Home » Мақалалар » Қазақ тілім – шамшырағым!

Қазақ тілім – шамшырағым!

Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім!

Мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске –

Айта бергім келеді, айта бергім!

Арайлап атқан таңы бар, алу бермес асқар таулары бар, сайын дала, жазираны мекендеген мейірбан халқы бар ел – Қазақстан!

Қазақстан – бүкіл қазақ халқының атамекені, кіндік қаны тамған киелі жері. Елдік туымыз тігілген үлкен үйіміз, алтын шаңырағымыз  да осы.

«Жүгі – арда, қазаны – теңде» болып, көшпелі ғұмыр кешіп,өмірін өткізген қазақ халқы ежелден – ақ үш нәрсені бойтұмардай қасиет тұтып, қадірлеп өтіпті.Олар: ел мен жер, ана тілі екен. Бұл үшеуінсіз қандай халық болсын, тарихтың тереңінен нәр алған жеке дара ұлт екенін дәлелдей алмайды.Ата – бабаларымыз елін, жерін, тілін, дінін келешек ұрпаққа аманаттап кеткен.Олай болса, аманатқа  — қиянат жоқ.

Тіл қай елде,қай ұлтта болмасын, қадірлі де құдыретті.Тіл тарихының ұғымы тұңғиық тереңнен табылатыны белгілі.Қазақ тілі – халықтың өзіне тән қымбатты да қимас қазынасы.Өткен ғасырда өмір сүрген француз ғалымы А.Жорри де Манси : «Қазақ тілі – түркі тілдердің ішіндегі ең бір таза тілдердің бірі» десе, түркі тілдерді зерттеуші,орыстың әйгілі ғалымы В.В.Радлов :«… Қазақтың  өз тілін жете меңгергендігі сондай, ондайды біз Еуропада француздар мен орыстардан ғана байқаймыз.Егер, олар әңгіме айта қалса, сөз оралымдары көркем де сүйкімді,тілі өткір әрі майда,шешен де тапқыр» — деп тұжырым жасаған.   Осынау құдіретті сөзді біздің елдің әрбір азаматы асқан сезіммен, ерекше мақтанышпен айта алады деп ойлаймын.

Тіл – адам ойының айнасы.Адамның тіл жұмсау дағдысынан, тіл мәдениетінен оның кім, қандай адам екенін аңғару қиын емес.Әдетте, ойы айқын кісінің сөзі де анық, дәл болады.Ойы таяз,пікірі күңгірт кісінің сөзі де берекесіз болады.Осыған қарап сөйлеу де ұшу сияқты демекпін.Ұшудың да ұшуы бар: қыран да ұшады, шыбын да ұшады.Сөйлеудің де сөйлеуі бар : шешен көмекейі бүлкілдеп көсіле, біліп сөйлейді. Мәдениетті, білімді азаматтар ана тілінің қыраны сияқты биікке самғайды.Халық оларды асқан шешен деп атайды.Тіл жанашыры, ақын  М.Шаханов:«Рухы – өр,тәні  — бекем » қазақ халқым деп бекер айтпаған.

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан», — деп Абай атамыз айтқандай, кірпіші болып қаланып, ата-баба ерлігі мен рухынан нәр алып, дәстүріне берік болып, туған тілімізді шұбарламай, елімнің баянды бақыты үшін жан аямай еңбек ету деп білемін. Ғұлама ғалым Махмұт Қашқари:«Бұтағы көп ағашқа құс қонар», — деп ширек ғасыр бұрын дәл айтқан. Қаншама ұлттың басын біріктірген, береке-бірлігін, тыныштығын сақтап отырған Елбасының елеулі еңбегіне, бейбітшілікті сүйетін халыққа тәнті болмасқа амалың жоқ.

Жумадилова Каншайым Жумагуловна,
Молда Мұса атындағы №5 жалпы орта білім беретін
мектептің орыс сыныбына қазақ тілінен беретін жоғары санатты мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.