Өткен аптада Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында ҚР Журналистер одағының мүшесі, ұстаз, ақын Ақмаржан Таубаеваның шығармашылығына арналған «Құлын дауысты жыр әлем» атты еске алу кеші өтті.
Республикаға танымал ақын, Журналистер Одағының мүшесі, білікті ұстаз, облыстық «Жайық ұстазы» газетінің бас редакторы ұзақ жылдар институтымызда қызмет атқарған Ақмаржан Бақытқызы Таубаеваны еске алу шарасына халық көп жиналды.
Ақын өлсе де, оның салған сара жолы өлмек емес. Ақмаржан Бақытқызын Жайық өңірінің ұстаздары, бауырлары, әріптестері бір сәтке де естен шығармай, оның жарқын жүзін мәңгі естерінде сақтап, жадыларында жаңғыртады. Ақмаржан Таубаеваның өмір кезеңінде «Өрлеу» деп аталатын қара шаңырақтың алар орны ерекше. Өмірінің соңғы кезеңіне дейін «Жайық ұстазы» газетінің республикалық, облыстық басылымдардан асып түспесе, кем қалмауына өлшеусіз үлес қосты.
Шарада белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы «БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» директоры Софья Измұханбетова, ақынның інісі Қайыржан Таубаев «Жайықтың ақ самалы» атанған Ақмаржан Таубаеваны сағынышпен еске алып, ізденгіш те іскер, парасатты да аяулы жанның жырға құштарлығы, сырлы сазға бөлейтін жырлары туралы әдемі естеліктер айтты.
Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің студенттері Ақмаржанның өлеңдерін төгілте оқыды. Кеште Ақмаржан ақынның «Мәңгілік сағыныш», «Өзіңе-өзің жәрдемдес» өлеңдеріне ән жазған Қадырғали Көбентай, Роза Сүлейменова, Ербол Ақбасов, Қуаныш Қисыметов сынды сазгерлердің әндері орындалды.
Ақмаржан Бақытқызы қысқа ғана ғұмырында ұстаздармен етене араласып, олардың алғысына бөленді. Қаламы қарымды журналист көзінің ағы мен қарасындай Әнасыл мен Әнаруды тәрбиелеп өсірді. Кеште Ақмаржан ақынның «Ұлыма» әні, «Күз әні (Жалбыр мұң)» өлеңіне жазылған Қадырғали Көбентайдың әнін Марғуба Салахиденқызы тебіренте орындап, көрермен жүрегін тебірентті.
Ақмаржан Таубаеваның бір жылдық асын беріп, Құран оқытып, еске алу шарасына қатысқан ақынның жары Қалдыбек Құрманәлі ақын рухын аялап, ардақтап жатқан Ақ Жайық жұртшылығына алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
Толқын Зәкәрияқызы,
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы «БҚО ПҚБАИ», баспа қызметі
және қоғаммен байланыс бөлімінің бас маманы