Home » Жаңалықтар » ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ – БАЛАҒА МІНДЕТ

ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ – БАЛАҒА МІНДЕТ

Бала – ата-ананың ұрпағы, өмірінің жалғасы. Әрбір ата-ана баласын ешкімнен кем қылмай өсіргісі келе­ді. Өзінің қолы жетпеген дүниеге, ең болмаса, баламның қолы жетсін деп “әл­пештеп” бағып-қа­ға­ды. Әрине, бұған ешкім­нің қарсылығы жоқ. Алайда, Сіз үнемі  баптап, қанаттыға  қақтырмай, тұм­сықтыға шоқтырмай өсірген балаңыз, қартайғанда қамқор болып, «Қарты бар елдің – қазынасы бар» деген дана халқымыздың осы бір сөзін түсінсе игі еді. Кейбір адамдар қартайған шақтарында тағдырдың жазуымен мүлдем жалғыз немесе мемлекеттің қамқорлығында қалады. Сан қилы кезеңдерді басынан кешіп,  ел болашағы, ұрпақ қамы үшін жан аямай өмірін еңбекпен өткізген, елдің гүлденуіне негіз қалаған аға ұрпақ бүгінде қарттықты басынан кешіп, кейінгі буынның қолдауын қажет ететіні шындық. Әрине, қоғам, мемлекетіміз тарапынан оларға жасалып жатқан қамқорлықтар аз емес. Бірақ айнала қоршаған орта мен жанында жүрген адамдардың аялы алақаны мен жан жылуын қажет етері сөзсіз. Осыны ескерген Қарағанды қаласының балалар мен жасөспірімдер сарайы, Қарағанды облысының Ардагерлер кеңесі, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ  ардагерлерге арнайы құрмет көрсетуді мақсат тұтты. Бүгінгі жас – ертеңгі қарт екенін ескерсек, жас ұрпақ бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру, үлкенді сыйлау, өз ата-бабасын ұмытпай сақтау үшін салт-дәстүрден нәр алып өсуіне, инабаттылыққа, жақсы мен жаманды ажырата білуге аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу – біздің ортақ мақсатымыз. Осы мақсатта «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ «Мәңгілік ел»   жалпы ұлттық идеяны жүзеге асыру аясында, Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Қарағанды қаласының №1 қарттар мен мүгедектердің медициналық-әлеуметтік мекемесінде қайырымдылық шарасын өткізді. Іс-шараның негізгі арқауы – Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне лайықты құрмет көрсету, алда келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтау болды. Қарттар үйіне мерекелік сый тарту ретінде «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ ұжымы атынан (Epson Stylus Photo P50 түрлі-түсті принтері, фотосурет шығаратын қағаз, фотосурет салатын рамкалар табысталды. Сондай-ақ «Golden Blade» шаштараз сұлулық салонының шеберлері, ардагерлерге өз шеберліктерімен шаштараз қызметін көрсетсе, «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілері өздерінің концерттік бағдарламаларымен өнерлерін ортаға салды.
Ата-ананы, жалпы үлкендерді сыйлау – қазақ халқының ата-салты екенін ескере отырып, осындай қайырымдылық шаралар өткізу арқылы қарттардың бақытты қартаюына қамқорлық танытып, өмірдің қуанышын сыйлау – біздің үлкен парызымыз деп санадық.
Қарияны құрметтеп, кейуананы сыйлауды әрқашан өмірлік қағида тұтқан ұрпаққа қарттардың ақ батасын алғанға не жетсін! Көзі ашық, көкірегі ояу жастарымыз «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» сөзінің астарына мән бере отырып, ата-анасын қартайған шағында қарттар үйіне тоғытпай, аялы алақанында мәпелеп, жан жылуын сыйлай білгені абзал. Өйткені олар өз ұрпағына өмір сыйлады, сол үшін де олар ата-ана алдында мәңгі қарыздар.
Қазақтың «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да парызың өтелмейді» деген  аталы сөзін жадымызда түйіп, «Дүниеге келер бір рет, дария кеуде тау мүсін, қарттарым аман-сау жүрші!» деп тілеулес бола білейік.

Оразбаев Ержан Тишанович
әкімшілік-ұйымдастырушылық
мәселелері бойынша басқарма басшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.