Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Қандай технологияларды таңдадым және қалай тәжірибеге енгіздім?

Қандай технологияларды таңдадым және қалай тәжірибеге енгіздім?

  Мектеп алды дайындық тобында ойын технологиясын жиі қолданамын. Өйткені осы жастағы балалар қоршаған орта туралы түсінікті ойын арқылы қабылдайды. Сондықтан да ойынның сан алуан түрлерін қолдану тиімді. Ойынның өзі дидактикалық, сюжетті-рөлдік, қимылды және театр ойындары деп бөлінеді. Осы ойындардың ішінен театр ойынын алсақ, театр ойынының бір түрі «Саусақ ойыны» тиімді. Саусақ ойын өлеңдерінің эстетикалық әсері зор. Мәселен, қазақтың «Қуырмаш» өлеңін алып қарайық. «Қуырмаш» ойыны әрі баланың көңілін көтеру үшін, әрі еңбекке тәрбиелеп, дүниетанымын арттыру үшін жүргізіледі.

Қуыр-қуыр қуырмаш,

Бидай қуыр, қуырмаш.

Тауықтарға тары шаш:

Бас бармақ,

Балан үйрек,

Ортан терек,

Шылдыр шүмек,

Кішкене бөбек, — деп қуырмаш айтады да,  баланың саусақтарын санамалап, жұдырыққа түйіп, одан соң әрбір саусаққа «қызмет» беріп, іске жұмсап, жұдырығын жазады. Осы өлеңнен кейін «Төлін ата» деген дидактикалық ойын ойнауға болады.

Өз тобымда «Қуыршақты ұйықтатамыз» сюжетті-рөлдік ойынын ұйымдастыруға болады. Тәрбиеші ойын шартын ретімен орындай отырып, «Бесік жырын» айтып сәбилерді ойнатады.

Әлди-әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем.

Жылама, бөпем, жылама,

Көзіңнің жасын бұлама. (Халық ауыз әдебиетінен)

Тәрбиеші қуыршақты ұйықтатуға байланысты «Бесік жыры» өлеңінің бір-екі шумағын баяу әуезді үнмен орындайды. Ойынды қайталап ойнату кезінде барлық балалар тәрбиешіге қосылып айтады. Ойынға ұсынылған тақпақтарды арнайы жаттатпай-ақ бірнеше рет қайталау барысында, өздері-ақ үйреніп алады. Ойынды былайша ойнатуға болады.

«Қуыршақты ұйықтатамыз». 

Ойын шарты: Тәрбиеші балаларды дөңгелете отырғызып, ақырын дауыспен сөйлейді. “Қазір қуыршақ ұйықтайды, бәріміз сыбырлап қана сөйлесейік. Сендер қарап отырыңдар. Мен қуыршақты шешіндіремін. Әуелі аяқ киімін, шұлығын, сосын көйлегін шешіп орындықтың арқасына әдемілеп қоямыз. Қуыршақты төсекке жатқызып, баяу дауыспен бәріміз «Әй-әй, бөпем» өлеңін айтамыз”.

Сабақ мазмұнын бала санасына жеткізуде дидактикалық ойындардың маңызы зор. Ауыз әдебиеті үлгілерін насихаттауда келесі ойындарды қолдандым. Мәселен, Түлкі туралы халық ертегілері бойынша («Түлкі мен арыстан», «Түлкі мен құмыра», т.б.):

«Жабайы жануарларды ата?»

Мақсаты: Балалардың жабайы жануарлар туралы білімдерін бекіту. Тез ойлау қабілетін, зейінін тәрбиелеу, белсенділігін арттыру.

Ойынның шарты: Ойыншылар екі топқа бөлініп, әр түрлі табиғат көрінісі салынған бір-бір үлкен картадан алады. Мұғалімнің белгісі бойынша балалар жануарлар бейнеленген үлестірмелі карточкаларды үлкен картадағы салынған сурет мазмұнына қарай бос тор көздерге орналастырады. Кім бос тор көздерді толтырып, жануарларды дұрыс атаса, сол жеңіске жетеді. Ойыншылар үлкен карталармен алмасып, ойынды одан әрі жалғастырады.

«Бұл қандай құс?»

Мақсаты: Белгілі бір ерекшеліктеріне қарай құстарды суреттеуге үйрету және оларды ажырата білу.

Ойынның шарты: Педагог қарлығаш пен тоқылдақтың суреттерін балаларға көрсетіп, әрқайсысының ерекшелігін суреттеп беруді ұсынады. Балалар бұл құстардың ерекшеліктерін суреттеп, аттарын атайды.

Мұғалім: Бұл құстарды тағы қалай атауға болады? Олардың қандай пайдасы бар? (тоқылдақ – орман дәрігері, қарлығаш – адамның досы)

«Не артық».

Мақсаты: Балаларды байқағыштыққа, атау септігінің сұрағына дұрыс жауап беруге дағдыландыру,  сөздік қорын байыту, шапшаңдыққа тәрбиелеу.

Ойын шарты:  Педагог тақтаға бірнеше суретті іледі де, ішінде не артық екенін сұрайды. Балалар не артық екенін және неге артық екенін дәлелдеп айтады. Мысалы: түлкі, қоян, түйе, қасқыр. Қоян, жолбарыс, аю, гүл және т.б. Ойын технологиясымен қатар сын тұрғысынан ойлау технологиясын назарға алып келемін. Сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолдану үшін арнайы курстан өтіп, теориялық-тәжірибелік білім жинақтадым. Байқау тәжірибе жүргіздім. Ендеше, сын тұрғысынан ойлау технологиясына және Шаталовтың тірек сызба технологиясына негізделген сабақ үлгілеріне тоқталайын.

Сонымен, мектепалды дайындық тобындағы жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы бала тілін дамыту жолдары ғылыми-теориялық және педагогикалық тұрғыдан айқындалып, негізделді. Берілген ұсыныстар іс-тәжірибеден өткізіліп қолдау тапты.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Құрманова Н.Ж. Сөз тіркесін оқыту барысында оқушылардың теориялық ойлауын дамыту әдістемесінің негіздері. Монография. – Ақтөбе, 2005. – 300 б.
  2. Болашақ мұғалімдердің технологиялық мәдениеті және оны қалыптастыру мәселелері // Қазақстан жоғары мектебі. – 2010. − №4. – 46-50 б.

Конакбаева Мадина Куанышкалиевна,

№10 «Алма» сөздері бұзылған балалар үшін

арнаулы (коррекциялық)

мектепке дейінгі ұйымының

жоғары деңгейдегі IІ санатты қазақ тілі мұғалімі,

Ақтөбе қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.