Сабақ – педагогикалық туынды, мұғалімнің жұмысының көзге көрінетін негізгі бір бөлігі. Сабақ сыныпқа кіргенге дейін оған алғашқы дайындықтан басталады жəне сабақ жоспарын дайындау – табысты сабақты құрылымдаудағы жауапты кезең. Белсенді сабақ – табысты сабақтың алғышарттарының бірі. Белсенді сабақты жоспарлау неден басталады?
— Сабақтың мақсат, міндеттерін анықтау (тақырыпқа байланысты сабақтың оқу мақсаттарын, тілдік мақсаттарын анықтау);
— Бағалау критерийлерін анықтау (белгіленген мақсаттарға жету деңгейін бағамдауға қолданатын бағалау критерийлерін анықтау);
— Оқу материалының мазмұнын саралау;
— Оқыту əдістері мен тəсілдерін таңдау;
— Оқушылардың сабақта жұмыс істеу түрін, оқыту үлгілерін анықтау;
— Бағалауға арналған тапсырмаларды дайындау;
— Үйге берілетін тапсырмаларды таңдау;
— Бақылау, бағалау түрлерін белгілеу;
— Сабақты қорытындылауға қажетті сұрақтарды дайындау, т.б.
Мұғалім əрбір кезеңде қолданатын оқыту үлгілеріне (жеке, жұптық, топтық, бүкіл сыныптық), оқытудың əдіс-тəсілдеріне мəн беруі керек, себебі белсенді сабақта мұғалім мен оқушының атқаратын қызметі мен іс-əрекеттерінде үлкен өзгеріс бар; сабақты жоспарлағанда мұғалім педагогикалық іс-əрекетінің мазмұнын анық көрсетеді, яғни өзінің жəне оқушыларының орындайтын əрекеттерін ашып көрсетеді. Белсенді сабақта оқушылардың əрекеті танымдық, коммуникативтік жəне өзін-өзі басқару тұрғысында көрініс табады.
Сабақтың əдістемелік жобасын құру барысында мұғалім белсенді оқу əдістерін ұтымды қолдану арқылы оқу мақсаттарының орындалуына барынша қол жеткізуді ұстанады. Мұнда оқу-танымдық үдерістің табыстылығына əсер ететін ынталандыру, жағымды психологиялық орта орнату, оқушылардың жеке жəне жас ерекшеліктерін ескеру сияқты маңызды мəселелерді басты назарға алу керек. Белсенді оқытудың мəні – оқу үдерісі іс жүзінде барлық оқушы таным үрдісіне тартылатындай болып ұйымдастырылуында.
Қазіргі кезде белсенді сабақ ұйымдастыруда Дэвид А. Колб (David Kolb) ұсынған келесі схема кеңінен қолданыс табуда:
- Уəж туындату, оқушыларды сабаққа ынталандыру жəне жаңа тақырыпты жариялау – сабақ уақытының 10 % үлесі
- Өткен тақырыпты бекіту (қайталау) – сабақ уақытының 20 % үлесі
- Жаңа материалды игеру — сабақ уақытының 50 % үлесі
- Бағалау – сабақтың 10 % үлесі
- Сабақты қорытындылау (дебрифинг, рефлексия) — сабақтың 10 % үлесі.
Үлгі ретінде бесінші сынып әдебиет сабағынан қысқа мерзімді жоспарды ұсынып отырмын.
Касаинова Айсұлу Амангельдиновна
КМҚК «Облыстық балалар шипажайы»
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі