Home » Жаңалықтар » Қолдайық, ауыл мектебін!

Қолдайық, ауыл мектебін!

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес Білім Беру ұйымының 10-жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Қолдайық, ауыл мектебін!» акциясы Астана қаласындағы Халықаралық мектепте өз жалғасын тапты. Игі бастама негізінде Тайтөбе ауылының орта мектебіне жол бұйырып, материалдық-әдістемелік қолдау көрсетілді.

Кездесу мектептің акт-залындағы қос мектеп оқушыларының қатысуымен өткен керемет концерттен басталды.  Кейін, мектеп директоры Бауыржан Ұзакбай NIS-Program және Халықаралық Бакалавриат бағдарламаларының ерекшеліктері жөнінде баяндап, мектептің және жалпы Дербес Білім Беру ұйымының бүгінгі таңда қол жеткізген жетістіктерімен бөлісті.

Акция аясында «Буккросинг» деген атаумен 250-ден астам кітап табысталып, Искакова Г. және Габдуллина А. сынды кітапханашылар мектеп оқушыларымен «Book bingo», «Әдеби джем» тақырыбында түрлі активитилер өткізді. Халықаралық мектеп әдіскерлері, тренерлері және ұстаздары тарапынан «Сабақты тиімді жоспарлау», «Оқушылардың білім жетістіктерін критериалды бағалау», «Кіріктірілген музыка сабағы», «Ата-аналармен қарым-қатынас орнатудың психологиялық тәсілдері» тақырыптарында шеберлік сыныптары ұйымдастырды. Ауыл мектебінің 2-қабатына Халықаралық мектеп оқушыларының қолынан шыққан туынды- киіз стэнд орнатылды.

Ізгі істі жүзеге асыруға мектеп ұстаздары, оқушылары мен ата-аналар қатысқан болатын. Іс-шара соңында мектеп директоры Досмағамбетов Мұсабек Шуақбаұлы Тайтөбе орта мектебі ұжымының атынан алғыс айтып, алдағы уақытта әріптестік қарым-қатынас орнатуға ниет білдірді.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.