Home » Ашық сабақтар » ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

Байқоңырда «Ғылым әлемін ашамыз»атты ғарыштық зерттеулер бойынша XV Халықаралық ғылыми жарыс аяқталды. Байқау қорытындысы бойынша Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Абылайхан Мұстафин жүлделі 1-орынды иеленді. Ғылыми жобаның жетекшілері – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Камкин В.А және  Назарбаев Зияткерлік мектебінің биология пәнінің мұғалімі Әсем Согумбаева.

Жобаның тақырыбы «Зымыран тасығыштардың ұшу аудандарында топырақ құнарлылығын қалпына келтіру тәсілдері» деп аталады. Бұл жобаны зерттеу бағыты өте өзекті және заманауи, өйткені топырақ құнарлылығын сақтау және қалпына келтіру 21 ғасырда адамзат алдында тұрған жаһандық экологиялық проблемалардың бірі болып табылады. Зерттеу мақсаты — Байқоңыр ғарыш айлағынан зымырандарды ұшыру кезінде керосин төгілгеннен кейін топырақтың табиғи сапасын қалпына келтіре алатын тыңайтқыштарды әзірлеу. Жұмыстың ғылыми тұрғысы да өте жоғары: мектеп қабырғасында модельдеу әдісін қолдану арқылы эксперименттер жүргізілді. Ғылыми жұмыстың нәтижесі ретінде белсенді көмір ұнтағының және кешенді тыңайтқыштың дайындалған қоспасы әзірленді.

— Жалпы, жарыстан алған әсерім керемет. Біріншіден, аталған байқаудың өтетін орны – Байқоңырда болғаны. Екіншіден, еліміздің барлық аймақтарынан келген балалардың қатысуы және оқушылар осы жарысқа күрделі іріктеуден өтіп барып, қатысуға жолдама алғанын ескерсек байқау шын мәнінде ауқымы кең екендігін дәлелдей түседі. Ғылыми жобамды қорғау сәтінде мен төрешілердің біздің жобаларымыздың өмірде қолданысқа жаратуға мүдделі екендіктерін байқадым. Жоба жетекшілеріне, ата — анама және мектебіме бірлескен жұмыс үшін, маған артқан сенімдері үшін үлкен алғыс айтамын, — дейді жарыстың жеңімпазы Абылайхан Мұстафин.

«Ғылым әлемін ашамыз» байқауы оқушылардың жер мен ғарыш, ғарыштық технологиялар, модельдеу және астрофизика саласындағы зерттеу қабілетін ынталандыру мақсатында республикалық ғылыми-практикалық “Дарын” орталығының ұйымдастыруымен өткізілді. Жарысқа Қазақтан Республикасының әр бір өңірінен барлығы 100-ге тарта оқушы қатысқан болатын.

 

Божақанова Рымгүл Асылбекқызы,
Павлодар қ. химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.