Home » Жаңалықтар » Елбасы кітапханасында Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» кітабының қазақ тілді нұсқасы таныстырылды

Елбасы кітапханасында Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» кітабының қазақ тілді нұсқасы таныстырылды

                                                              Астана қ.                                                                  5 маусым 2017 ж.

          Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің қазақ тіліне тәржімаланған «Ел басқару жөнінде» кітабының тұсаукесері өтті. Шараны Елбасы кітапханасының Талдау орталығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты және Қытайды зерттеу орталығы ұйымдастырды. Басылымды қазақ тіліне Қытайдағы «Ұлттар» баспа үйі аударған.
Тұсаукесер рәсімін Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесі басшысының орынбасары Бақытжан Темірболат ашты. Ол өзі сөзінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің қазақ тілінде жарық көрген «Ел басқару жөніндегі» кітабының тұсаукесері қос мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай өткізілгеніне ерекше тоқталды: «Осы жылдары екіжақты қарым-қатынастар өзара сенімді және конструктивті жағдайда дамып келеді. Қытай – Қазақстанның стратегиялық одақтасы, басты сауда-экономикалық серіктесі. Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынастары жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Ғасырлар бойы шығыс пен батысты жалғастырып келген Ұлы жібек жолының бүгінде екінші тынысы ашылды деуге болады. Қытай табысты жүзеге асырылған реформалардың арқасында бүгінде әлемнің басты державаларының біріне айналып отырғанын білеміз. Сондықтан Қытайдың тәжірибесі Қазақстан үшін маңызды және қызықты. Сол себепті ҚХР төрағасының қазақ тілінде жарық көрген «Ел басқару жөнінде» деген кітабы тату көршіміз әрі серіктесіміз Қытай туралы тереңірек әрі көбірек білуімізге мүмкіндік береді. Себебі кітапқа автордың ең маңызды концептуалдық еңбектері енген».
Кітаптың таныстырылымында сөз алған Қазақстандағы ҚХР Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Ханьхой  қазақ тілінде жарық көрген басылым  екі елдің арасындағы мәдени байланыстарды нығайта түсетінін ерекше атап өтті:  «Бұл екі жақтың өзара мемлекетті дамыту тәжірибесін алмасуда, мемлекеттік стратегияларды ұштастыруға жаңа серпін болады. Кітаптың тұсаукесері екі ел қарым-қатынасының жоғары деңгейін аңғартады. Екі көршілес ел арасындағы достастық өзара ұтымды ынтымақтастықтың үлгісіне айналды. Екі жақ бірлесе жүзеге асырып жатқан өндірістік саладағы жобалардың ортақ құны 27 млрд. АҚШ долларын құрап отыр.  Қытай төрағасы Син Цзиньпин, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сияқты тұлғалар өз халқының қамын ойлайтын данышпан саясаткерлер. Олар Қытай және Қазақстан халықтарының бақыты деп айтуға болады. 2013 жылы Махмұд Қасымбековтың «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы. Қазақстан Республикасының Президенті туралы очерктер» қытай тілінде жарыққа шыққан кітабы Қытай халқына өзінің досы Нұрсұлтан Назарбаевты терең біліп-тануға және Қазақстан халқының даналығымен танысуға мүмкіндік берді. Айтып кететін жайт, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көптеген кітаптары қытай тілінде жарық көрген. Ең алғашқылардың бірі 20 жыл бұрын басылып шықты».
Кітаптың таныстырылымы биылғы 8 маусымда ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға ресми сапармен келуіне орай ұйымдастырылып отыр.
«Ел басқару жөнінде» – ҚКП ОК бас хатшысы Си Цзиньпиннің 2012 жылдың 15 қарашасынан 2014 жылдың 13 маусымына дейін көпшілік алдында сөйлеген 79 сөзі, сұхбаты, баяндамасы, оқыған дәрісі, құттықтау хаттары енген ҚХР төрағасының алғашқы кітабы. Барлық материалдар 18 тарауға бөлінген және хронологиялық тәртіпте ұсынылған. Әлемдік дамудың көшбасшысына айналған Қытайдағы мемлекеттік реформаларға арналған басылымға жер-жаһан жұртшылығы тарапынан қызығушылық артты. Бүгінде кітап әлемнің 25 тіліне (ағылшын, араб, испан, неміс, жапон, кәріс, т.б.) аударылып отыр.
Кітаптың қазақ тілді нұсқасы екі жылдың көлемінде Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан Республикасы елшілігінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қолдауымен дайындалды. Басылым 2 мың дана көлемінде жарық көрді.
Таныстырылымға келген меймандарға басылымның алғашқы данасы сыйға тартылды.

«Қазақстан Республикасының
Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы»
ММ Жұртшылықпен байланыс қызметі
Қазақстан Республикасы Астана қаласы,
Ә.Бөкейхан көшесі 10

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.