Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Біздің ең басты құндылығымыз – Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқымыздың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «Жастар – біздің болашағымыздың негізі» деген болатын. Кентау көпсалалы колледжінде «Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы – жастар» деп, колледждің әлеуметтік педагогы Майра Жаманкулова, педагог-психологы А.Абдимауленова және оқытушы А.Тоеваның ұйымдастыруымен колледжде оқитын әлеуметтік жағдайы төмен және тұл жетім балаларға материалдық көмек көрсету мақсатында «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық акциясы болып өтті. Бұл іс-шараны әлеуметтік педогог М.Е.Жаманкулова жүргізді.
Алғашқы сөз кезегін алған колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары С.Ш.Дүйсенбиев әлеуметтік жағдайы төмен және тұл жетім балаларға әрдайым қамқорлық, көмек көрсету керектігін айтты. Қайырымдылық акциясына келген жаны жайсаң, жүрек жылумен нұр шашқан, жомарт жүректі қонақтарға колледж ұжымының атынан алғысын білдірді.
Газ және электрмен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Э.Ш.Байкенжеева «Жақсылық жасау – қайырымды адамның ғана колынан келеді. Өйткені ол мейірімділіктен, қайырымдылықтан, қамқорлықтан, махаббаттан, ізгілік пен игіліктен тұрады. Осының барлығы бойынан табылатын адам нағыз адам болып табылады. Қиналғанда көрген жақсылық өмір бойы есіңде қалады. Қолыңнан келгеніңше адамға, табиғатқа, қоғамға, Отаныңа жақсылық жасауың қажет. Жақсылық шын жүректен, риясыз көңілден жасалады»,- деді.
Кентау көпсалалы колледжіне іссапармен келген «Білім айнасы» газетінің бас редакторы Катшабаев Қуантай Амантайұлы қайырымдылық акциясына қатысып, өткізіліп жатқан іс-шараның маңыздылығын айта келе, «Адамзат біткен бір-біріне барлық уақытта жақсылық жасайтын болса, қоғамның болашағы жарқын, адамдары бақытты болады»,-деп, акцияға өз үлесін қосты.
«Жомарттық – жүрек қуанышыңның шыңы, Ал, қайырымдылық – адам көркі», – деп, халық даналығы айтқандай, өздерінің қамқорлығын көрсете келген қонақтар бірінен соң, бірі сөз сөйлеп, еліміздің болашағы жастарға қолдарынан келген көмектерін аянбайтындарын жеткізіп жатты. Атап өтер болсақ, С.Дүйсенбиев, М.Басаров, Э.Байкенжеева, А.Леспек, А.Тоева, А.Аймурзаева, А.Абдимауленова, Б.Қалматаев, Қ.Абдирахманова, Б.Жалымбетов, Ғ.Арысбаева, Г.Жамалова, Ж.Тұрысбекова, А.Ермаханова, Д.Тамабаева сынды колледж қызметкерлерінің акцияға қосқан үлестері аз емес.
Қайырымдылық акциясының соңы студенттердің дайындаған арнайы сахналық көріністері мен ән, биге ұласты.
«Жетім көрсең, жебей жүр» — деп, дана халқымыз бүгінгі ұрпаққа өсиет етіп айтып кеткен. «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясына келіп, әлеуметтік жағдайы төмен және тұл жетім балаларға көрсеткен қамқорлықтарыңызға, кең пейілдеріңізге көп рахмет, дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын! – деген тілегімен әлеуметтік педагог Майра Егізбайқызы сөзін қорытындылады.
Жаманкулова Майра Егізбайқызы
Кентау көпсалалы колледжінің
әлеуметтік педагогы