Қарашаның 26-сы күні Оралдағы жоғары аграрлық техникалық колледжінде «Бұрмаланған тарих немесе соғыс туралы ащы шындық» атты кездесу өтті. Шараға ҚР Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Ахмедияр Батырханов қатысты.
Кездесудің құрметті мейманы, соғыс тарихын зерттеу ісімен бел шеше айналысып жүрген Ахмедияр Қуанұлы колледж студенттеріне өзінің жеке қорындағы ІІ дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақ батырларының ерліктерін әңгімелеп берді. Күні кеше Мәскеу қаласынан оралған кейіпкеріміз сондағы «Жауынгер тағдыры» атты халықаралық конференцияда оқыған баяндамасына да тоқталды. Алқалы жиынға екі жүзге тарта адам қатысқанын, олардың қазақ батырларына деген ілтипаты мен құрметі ерекше екенін айтып жеткізді. Соғыс жылдарында жау қолына тұтқынға түсіп, кейін қилы тағдыр иесі атанғандар туралы архив құжаттарын негізге ала отырып әңгімеледі, олардың ұрпақтарының естеліктерімен бөлісті. Жалпы қазақтан шыққан бес ұшқыш деп білсек, күні бүгінгі зерттеу мәліметтері 14 деп көрсетуде. Әлі ашылмағаны қанша? Осындай құнды да қызықты деректерді жастарға жеткізген Ахмедияр Қуанұлы майданнан келген үшбу хаттар мен фотосуреттерді көрсетті.
Шара соңында колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назира Ғайсақызы мейманға әкімшілік атынан ризашылығын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.
– Ахмедияр Батырханов жинақталған тарихи материалдарды студенттерге көрсетіп, олардың патриоттық сезімдерін оятқаны сөзсіз. Шақыртуымызды қабыл алып, студенттердің ортасынан табылған мейманымызға алғысым шексіз. Оның әлі көптеген тарихи тың деректерді іздеп тауып, тарихтың қорын молайта түсеріне сенемін, – дейді шараны ұйымдастырушы, колледждің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы, жоғары санатты ұстаз Манарбек Әмірғалиев.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
Орал