Home » Мақалалар » Алла, Алла деген әсем әуен- әлди, әлди

Алла, Алла деген әсем әуен- әлди, әлди

Әлди жыры- ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы .
(Халық аузынан)

Бала үшін ана сүтінің маңызы қаншалықты болса, бесік жырының да маңыздылығы соншалықты.

Қазіргі кезде бөбегіне бесік жырын айтатаын ана, әжелеріміз жәймендеп азайып бара жатырған секілді ме?

Бесік жырының шығу тарихы туралы аңыздарда :

Алғаш рет Хау-ана өзінің егіз ұлдарын жұбата алмай отырғанда, періштелер келіп оларға әуен тыңдатыпты. Әуен тыңдаған бөбектер тынышталып, тәтті ұйқыға кетіпті. Сонда Хау-анамыз періштелерге: «Үйретіңдерші» — деп өтініш білдіріпті. Періштелер айтылған өтінішті қабыл алып, жеті күн осы әуенді айтып үйретсе керек. Алла, Алла деген әсем әуен- әлди, әлди деген бесік жырына ұласқан — делінген .

Баланы тамақтандырып, ұйықтататын уақыты келгенде бесікке бөлеп жатқызғаннан соң, бесікті тербеп отырып әуенмен ана-әжелеріміз бесік жырын орындайды. Бесік жырын тыңдаған бала керемет қалғып, тәтті ұйқыға кетеді. Ұйқысы тыныш болады.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» -деп дана ағамыз айтып кеткендей, бала тәрбиесі бесік жырынан бастау алады. Бесік жырының әр қатары тұнып тұрған тәрбие.
Мысалы, Бөпем менің ай ма екен? Шекер ме екен, бал ма екен? Ойнақтап бір бәйгеден
Озып келер тай ме екен?! — қандай бесік жыры болмасын, барлығын алып қарасақ та, әр қайсысындағы сөздерден анасының бөбекке деген сүйіспеншілігі, жылы сөздері, махаббатқа толы мейірімділігі, тәрбиелі сөздері көрініс табады. Әлди жырымен бала мен ана арасындағы байланыс арта түседі. Қастерлі сөздер ананың аузынан жылы шығып сәбидің құлағына кіреді. Сәби анасының сөздерін бойына жинап тәрбиелік мәнін сіңіреді.

Әлди жырының атқаратын міндеті жетерлік. Соның ішінде ең негізгісі- бала жан дүниесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Бесік жыры міндетті түрде құр сөзбен ғана емес, сөзбен қатар сазды әуенмен бесік тербелісіне ыңғайланып айтылады.

Бесік жырының сәби жүйке жүйесінің дамуына үлесі үлкен. Бұл факт болып табылады. Және бұл деректі зерттеп, дәлелдеген ғалымдар көп. Әлдиді күнделікті тыңдап жүрген бала мен әлдидің орнына басқа әуендерді тыңдап жүрген баланың арасындағы айырмашылықты зерттеп, қорытынды жасаған. Қорытынды барысында:Әлдиленген баланың жүйке жүйесі қалыпты дамып, жетілген де, әлдиленбеген баланың жүйке жүйесінде ауытқулар кездескен.

Ғылыми тұрғыда дәлелденген фактіге қарсы шыға алмаймыз.

Әр бүлдіршін «әлди, әлди» деген сөзбен ұйықтауға, бесік жырын тыңдап жүйке жүйесінің қалыпты жұмыс жасауына, бойларында мейірімділік, қайырымдылық, махаббатқа толы жүрек, сыйластық деген сезімдердің толы болуына лайықты.

Жас бүлдіршін жазылмаған таза, ақ парақ кітап. Кітапқа нені жазсақ соны оқимыз.

Келешек ұрпақ сіздердің қолдарыңызда. Сіздер берген тәрбие келешек ұрпақ заманының көрінісі. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық. Әрбір салт-дәстүрі болашақ ұрпақ тәрбиесіне үлес қосады. Мән-мағынаға толы салт-дәстүрлерімізді күнделікті тіршілікте ысырып қоймай, әрдайым қолданып , ұмытпай жүрейік .

Жас бөбектер дені сау, ішкі жан дүниесі рухани бай, елін сүйер азаматтар болсын.

 

 

Эдуард Айзере Алматқызы,
Қызылорда облысы
М.Маметова атындағы педагогикалық
жоғары колледжінің 3- ші курс студенті

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.