Балабақша бүлдіршіндердің көздерін ашқалы көрген екінші үйі іспеттес. Сондықтан әр баланың балабақша қабырғасында жүргендегі тәрбиесі бізге тікелей байланысты.
Балаға берілген дұрыс тәрбие бұл бақытты кәрілік, ал қате тәрбие біздің келешектегі сорымыз, біздің көз жасымыз деп атап өткен Антон Макаренко. Бақытты келешектің кірпішін қалау үшін балаларымыздың нені көріп, нені үйреніп жатқандығына баса назар аударуымыз керек.
Ересек адамдардың іс-әрекеттері жүріс-тұрысы, істеген ісі қаншалықты маңызды болса, балалардың өмірінде де олардың көрген әрбір сахналық қойылымдары мен ойнаған ойындары соншалықты маңызды.
Армандаған үйіңнің құрылысын бастағанда ең әуелі іргетасына қатты мән беретініміз секілді, балалардың болашақта оқудағы, қызмет орнындағы дәрежесінің қандай болатындығы да бала кездегі тәрбиесінен бастау алады. Оларды өз бетімен шешім қабылдауға, жауапкершілігінің мол болуына тәрбиелейтін отбасынан кейінгі бірден бір жол сілтейтін балабақша болып табылады.
Василий Сухомлинский «Баланың рухани өміріне тереңдей қарай алмаған адам нағыз тәрбиелеуші бола алмайды» деп айтқанындай әр баланы жеке адам ретінде қалыптастыру үшін жан дүниесіне әсер ете білу керек. Осы орайда, №21 «Аққайың» бөбекжайының «Балапан» тобының тәрбиешілері аянбай жұмыс жасаудамыз. Толықтыра кетсем, Наурыз айында біздің ұжым балаларға арнап «Қоянның үйшігі» ертегісін қойдық. Бұл ертегіні балалар өте жылы қабылдады. Қоянның рөлін сомдаған өзім де актерлық шеберлігім болмаса да балалық шаққа бір барып қайтқандай болдым. Сонымен қатар түлкінің рөлін сомдаған әріптесім Әбуова Алма да балаларды қызықтыра білді. Осы ертегіні қояр алдындағы басты мақсатымыз – балаларға қуаныш сыйлай отырып тәрбиелеу болды. Біз қойған мақсатымызға жеттік деген ойдамын.
Бірлесе көтерген жүк жеңіл демекші, осы орайда ұжымдағы барлық қызметкерлерге жеке-жеке алғысымды білдіремін!
Қасқабаева Анар,
Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы, Баспақкөл ауылы,
№21 «Аққайың» бөбекжайы