Home » Жаңалықтар » Астана Жастар театрының әртістері Зияткерлік мектепте қонақта

Астана Жастар театрының әртістері Зияткерлік мектепте қонақта

Шымкент қаласы ФМБ НЗМ-нде Астана Жастар театрының әртістерімен әсерге толы кездесу өтті. Шара «Ақылды бейсенбі» жобасы аясында ұйымдастырылды. Мақсат – әртістердің өмірін жете тану арқылы, еліміздегі кино саласы туралы мағлұмат білу, оқушыларға болашақта мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру. Кино әлеміне енді аяқ басып, тарихи туындыларда ұлы тұлғаларды сомдап, халықтың ықыласына бөленіп жүрген қонақтарға оқушыларың ықыласы ерекше болды. Басқосуда қазақ киносының қорын жаңадан толықтырған 10 сериалдан тұратын «Алмас қылыш» фильмінде Қасым ханның рөлін сомдаған Мейірғат Амангельдин түсірілім барысы, сахна сыртындағы қызықты жайттармен бөліссе, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтың рөлім сомдап, танылған Данияр Оразбаев армандай білу, мамандық таңдау, өз ісін сүю туралы көптеген танымды ойларын жеткізді. Ал отандық сериал «Айман-Шолпанға» түсіп, қабілеті мен ерекше дарынын байқатқан Елдос Шайкенов еліміздегі киноиндустрия саласы, шеберік шыңдау туралы пікірін білдірді. Оқушыларды қызықтырған сауалдар да сан түрлі болды. Ал әртістер жеке өмірі, болашақтағы жоспары, өнер саласына келуі мен ұстанымдары туралы сұрақтарға ашық-жарқын жауап берді. Кино мен театрды егіз ұғым санайтын қонақтарымыз жетістікке жетудегі сырларымен бөлісіп, тіпті оқушылар үшін өмірлік азық болар, әрбір жас оқуға тиісті кітаптарын да тізіп берді. Шара соңында қолқа салған оқушылардың тілегін жерге тастамай, балалар әдебиетінің атасы Бердібек Соқпақпаевтың «Менің атым – Қожа» туындысындағы Қожа мен Сұлтанның рөлім сомдап, өзге де шығармаларды орындап берді. Тағлымы мол кездесуді қонақтар «Бозторғай» әнімен жалғастырды. Ал мектеп директоры Қаракөз Ізбасарқызы мәні де мағыналы әңгімелерімен бөліскен жас әртістерге алғысын білдіріп, оқушылар қолымен жасалған қолөнер заттарды сыйға тартты.

Абдешова Махаббат

Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы

НЗМ-нің баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.