып, шығармашылық құзыреттілік танытады. Перспективалық жоспарға сәйкес балаларды қабылдау, ұйымдастырылған оқу қызметтері, серуен, күннің екінші жартысындағы жұмыс, балалардың үйге қайтуы және тағы басқа күн тәртібіндегі процестердің орындалуын қамтитын бір аптаға арналған Циклограмма құрастырады.
Міне, жоғарыда айтылған жаңа жоспарлау жүйесі бойынша Циклограмманы жоспарлауға қойылатын талаптардың орындалу барысын зерделеу және балабақша тәрбиешілеріне әдістемелік қолдау көрсету мақсатында Қызылорда облыстық оқу орталығы (әдістемелік кабинет) «Үздік апталық циклограмма» облыстық фестивалін ұйымдастырды. Фестиваль екі аудандық (қала) және облыстық кезеңде өткізілді. Облыстық кезеңге Қызылорда қаласы мен аудандардан барлығы 22 тәрбиеші қатысты.
Шараны облыстық оқу орталығы директорының орынбасары Дихамбаева Гүлнар Батырбекқызы ашты. Өз сөзінде балалардың жас және жеке мүмкіндіктеріне сай білім, білік, дағдыларын қалыптастыруды көздейтін перспективалық жоспар, апталық Циклограмма мазмұнының қойылатын талаптарға сәйкес болуы әрбір тәрбиешінің, әдіскердің өз мамандығына деген үлкен жауапкершілігіне, шығармашылық ізденісіне байланысты екенін жеткізді. Сонымен бірге фестивальдің мақсат-міндеттерімен қатысушыларды таныстырды.
Арнайы білікті мамандардан құрылған сараптау тобы қатысушылардың кәсіби шеберліктерін саралады. Әрбір педагог өзі құрастырған апталық жоспарының мазмұнын, қолданған ерекше әдіс-тәсілдерін, пайдаланған көрнекі құралдарын таныстыра отырып, оны қорғады.
Саралау барысында мына критерийлерге баса назар аударылды:
- Апталық циклограмманы құрастырудағы педагогтың кәсіби біліктілігі мен шығармашылығы;
- Ұйымдастырылған оқу қызметтерінің тақырыптары Перспективалық жоспарға сәйкес болуы;
- Өтпелі тақырыптың мазмұнына сәйкес бағдарламалық материалды бөлуде жүйелілік пен сабақтастық ұстанымының сақталуы;
- Балаларды дамыту мен оқытуды қамтамасыз ететін инновациялық технологиялар, әдістер мен тәсілдерді қолдануы;
- Циклограмманың құрылымдық бөлімдерін сапалы жоспарлау үшін заттық-кеңістіктік дамытушы ортаны қалыптастыру;
- Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнына сәйкес күтілетін нәтижелерге қол жеткізу;
Маңызды шараға қатысушы педагогтар шығармашылық тұрғыдағы жаңалықтарымен, тәрбиелеу мен оқытуда қолданатын түрлі әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Бірі түрлі дидактикалық материалдары арқылы көзге түсіп жатса, бірі шығармашылықпен ұйымдастырған вариативтік компоненттері арқылы ерекшеленді. Әрине, әттеген-ай деген тұстары да болып жатты. Ол тұстарда сарапшылар тобы тәрбиешілерге әдістемелік қолдау көрсетіп, жан-жақты түсіндіріп, ұсыныс-пікірлерін айтып отырды. Фестиваль қорытындысы бойынша педагогтар арнайы номинациялармен марапатталды.
«Үздік апталық циклограмма» номинациясы
Жаналиева Эльмира-«Гаухартас» балабақшасының тәрбиешісі, Қармақшы ауданы;
«Ұйымдастырылған оқу қызметіне сапалы инновациялық технологиялар мен әдістерді енгізу» номинациясы
Орынбаева Мархабат- «Сәтті бала» жекеменшік балабақшасының тәрбиешісі, Қармақшы ауданы;
Дастан Гүлдана- №7 «Шұғыла» балабақшасының тәрбиешісі, Жалағаш ауданы;
«Баланың жеке даму картасына сәйкес жеке жұмыстар» номинациясы
Сұлтанова Несібелі- «Балауса» балабақшасының тәрбиешісі, Сырдария ауданы;
Булекова Мөлдір- «Сыр дидары» балабақшасының тәрбиешісі, Қызылорда қаласы;
«Заттық-кеңістіктік дамытушы ортаны қалыптастыру» номинациясы
Байтуғанова Света—№19 санаториялық бөбекжайының тәрбиешісі, Жалағаш ауданы;
«Білім беру салаларын кіріктіру» номинациясы
Сыздықова Эльмира-«Ер Тарғын» балабақшасының тәрбиешісі, Қызылорда қаласы;
Төребай Әлия- «Алтын ұя» балабақшасының тәрбиешісі, Қызылорда қаласы.
«Үздік апталық циклограмма» фестивалін қорытындылаған Г.Дихамбаева 2016-2019 жылдарға арналған білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының міндеттеріне сәйкес, әрбір мектепке дейінгі білім беру ұйымдары баланы мектепте оқуға мақсатты түрде дайындау шараларын жүзеге асыруға тиісті екенін жеткізді.
Чинходжаева Н.А.
«Сыр балажаны» ЖШС-нің әдіскері,
Қызылорда қаласы