«Нағыз жүрек ісі — рақымдылық, мейірімділік, әр түрлі
істе адам баласының бәрін өзіне тартып, бауырым деп ойлау»
Ұлы Абайдың он төртінші қара сөзі
«Қарты бардың — қазынасы бар» демекші, үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Қарияларымыздың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдарының біз үшін орны бөлек. Себебі, олардың біздің айбынды елдің адамгершілікті ұрпағы болып өмір кешуімізге, атамекеніміздің рухани бекем, рухы асқақ елге айналуына қосқан үлестері мен еңбектері ерен. Бүгін еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан, әрине, жалыққан емессіздер.
Адамдар арасындағы қарым-қатынаста адамгершілік, әдеп, инабат үрдістерінің қаншалықты кең жайылып, терең тамырлануы, ең алдымен, олардың жекелеген отбасында өркен жаюына, яғни баланың ата-анасын жан-жүрек қалауымен, саналы түрде ардақтап, инабат тағылымымен үлкендерге деген қарым-қатынастарында оны мүлтіксіз жүзеге асырылуына байланысты. Қарттарды құрметтемейтін, олардың алдындағы перзенттік парызын үлкен ынтамен орындамайтын, әдептілік, кішіпейілділік, сергек сезімталдық көрсетпейтін, бұл қасиеттер қанына сіңіп, жүрегіне ұяламаған ұрпақтан не опа, не қайыр?! Адамның өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі – баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауында. Өз отбасынан жылу таппаған қаншама қарттарымыз қарттар үйлерінде өмірлерін жалғастыруда.
1 қазан — Қарттар күніне орай елімізде егде жастағыларға, мүгедектерге, жалғыз басты зейнеткерлерге көңіл бөлініп, материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық көмектер көрсетіледі. Біздің «Қайнар» колледжінде де қарттар күніне орай әр түрлі мерекелік іс-шаралар өтуде. Атап айтсам, колледждің техникалық пәндер бөлімі бойынша қазанның 9-14 күндері жастардың бойына рухани-адамгершілік қасиеттерді ұялату, жақсы-жаманды ажырата білуге, адамдық асыл қасиеттерді игеруге ықпал ету, сонымен қатар бір-бірімен қарым-қатынастарын жақсарту, оларды адамгершілікке, имандылыққа, шыншылдыққа, мейірімділікке тәрбиелеу мақсатында «Мейірімді болайық, достар!» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Осы акция негізінде бөлімнің «Ақпараттық жүйелер» және «Радиоэлектроника және байланыс» мамандықтарының 2-3 курс студенттері өз топ жетекшілерімен Ақтау қаласындағы «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, яғни қарттар үйіне барып, өздерінің шағын концерттік бағдарламасы мен азын-аулақ сыйлықтарын алып, арнайы қарттар күнімен құттықтап қайтты.
Жақсы сөз жаныңды жадыратады,
Жаман сөз уайымға салындырады.
Бір ауыз сөз жан жарасын жазып,
Өмірге құштарлығын арттырады, – демекші, ол жердегі көңілдері мұңға толы қарт қариялар да студенттерге шынайы ризашылығын білдіріп, өмірде үлкен табыс тілеп, еліміздің мәртебесі биіктеп, ел ертеңі – келер ұрпақтың, береке-бірлігі таси беруін тіледі. Бір сәтке болса да, жүздерінен қуаныштың нышаны пайда болғанының куәсі болдық. Әсіресе, «Радиоэлектроника және байланыс» мамандығының 2-курс студенті Мизанбаев Қуаныштың жанды дауыспен орындаған «Ана туралы» және «Ақжайнақ» әндеріне дән риза болып, Қуанышқа ыстық ықыластарын білдіріп, өнерің өрге жүзе берсін деген тілектерін айтты.
Қарттар үйі… Атауы қатал болғанымен, мұнда ата-әжелердің аялы алақаны мен ақ батасы бар. Бұл үй мұңды көздерге, сарғайған сағынышқа, ұқсас тағдырларға, өзекті өртер өкінішке толы. Қарттар үйі… Бұл — қатты жүректі жібітетін, ұйықтап жатқан мейірім мен адамгершілікті оятатын орын… Кім де кімнің үйінде қартайып отырған әке-шешесі немесе атасы мен әжесі секілді қымбатты «қонағы» болса, ол үйіне олардан артық құдайдың құрметті өкілі келеді деп ойламасын, егер үйдің иесі оларға дұрыс қарап, қамқорлық жасаса, қартайған ата-анасы оның отбасының құты болып табылады. Қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол – ұрпақ көрегендігі. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әр кезде де бақытты болмақ.
Сөзімнің соңында айтарым: Адамгершілікке арналған 4 сауап:
Шөлге құдық қазған – сауап
Өзенге көпір салған – сауап
Жолға ағаш еккен – сауап
Кемтарға көңіл бөлген – сауап – дегендей, «Ата – анаңды құрметтесең, сен де сондай игілік көрерсің» — деген даналықпен айтылған сөздің мағынасын терең ұғынып, жастарға әрқашанда имандылық пен сыйластық және ізеттілік пен мейрімділік қасиеттері бойларыңнан табыла берсін деп:
Жақсылықпен кәрі-жастың күйін біл,
Сөз, ісіңмен ел-жұртыңды сүйіндір.
Есендікте ізгілік ет, тарылма,
Қазына үлес, жарылқа Һәм жаңылма — деген Ж. Баласағұнидің сөзімен ойымды қорытындылаймын.
Ж.Р. Уразова
Ақтау қаласы «Қайнар» колледжінің
оқытушысы