Home » Оқу-әдістемелік материалдар » ҚОЛДАНБАЛЫ БАКАЛАВРИАТТЫҢ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ БОЙЫНША МАМАНДАР ДАЯРЛАУДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ

ҚОЛДАНБАЛЫ БАКАЛАВРИАТТЫҢ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ БОЙЫНША МАМАНДАР ДАЯРЛАУДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қазақстандық кәсіби білім беру жүйесіне қолданбалы бакалавриат бағдарламаларын әзірлеу және енгізу бүгінде өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Себебі, қазіргі заманғы еңбек нарығының негізгі талаптарына сәйкес алдыңғы қатарлы техникалық дағдылар мен біліктіліктерді жетілдіруге және біліктілік бағдарламаларын біріктіруге арналған бағдарлама ретінде қолданбалы бакалавриат жүйесінің маңызы зор.

Ғылыми басылымдарда және оқу әдебиеттерінде әртүрлі елдерде кәсіптік білім беру ұйымдары пайдаланатын «қолданбалы бакалавриат» терминінің мағынасы біркелкі емес. Мәселен, Америка Құрама Штаттарында кіші дәрежелі екі жылдық орта білімнен кейінгі курс болып табылады. Ал, ағылшын тілінде «қолданбалы бакалавр» термині техникалық және кәсіптік мектептер деңгейіне сәйкес келетін төрт семестрді қамтитын кәсіби дайындық бағдарламасын, ұзақтылығын қамтамасыз ететін кәсіби орта білімнен кейінгі курстары.

Демек, қолданбалы бакалавриат бағдарламаларының басты міндеті инновациялық технологияларды және технологиялық процесстерді енгізу мен оңтайландыруға байланысты қызметке оңай және жылдам бейімделетін тәжірибелі-бағдарлы мамандарды даярлау болып табылады.

Қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламалары практикалық-бағдарланған болуы, яғни студенттер білім беру бағдарламаларын меңгеру шеңберінде практикалық икемдерді алуға бағытталатындығы оның өзіндік ерекшелігі болып табылады.

Ресейдің Білім және ғылым министрлігінің талабына сәйкес, қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламасының 50 % еңбек сыйымдылығы академиялық бакалавриат бағдарламалары бойынша оқытуға қарағанда біршама көп практикалық сабақтар мен практикалар болуы тиіс. Осыған сәйкес, қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламасын іске асыру кезінде әлеуметтік серіктестіктердің (әлеуетті жұмыс берушілердің) талап-тілектері ескерілуі тиіс.

«Қолданбалы бакалавр» – бұл «бакалавриат» деңгейіндегі негізгі білім беру бағдарламасын аяқтаған, әлеуметтік-экономикалық қызметтің әртүрлі салаларындағы технологиялық міндеттерді шешу бойынша құзыреттіліктерге ие, білім беру мекемесін аяқтағаннан кейін дереу кәсіптік қызметке кірісуге дайын түлекке берілетін біліктілік.

Қолданбалы бакалавриаттың мәні – инновациялық талаптарға сәйкес колледждердің кейбір мамандықтарын жоғары білімге теңестіре отырып, кәсіптік-техникалық білім беру мәртебесін көтеру.

Қолданбалы бакалавриат мамандықтары бойынша білім беру бағдарламаларын жобалау және әзірлеудің алғашқы кезеңінде білім беру ұйымдарының өкілдері (колледж және ЖОО) құрамында әзірлеушілер тобы құрылады.

Жоғары колледж және ЖОО арасында интеграцияланған білім беру бағдарламаларын әзірлеу туралы шарт жасалады (ҚР-ның «Білім беру туралы» Заңының 17-бабы).

Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы «Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны қолданбалы бакалавриат жүйесінде мамандар даярлау мақсатында «Білім» бейінінің 0101044 «Мектепке дейінгі ұйымдардың қолданбалы бакалавры», 0105104 «Бастауыш білім берудің қолданбалы бакалавры» біліктіліктері бойынша эксперименталды алаң ретінде бекітіліп, «жоғары колледж» статусына ие болды.

Қолданбалы бакалавриат жүйесіне көшудің алғышарты ретінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті келісімімен бірлескен жұмыс тобы құрылып, кіріктірілген үлгілік оқу бағдарламаларын әзірледі. Әзірленген кіріктірілген білім беру бағдарламалары негізінде қолданбалы бакалавриат жүйесінде эксперименттік режимде даярланатын жоғары колледж түлектерінің Университетте білімін жалғастыруына мүмкіндік жасау мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетімен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

2017-2018 оқу жылына мемлекеттік тапсырыс бойынша 50 талапкер оқу орнына қабылданып, оқу жылында «Қолданбалы бакалавриат» жүйесі бойынша білім берілуде.

Кіріктірілген оқу жоспары базалық модуль (БМ) мен кәсіби модульден (КМ), әр модуль міндетті компонент (МК) пен таңдау компонентінен (ТК) тұрады. 010104 4 «Мектепке дейінгі ұйымдардың қолданбалы бакалавры» біліктілігі бойынша міндетті компоненттегі 9 пән, ал «Мектепке дейінгі ұйымдардың қолданбалы бакалавры» біліктілігі бойынша міндетті компоненттегі 5 пән жоғары оқу орнында жалғасады.

Таңдау компонентінде студенттің таңдауына екі немесе үш пән беріледі, студент соның бірін не екеуін таңдайды, қалған пән жоғары оқу орнында оқытылады. Мәселен, «Бастауыш білім берудің қолданбалы бакалавры» біліктілігі бойынша кәсіптік модульдің таңдау компонентінде (ТК) жаңа педагогикалық технологиялар, педагогикалық шеберлік негіздері, педагогикалық мамандыққа кіріспе пәндері таңдауға берілген, студенттер Жаңа педагогикалық технологиялар пәнін таңдап алды.

Кіріктірілген бағдарламаларға, әлеуметтік серіктестіктердің өтініш-тілектері ескеріле отырып, «Ақпараттық сауаттылық негіздері», «Инклюзивті білім беру негіздері», «Көркем еңбек», «Коррекциялық педагогика» пәндері енгізілді.

Бұл бағытта әлі де болса тәжірибе жинақтала отырып, қолданбалы бакалаврларды даярлаудың мәселелері қарастырылып, тиісті нормативтік-құқықтық құжаттары айқындалып, оң нәтижесін берері сөзсіз.

Қорыта келгенде, аз уақыттағы тәжірибе көрсеткендей, Қазақстанның ТжКБ ұйымдарында біріктірілген, практикалық-бағдарланған қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламаларын іске асыру процесінде экономиканың мамандарға деген қажеттілігін, қазақстандық және шетелдік тәжірибенің ең жақсы практикаларының талдауын есепке алу қажет деп есептейміз.

 

Пайдаланылған әдебиет:

  1. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру // нұсқаулық. «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ. Астана, 2017.

    Бейсембина Айнагүл Елемесқызы,
    Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі
    директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары,
    филология ғылымдарының магистрі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.