Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Жолдауында өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, «Қазақстанның жас азаматтары! Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады» деп, қазіргі заманда техника мамандықтарын меңгерудің қажеттілігін нақты айтып өтті. Олай болса, ертеңін ойлар бүгінгі жас түлек мамандық таңдарда қателеспеуі қажет. Мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Мамандық – әрбір адамның болашағы. Кентау көпсалалы колледжінде 1401000 «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша 153 студент білім алуда.
Білім берудің қазіргі заманғы негізгі мақсаты кең іргелі, білімді меңгерген, ынталы, бүгінгі оқушы, ертеңгі бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, білікті маман даярлау. Осы орайда, колледждің жоғары деңгейдегі материалдық-техникалық базасының қамтылуы арқасында колледж директоры О.Бегисбаеваның басшылығымен колледждің құрылыс бөлімінің студенттері Шымкент, Астана қалаларында өткен «WORLDSKILLS KAZAKHSTAN» облыстық, республикалық чемпионаттарға қатысып, жүлделі орындармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Биыл да сол дәстүр бойынша Шымкент қаласында өткен «WORLDSKILLS SHIMKENT — 2018» аймақтық чемпионатқа «Құрғақ сылақ жұмыстары» бойынша Абдраимов Қ. жетекшілігімен, CЭЗиС -14-1 тобының студенті Садуақас Әлішер қатысып, жүлделі ІІІ орынмен марапатталды.
«Сырлау және әрлеу жұмыстары» бойынша шебер-класс өтіліп, нәтижесінде І орынды Тәліпхан М., ІІ орынды Рүстемов Ж. және ІІІ орынды Құдратиллаев М. жеңіп алып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Тәліпхан Мақсат және Садуақас Әлішер «WORLDSKILLS KAZAKHSTAN» өңіраралық чемпионатына қатысуға жолдама алды. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Бүгінде ірі жобалардың қолға алынып, сәулеті жарасқан еңселі ғимараттардың бой көтеруі — еліміздегі құрылысшылардың ерен еңбегі деп білемін. Олай болса, қыстың суығына, жаздың ыстығына қарамай тер төгетін құрылысшылар қашан да құрметке лайық. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында бәсекеге қабілетті білікті маман дайындауда колледж студенттеріне заман көшінен қалып қоймай егеменді еліміздің көзі ашық, көкірегі ояу азаматы болуларына оқытушылар қауымы да өз үлестерін қосуда.
Д.Р.Анарбаева,
Кентау көпсалалы колледжінің арнайы пән оқытушысы