Home » Баяндамалар » Бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби біліктілігі – заман талабы

Бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби біліктілігі – заман талабы

Болашақта еліміз дамыған алдыңғы қатарлы елдердің қатарынан көрінуді мақсат етіп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін әрбір азаматты мектеп қабырғасынан кәсіби біліктілікке баулу қажет. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді дана халқымыз. Мектептегі білім мен тәрбие беру негізі бастауыш сыныптардан басталады. Бастауыш сынып мұғалімі – пән оқытушы ғана емес, ол – бағбан, баланың болашағына бағыт беруші, бала бойындағы қабілетінің көзін ашушы, қорғанышы деуге болады. Барлық білімнің негізі бастауышта қаланатын болса, балаға дәл осы кезде білім беріп қалудың маңызы зор. Бастауыш мектеп – баланы оқуға үйрету мен тәрбиелеу, оның тұлға ретінде өзін-өзі ашуға, жалпы дамуының қалыптасуына жағдай жасайтын негізгі саты. Жалпы адамның мектептегі білім алу кезеңі және тұтас педагогикалық үрдіс сапалы нәтижеге жету үшін бастауыш сыныптардағы оқу-тәрбие үрдісі казіргі заман талаптарына сай құрылуы шарт. Мектептегі кез-келген жаңарулар бастауыш мектептен бастау алады. Сондықтан бастауыш мұғаліміне қойылар талап пен жауапкершілік те салмақты. Қазіргі таңдағы мұғалім оқушы үшін «дайын» білім көзі ғана болмай, керісінше кіші мектеп оқушыларының танымдық

іс-әрекетінің ұйымдастырушысы және үйлестірушісі бола білу қажет. Ол үшін мұғалім өз бетімен білімін жетілдіре алатын, шығармашылық, сыни ойлауы қалыптасқан, қалыптан тыс кәсіби міндеттерін шешуде жаңаша жол табуға дағдыланған маман болуы қажет. Бастауыш сынып оқушыларының тәрбиесі, оқуы және дамуы жайлы теория мен тәрбие таным мәселесінде қиылысады. Танымдық іс-әрекет оқушының білімге деген өте белсенді ақыл-ой әрекеті. Қазіргі балалардың таным белсенділігі мен қызығушылығын қалыптастыруға септігін тигізетін оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін білім беруде орынды пайдалансақ, ол өзінің сипатын береді:

    • оқушының жаттығу жұмысы нәтижесінде деңгейлері көтеріледі;
    • пәнге деген қызығушылығы артады;
    • оқушының білім сапасы көтеріледі;
    • логикалық ойлау мен шығармашылық іс-әрекетке қабілеті артады.

Білім берудің бастауыш сатысы- тұлғаның даму іргетасы, оқу әрекетін қалыптастыратын жауапты кезең. Бастауыш сыныптағы баланың қабылдау мүмкіндігін ескере отырып, дамып жатқан оқытудың жаңа технологияларын тиімді пайдалану ең маңызды іс болып отыр. Қазіргі күннің талабына сәйкес бастауыш сынып оқушыларының танымдық, шығармашылық қабілетін дамытуда жаңа ақпараттық-компьютерлік технологияны пайдалану оның тиімді әдісін ұсыну өзекті проблемаға айналып отыр. Жаңа ақпараттық технологияның басты тиімділігі – бұл мұғалімге бастауыштағы оқу үрдісінің құрылымын түбегейлі өзгертуге, оқудағы пән аралық байланысты күшейте отырып, оқушының дүние танымын кеңейтуге және жеке қабілеттерін көре білуге, оны дамытуға толық жағдай жасайды. Бастауыш сынып оқушысының оқуға деген көзқарасының бір параметрі оның танымдық деңгейіне байланысты екені ғылымда көрсетілген. Бала жасына әр нәрсеге ерекше көзқараста болады. Әр заттың сырын біліп, оның жан-жақты танығысы келеді, бұл

табиғи заңдылық. Сондықтан баланың танымдық қабілетін дамытып, оның дүниеге деген ой-сезімін қанағаттандыру арқылы мектептегі оқу-тәрбие процесінің тиімділігін қалыптастырамыз. Білім беруде жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, оқушылардың білімге деген көзқарасын, ынтасын арттыру мақсатында сабақтың қызықты өтуі мұғалімнің үнемі іздену, ұтымды әдіс-тәсілдерді қолдану, оқыту әдістемесін жаңартып отыруына байланысты. Қазіргі таңда мұғалімдердің инновациялық және интерактивті әдістерді сабақ барысында пайдалануы сабақтың сапалы әрі қызықты өтуіне ықпалын тигізеді. Осы жұмыстың нәтижесінде :

    • оқушы белсенді, ізденімпаз тұлғаға айналады;
    • оқушылар өз ойын еркін айтады;
    • өзге балалардың пікірін тыңдайды;
    • өз бетінше ізденуге үйренеді;
    • бір-бірімен қарым-қатынас жасайды:
    • шығармашылық белсенділігі артады;
    • мұғаліммен еркін сөйлесіп, пікір алмасады:
    • өз бетінше шешім қабылдауға үйренеді.

Жаңа технология ретінде ең озық әдістерді дер кезінде игеру, іздену арқылы бала бойына дарыту, одан өнімді нәтиже шығара білу – әрбір ұстаздың басты міндеті. Бүгінгі жас ұрпақтың жаңаша ойлауына, дүниетанымының қалыптасуына, білік негіздерін меңгеруіне ықпал ететін жаңаша білім мазмұнын құру – жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселенің бірі. Бұрынғы қолданылған оқыту әдістерінде мұғалім басты орынды алып, оқушы тек тыңдаушы ғана болса, қазіргі сын тұрғысынан шыңдалған ойлаудың арқасында оқушы білім негіздерімен толығып, болашақты ойлауға құлшыныс алады. Сондықтан алға қойылатын мақсат «Жаңаша әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану арқылы жеке тұлғаның дамуына жол ашу». Ол жолды ашатын – мектеп. Өркениетті қоғам мен құқылы мемлекеттің қалыптасуы өскелең ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттілігін, еркін ойлау қабілеті мен білімділігін талап етеді. Қазіргі уақыттың негізгі талаптарының бірі – оқушыны білімді, әлемнің бүтіндей бейнесін қабылдай алатын, шығармашылық таныммен тікелей қатынас жасайтын жаңаша, тәуелсіз ойлай алатын шығармашыл адамға айналдыру. Педагогтердің кәсіби қызметінің деңгейін көтеру оқыту процесін ізгілендіру

мақсатында әр мұғалім өз мүмкіндігіне қарай оқу үрдісіндегі озық технологияларды пайдалана білуі қажет. Мұғалім білімді оқушы санасына сабақ арқылы жеткізеді. Ол мұғалімнің бір-біріне ұқсамайтын жан-жақты өткізген сабақтары – қазіргі таңдағы жаңа технологиялар.

Бастауыш сынып оқушыларын оқыту барысында шығармашылық қабілеттерін дамыту арнайы әдістеменің болуын талап етеді. Әр сабақтың дамытушылық мақсаттарын арттырып, мазмұнды шығармашылық тапсырмаларын байытып, оларды тұрақты пайдаланып отыру арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге болады.

Сабақтағы баланың позициясын өзгертіп, оны әртүрлі бірлескен әрекеттің субьектісі

жағдайына қоя білу, баланың дербестігі мен еркіндігінің болуы табыстың бірден-бір кепілі. Мұғалім шығармашылықпен жұмыс істей алатын жеке тұлға, педагогикалық қызметтің барлық келеңді-келеңсіз жақтарын зерттеп, меңгеруге ынталы, өзінің пәнін жетік меңгерген, кез-келген педагогикалық жағдайда өзінің білімділігі, парасаттылығы, ибалылығы, мәдениеті, іскерлігі, шеберлігі арқасында шеше алатын, педагогикалық үрдістің нәтижесін жақсартуға ұмтылатын мұғалім болуы керек. Білім беру жүйесінде еліміздің өркендеуіне еркін атсалысуды көздейтін жастарды тәрбиелеп, ақылына білімі сай тұлға етіп өсіруді көздейді. Жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, ұлттық қасиеттеріміздің асылдарын асқақтата отырып, шәкіртінің жанына нұр құятын ұстазды ғана бүгінгі күннің лайықты тұлғасы деуге болады. Оқушыларды Отанды сүюге, адамдыққа, адами тазалыққа, ізгілікке баулу ұстаздың абыройлы парызы және қарызы. Ол үшін мұғалім қазіргі заманға лайық өзінің білім беру ісінде рухани, шығармашылық ізденіспен жұмыс істеп, өмірге еніп жатқан жаңа технологияны меңгерген, білігі мен білімі жоғары ұлағатты тұлға болуы міндет. Бастауыш мектептің мұғалімі өзінің өмірімен, білімімен, зерделілігімен, сауаттылығымен, яғни барлық ісімен үлгі болатын тұлғаға айналуы қажет. Мұғалімнің жеке басының үлгісі – кәсібилігімен біте қайнасқан қасиет болуы керек. Себебі, кез-келген ұжымдағы қарым-қатынас мұғалімнің жеке басының үлгісімен тығыз байланысты. Мұғалімнің әрбір сөзі мен ісі, қимылы, киімі, аяқ алысы, жүрісі, көзқарасы психологиялық және ізгілік тұрғысынан шәкірт жүрегінен үлкен орын алады. Сондықтан әрбір ұстаз үшін оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру мол білімділікті, ақылдылықты, дұрыс іскерліктер мен дағдыларды қолдануды қажет етеді.

Мұғалім кез-келген жағдайларда ұстамды, шыдамды, әділ, сезімтал, әрі мейірбанды болуы керек, яғни өз қызметі және оқушылармен қарым-қатынас жасау барысындағы мінез-құлқын үнемі бақылап отыруы тиіс. Шәкіртіне сапалы білім беру үшін мұғалімнің өзі сыртқы сұлулықты ішкі рухани сұлулықпен үйлестіре алуы керек.

Оқушылардың шығармашылығын, ізденімпаздығын қалыптастыруда пәндік апталықтар мен ғылыми апталық, сыныптан тыс, жеке, ұжымдық жұмыстар ұйымдастырудың маңызы зор. Барлық жұмыстар оқушылардың қалауымен болғанын ескеру қажет. Әр оқушының қабілетіне, қабылдауына қарай тапсырманы алу керек. Осындай шығармашылық ізденістердің нәтижесі оқушылардың қабілетін ұштауға ықпал етеді. Әсіресе табиғатынан тұйық, өз ойын жеткізе алмайтын, өздеріне сенімсіздеу оқушылар ашыла бастайды. Олар өз ойларын ортаға салып, еркін сөйлейтін болады. Сабақ нәтижелі болуы үшін балаларды қызықтыру керек, оған дәстүрлі емес сабақтардың тиімді екені сөзсіз.

Бастауыш білім –үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы. Осы орайда оқушыларды оқытуда жаңа инновациялық технологияны кеңінен қолдана отырып, білімді терең және жан-жақты игерудің жолдарын, әр пәннің ғылыми негіздерін меңгерту, оқушының ойлау қабілеті мен шығармашылық әрекетін дамыту болып табылады. Оқушылардың білім деңгейлеріне қарай, ой-өрісін дамыта отырып, түрлі жаттығу жұмыстарын, ойын түрлерін көбірек қолдануға көңіл бөлу керек. Уақыт талабына сай мұғалімдер сабақты жаңаша әдіс-тәсілдерді пайдаланып, ізденіспен өткізуге тиіс.

«Жас бала жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді» дейді халқымыз. Қазіргі кезде оқу мен тәрбие саласына қойылатын міндет – талабы таудай дарынды жеке тұлғаны іздеп тауып, жетілдіріп шығару. Сондықтан да бастауыш мектеп алдында балаға жүйеленіп, дайындалып берген белгілі бір білімді беріп қоймай оны жалпы дамыту, қоршаған орта жөнінде дұрыс көзқарас қалыптастыру, талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс жеткізе білуге шығармашылық бағытта жұмыс істейтін жеке тұлға қалыптастыру болып табылады .

«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халқымыз. Жалпы, шығармашылық туынды өмірге келгенге дейін ұстаз шәкірттің өнеге тұтар ақылшысы, пікірлес бапкері болуға тиіс.

Оқушы шығармашылығы үнемі ұстаз, сынып ұжымы тарапынан қолдау тауып отыру керек. Қазақта «Тамыздығын тапсаң, тас та жанады» деген сөз бар. Өйткені, оның мақсаты – әрбір балаға терең білім мен тәрбие беріп ғана қоймай, әр баланың табиғи

қасиетін, жеке қасиетін ашып, жеке тұлғаны қалыптастыру.

Бастауыш мектеп – оқушы тұлғасы мен санасының дамуы қуатты, ерекше құнды қайталанбас кезең. Сондықтан бастауыш білім үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы, жауапты жұмыс. Бастауыш мектеп балаға білім беріп қана қоймай, оны жалпы дамытады, яғни сөйлеуін, оқуын, қоршаған орта жөнінде дұрыс көзқарасын қалыптастырады. Бастауышта білім берудің қазіргі жаңа құрылымы мен оқытудың жаңа мазмұны бастауыш мұғалімдері үшін жаңаша іскерлік пен жаңа технология бойынша жұмыс істеуге үйретеді. Бастауыш мектепте оқушының пәнге деген қызығушылығы мен белсенділігін қалыптастыруда мұғалімнің атқаратын рөлі зор.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Білімдегі жаңалықтар №2 2009ж
  2. Қазақстан мектебі  №5 2008ж
  3. Бастауыш мектеп  №5 2008ж
  4. Бастауыш сынып    №7 2012ж
  5. Білімдегі жаңалықтар  №2 2010ж
  6. Бастауыш мектеп  №3 2011ж

Қаленова Гүлжазира Сапарғалиқызы

Таңдай орта мектебінің бастауыш сыныптар мұғалімі

Атырау облысы, Махамбет ауданы

One comment

  1. Жанпоз Ұлжан

    Бастауыш мугалими боламын бұйырса соған орай маған билим керек сырттай оқып жатқан едим

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.