Home » Мақалалар » Қайырымдылық жасау — әрбір жастың міндеті!

Қайырымдылық жасау — әрбір жастың міндеті!

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек» деген болатын.

Осы негізде Арыс қаласына қарасты М.Маметова атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебіндегі ұстаздар қауымы жас ұрпақ үшін тәрбие мен білім беруде елеулі істер атқаруда. Мектеп қабырғасы 1969-жылдан қаланғалы бері қаншама шәкірт мектеп қабырғасынан қанаттанып, қазіргі кезде көптеген мамандықтар бойынша елімізге еңбек етуде…

2011 жылы Елбасымыздың Н.Ә. Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша үш қабатты, заманауи талаптарға сай мектеп ғимараты берілді. Қазіргі таңда мектепте 240 оқушы білім алуда.

Қазақстандағы білім беру ісін реформалаудың стратегиялық міндеттерінің бірі –шығармашылық тұрғыдан ойлай білетін дара тұлғаға терең білім беру. Сапалы білім тәрбие беруде орын алған кемшіліктерді жойып, дүние жүзілік өркениеттілікке жету ХХІ ғасырдың үлесіне тиіп отыр.

Біздің өмір сүріп отырған кезеңіміз дамыған кереметтер мен ғажайыптарға толы кезең. Қоғамда болып жатқан қандай да бір өзгерістер мен жетістіктер, әрине мектеп қабырғасынан жас ұрпақ қолынан бастау алары сөзсіз.

«Бұлақ көрсең – көзін аш» демекші оқушының дарындылығы мен шығармашылық қаблетін дамытуда мұғалімнің рөлі ерекше. Мұғалім оқушыға бағыт-бағдар беру арқылы ізденімпаздығын арттырып, өз бетінше жұмыс жүргізуге дағдыландырады. Шығармашыл оқушының білім шыңына жетуі – мұғалімнің талмай еңбек етуінің жемісі болмақ.

Мектебімізде оқу мен тәрбие жұмыстары қатар өрбіп келеді. Үлкен ұжымдағы өнегелі істердің өріс табуына әрине мектеп басшылығының оқу-тәрбие процесін жүйелі бақылап отыруы оң нәтижеге әкеліп отыр. Мектеп директоры А.Алтынбек, оқу ісінің меңгерушісі Шұлғаубаев Ерлан, тәрбие ісі меңгерушісі Алшоразов Бақдаулеттердің ұйымдастырушылық істері мен табанды талаптарының, мектеп өміріндегі тәжірибелі істерінің ізденіс іздері деуге болады.

Бұл сөзіме дәлел ретінде өткен оқу жылында сабақтан тыс қоғамдық сайыстар мен түрлі әдеби оқуларға, олимпиядалық жарыстар мен көрмелерге қатысып, жүлделі орындарға ие болған ұстаздар мен шәкірттердің шыққан биіктерін сөз етуге тұрарлық.

Мектебімізде шәкірт жүрегіне жол тауып, еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген ұстаздар қатары молшылық. Өзін-өзі тану пән жобасының авторы Сара Алпысқызы атап өткендей «Әр баланың қабілетін ашу – өзіне жол табуы, өзінің күш жігеріне сенуі өзінің өмірдегі орнын анықтау үшін өте маңызды, әлемде махаббат пен мейірімділік аурасын жасай отырып, қайырымдылық пен махаббат жүректен жүрекке жетуі тиіс», яғни жастардың бойында махаббат, адамгершілік, мейірімділік сияқты жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастырады, оларды рухани адамгершіліктің нәрімен сусындатады.

Оқушыларға адамдық асыл қасиеттерді қастерлеп, өмір заңдылықтарын білуге үйретіп, адамгершілік қасиеттерге бағыттай отырып, оқушының рухын, жан дүниесін біліммен нұрландырып тәрбиелеуде. Өзін-өзі тану пәні мұғалімі Усманова Дина апайдың ұйымдастыруымен мектебімізе мектепішілік сыныптан тыс «Қазақстан – мейірімділік мекені» атты қайырымдылық акциясы өтті.

Оқушылар алған білімінің құндылықтарына сүйене отырып, өз ортасын жақсы жағынан өзгертуге әрекет жасап, рухани жетілудің шыңына көтерілген адам ретінде жай ғана түсініп қоймай, іс-шара барысында өз шамалары жеткенше ізгілі орнатуға күш салды.

Қоғамның мақсаты – әр адамды рухани байлық деңгейіне жеткізу болса, ерікті оқушылардың сұранысы бойынша 5-11 сынып оқушылары өз өтініштері бойынша апайлары және мектеп басшылығымен ақылдаса отырып, жәрмеңке ұйымдастырылды. Қайырымдылық акциясының жоспары түзіліп, салтанатты ашылуы түсіндірілді. Қонцерттік бағдарламаға әлеуметі төмен, аз қамтылған отбасылар арнайы шақырылып тамашалады.

«Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп текке айтпаған. Баланың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру үшін мұғалімдер тарапынан мейірімділік пен ұйымдастырушылық, оқушыларға деген шынайы сүйіспеншілік керек. Оқушылардың және өзін-өзі тану пәні мұғалімі Усманова Динаның ұйымдастыруымен болған қайырымдылық акциясында оқушылар жалғыз басты ананың үйіне барып, көмек көрсетіп, сыйлықтарын ұсынып, қол қабыстарын тигізді. Күденова Данагүл ана өз ризашылығын білдіріп, алғысын айтты және жалғыз басты ана Арқабаева Тынымай анаға оқушылардың жәрмеңкесінен түскен ақшаға 2017 жылғы болатын ЭКСПО көрмесіне билет және жол қаржысы ұсынылды.

Тәрбиенің басты мақсаты – әр адамның ішкі құндылығы, тұлғалық қасиетін ашып бағалауға үйрету болатын болса, біздің мектебімізде тәрбиеленіп жатқан оқушылардың ертеңінен үміт күттірер жарқын болашақ иесі болары сөзсіз.

Болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш білім мен тәрбиеде дейтін болсақ, біздің алдымызда келешек ұрпақты тәрбиелеуде үлкен де жауапты міндеттеріміз тұрғаны баршамызға белгілі.

«Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» — деп Ахмет Байтұрсынов ағамыз тегін айтпаса керек. Бұл әрбір ұстазға айтылған өсиет тәріздес, сондықтан да, ізденімпаз шығармашыл ұстаз білім мен тәрбиені бала бойына сіңіре білуі тиіс. Жүрегінде иманы бар, бәсекеге қабілетті ел тұтқасын ұстайтын шәкірттер тәрбиелеуде әлі де біршама жұмыстар атқарамыз.

Калдыбаева Нургуль Аширбаевна

«М. Маметова атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің

бастауыш сынып мұғалімі

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Арыс қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.