Home » Баяндамалар » Қазақ тілін оқытуда жазылым дағдыларын дамытудың тиімді әдістері

Қазақ тілін оқытуда жазылым дағдыларын дамытудың тиімді әдістері

Бүгінгі таңда мектеп мұғалімінің алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі оқушылардың тілдік дағдыларын дамыту мәселесі. Қазақ тілінде оқытатын мектептердің оқу бағдарламасында тыңдалым/айтылым, оқылым, жазылым және әдеби тіл нормалары бойынша берілген оқу мақсаттарына жетуде мұғалім осы мәселеге назар аударады. Енді осының ішінде жазылым дағдысына келетін болсақ, қазақ тілі пәнінің оқу бағдарламасында оқушы 5 сыныпта – 150 — 200 сөз, 6 сыныпта – 200 — 250 сөз, 7 сыныпта 250 — 300 сөз, 8 сыныпта – 300 — 350 сөз, 9 сыыпта – 350 — 400 сөз жазу керек делінген. Осы сыныптар аралығында оқушының Ж1. Жоспар құру, Ж2. Әртүрлі жанрда мәтіндер құрастыру, Ж3.Жазба жұмыстарын әртүрлі формада ұсыну, Ж4. Эссе жазу, Ж5. Оқылым және тыңдалым материалдары негізінде жинақы мәтін жазу, Ж6. Мәтіндерді түзету және редакциялау сияқты коммуникативтік дағдылары қалыптасуы шарт. Демек бала жоспар құрудан бастап, әртүрлі формада жазылған мәтінін өзі тексеріп, түзете алатын деңгейге жетуі тиіс. Сонымен қатар:

  • өз көзқарасын білдіре отырып мәтін жазу;
  • тиісті стильді пайдалана отырып, алуан түрлі тақырып бойынша мәтін жазу;
  • жоспар құру;
  • өзіндік стильде мәтін құру;
  • тыңдалым, оқылым және аудиовизуалды материал мазмұнының үдесінен шығу үшін шығармашылық түрде жауап жазу;
  • түрлі жанрда мәтін құру;
  • мәтіндерді салыстыру;
  • мәтіндерді түзету және түрлендіру;
  • оқырманның қызығушылығын оятып, оны сендіру үшін жазу;
  • эссе жазу; т. б. машықтары қалыптасады.

Осы жұмыстарды ұйымдастыруда мұғалімге үлкен шеберлік қажет. Оқушы үйлесімді мәтін құру үшін көптеген күрделі дағдыларды меңгеруі тиіс. Олар шеберліктерін, сөздік қорының молдығын көрсетеміз деп, негізгі мәселеден, немесе тыныс белгілеріне назар аудармай қалуы мүмкін. Сол себепті Жазылым кезінде оқушыларға үнемі қолдау көрсетіліп отырғаны дұрыс.

  • өз бетінше жазудың алдында – идеяны тұжырымдауға қолдау көрсетеді, жоспарлаудың әртүрлі әдістерін үлгілеп көрсетеді және бастапқы нұсқаны жазу үдерісін ұйымдастырады;
  • жазу барысында – оқушылардың нақты іріктелген лексикалық бірліктерді қолданғанын (тіркестерді таңдау), грамматикасы ережеге сай екенін (мысалы, етістіктің шақтарын дұрыс қолдануы), сөздердің үйлесімдігін (байланыстырушы сөздердің қолданылуы) қадағалайды;
  • жазып болғаннан кейін – жұмыстың алдын ала белгіленген критерийлерге сәйкестігін тексереді, түзетеді, жетілдіреді, мәтін аудиторияға сай келе ме, жоқ па, мақсатына сәйкес пе, жоқ па екенін анықтайды. Оқушыға жазғанын қайта қарап шығуға мүмкіндік беруі керек.

Жазылым барысында оқу үдемелілігін қолдану оң нәтиже береді деп есептеймін. Бұл кезде оқушы өзіне қажетті ақпаратты толық жинаған соң жазуға отырады. Жазылым үдерісі басталғанға дейін идеяны жанжақты зерттеу қажет. Сондай-ақ оқу үдемелілігінде мұғалімдер жазылымды дамыту үшін айтылым мен тыңдалымды тиімді қолданудың жолдарын қарастырғаны жөн. Мұғалімнің жетекшілігімен жүретін жазылым барысында оқушыларға жаңа сөздерді назардан тыс қалдырмай тіркестерді таңдауға, құрмалас сөйлемдерді қолдануға, сөздер мен сөйлемдерді дұрыс байланыстыруға қолдау көрсетіліп, өз бетінше жазылымға алып келеді. Содан кейін оқушыға тапсырма беріледі. Сыныптағы оқушылардың деңгейін ескеріп, тапсырманы саралап берген дұрыс. Осы орайда «тоғыз шаршы» әдісі өте тиімді болмақ. Айталық, 5 сынып бағдарламасындадағы Ж3. Сюжетті суреттердің (фотосуреттер) желісі бойынша әңгіме құрастыру. Оқушыны осы оқу мақсатына жеткізу үшін төмендегідей тапсырма беруге болады. Мұнда көбірек қолдауды қажет ететін балаға суреттен бөлек, тірек сөздер берсек артық болмайды.

123
Тірек сөздер арқылы суретте не бейнеленгенін жаз.Тірек сөздерді сурет мазмұнымен байланыстыра отырып мәтін жаз.Суреттегі негізгі көріністер мен қосымша көріністерді пайдалана отырып мәтін құрастыр.
456
Суреттегі көріністерді шынайы тарихи оқиғалармен байланыстырып жаз.Суретте бейнеленген көріністерге болжамдар жасап, жинақтап әңгіме құрастыр.Суреттегі көріністердің тарихилығына нақты дәлелдермен болжам жасап, баға бер.

 

789
Суретке ұқсас қосымша мәлімет тауып, оның өзіңе қалай әсер еткенін әңгімеле.Тақырыпқа байланысты бейнелеу өнері туындыларын, әдеби шығармалар, фотосуреттер тауып, таныстырылым жаса.Суретте бейнеленген көріністерді пайдалана отырып көркем әңгіме құрастыр

Дәл осы мақсатқа «Пазл» әдісі немесе «Хикая картасы» бойынша тапсырма беруге болады. Оқушы сюжетті суреттерді әңгіме желісі бойынша орналастырып, талдау жасайды. Содан кейін өз ойын жинақтай отырып әңгіме құрастырады.

Жалпы жазылымда баланы жазуға жетектеп алып келу керек. Осы сыныпта Ж4. Эссенің кіріспе, негізгі, қорытынды бөлімдерін сақтай отырып, өзіне таныс адамды, белгілі бір мекен мен оқиғаны сипаттап не суреттеп жазу деген мақсат бар. Сабақтың тақырыбы «Қазына аралына саяхат». Ең алдымен оқушыларға «Қазына аралы» туралы мәтін таратып, «теріп алу» әдісімен тірек сөздерді тергізіп алсақ… Бұл бірінші тапсырма. Екінші тапсырмада осы тірек сөздерге «4 сөйлем» немесе «ПОПС» әдісімен сөйлемдер құрайды.

  1. Бірінші сөйлем «Менің ойымша, … »
  2. Екінші сөйлем «Себебі, мен оны былай түсіндіремін … »
  3. Үшінші сөйлем «Оны мен мына мысалдармен дәлелдей аламын … »
  4. Соңғы сөйлем «Осыған байланысты мынадай қорытындыға келдім …»

Үшінші тапсырмада эссенің құрылымы түсіндірілсе, оқушы эссе жазуға толық дайын деген сөз. Төртінші тапсырмада РАФТ немесе басқа бір әдіспен эссе жаздыруа болады.

Қорыта айтқанда оқушының жазылым дағдысын дамытуға арналған әдіс-тәсілдер жетерлік. Біз соның бірнешеуіне ғана тоқталдық.

Мухтаров Аманғали Хамидоллаулы,
Филология ғылымдарының кандидаты
«Өрлеу» БАҰО»АҚ филиалы,
Алматы обылысы бойынша педагог қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты.
«Мұғалімнің кәсіби дамуын педагогикалық-психологиялық тұрғыдан қолдау»
кафедрасының меңгерушісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.