Home » Таным » Қазақ мәдениетінің қару құралдары

Қазақ мәдениетінің қару құралдары

“Бағана, таңертеңнен бері үсті-үстіне келіп жатқан аттылар қазір түс кезінде,қалың нөпір қол болды. Тегіс сойыл,айбалта,найза шоқпар ұстаған шабуыл мен соғысқа әзірленген қол”. Бұл М.Әуезовтың “Абай жолы” роман-эпопеясынан үзінді.\ «Қат-қабатта» 64 б.\

Бүгінгі ұрпақтың тәрбиешісі тек туған шаңырағы мен білім алған мектебі, немесе жора-жолдастары ғана емес,сонымен бірге өткен өмірдің белгі-бедері, жаңғырығы, тарихы-біздің көзге көрінбес рухани байлығымыз. «Ұлылар өлкесі» атанған Абай еліне жолың түскен бір шақтарда «Мына шоқының басында Қодар мен Қамқа оқиғасы болған», «Анау тұрған Еңлік пен Кебек паналаған үйтас”,”Абай мен Әйгерім кездескен Шілікті кезеңі осы” деген тарихи деректерді естігенде бір ауыз сөз, болмашы дерек арқылы-ақ сіздің сана-сезіміңізді туған жердің шежірелі тарихы тамырлап ала жөнеледі. Тарихи-мәдени мұраларды танып-білу арқылы өткеніміз бен бүгініміз үшін, жарқын болашағымыз үшін парасат, болмысымызды шыңдаймыз.

Дала көшпенділерінің рухани әлемі болған туған жер төсіндегі тарихи мұраларға немкетті қарау — ел мәдениетіне қиянат.

Біздің заманымыздан бұрынғы қиян дәуірлер шежіресі тек қана мұражайларда сақталған мұрағаттар, мәдени мұралар арқылы тіл қатады. Тарих сахнасында мыңдаған жылдар шамасында өзіндік болмыс-бітімі бөлек көшпелілер империясы бүгінгі ұрпақтары үшін байлық та, бақ та қалдырған жоқ. Ойсыз көзге шалына бермес асыл мұра, қолөнер, зергер өнері, табиғатпен біте қайнасқан тұрмысымыз, тіршілік салтының болмыс-бедері біздің еркіндігімізді алыс заманалармен жалғастырып жатыр. Соның бір айғағы Абай мұражайындағы мұрағаттар. Қазақстанның, тіпті әрбір шеттен келуші қонақтардың құтты көзайымына айналған құнды экспонаттардың қатарында қазақ мәдениетіндегі қару-жарақтардың түрлері де бар. Абай өз заманында саяси жер аударылып келген оқымыстыларды тамсантқан өзге халыққа ұқсамайтын тұрмысқа қажет дүниелер — қазақ қолөнері. Айбалта, сойыл, шоқпар,қамшы,дабыл т.б. сияқты қазақы қару түрлері Абай мұражайының құнды экспонаттарының қатарында аңшылыққа, түрлі қақтығыстарда пайдаланатын найза, шоқпар, сойыл, қамшы, садақ сынды дүниелер ұрпақ үндестігін жалғастырушы бірден-бір куә. Найзаның ұшы, қылыштың жүзі, алтынның буы қалыптастырған дәстүр ғана емес,  халық жүрегін жарып шыққан табиғи өнер дәстүрі, тарихымыздың дәстүрлі сабақтастығы. Қанымызда туа біткен асыл дәстүрді үзбей, асыл өнерді зарықпай жеткізгендігінң арқасында күні  қасиетті құны сараланып тұр. Еңсесін енді ғана тіктеп келе жатқан «Абайтану» ғылыми-танымдық оралығының экспозициялық залында Абай жинаған мұралардың фотокөшірмесі қойылған. Күні бүгінге дейін құпия сыры толық ашылмаған, көшпелі өмір салты дүниеге әкелген сан-салалы өнер-ең қанатты шабыты мен бүкіл даналығын, тарихын ғажайып сәулет өрнектері мен тарихи шығармаларға шоғырлаған.Соның бірі Құнанбай мен Бөжей арасындағы жер дауы.

« — Өлтір иттерді, өлтір, — деген қалың шумен өңшең бір көк аттылар тиіп кеп кетті.Ұзын саны отыз-қырықтан кем емес.Қолдарында өңшең шоқпар мен сойыл.Құнанбай жігіттері қарсы айқайлап:

-Келсең кел…

-Түссең түс!-деп сапырылысып, араласып кетті. Бұлар да да сойыл, шоқпар сай еді. Ұзын-ұзын ақ сойылдар кезек-кезек қағысып, сарт-сұрт тиіседі». ”Абай жолы” роман-эпопеясынан келтірілген бұл дерек тарихымыздың алтын қазығын тұлғаландыра түседі. \ «Қат-қабатта» 62 б.\

Тарих-кең көзді елеуіш сияқты.Уақыт екшеуіне төтеп бере алмағандар сол електің көзінен түсіп қалады.Бұл қатал заңдылық дәстүрге де қатысты. Археологтардың зерттеуімен табылған қаншама байлықтар бар. Оның көбі алтыннан, күмістен әдемі қоладан жасалған асыл дүниелер. Бүгінгі мұражайлардың айшықты асыл қазынасы. Елдің өткен ғұмыр шежіресінің жанды айғақтары.

Дүние-үлкен көл,

Заман-соққан жел.

Алдыңғы толқын- ағалар,

Кейінгі толқын-інілер,

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер, — деп Ұлы Абай айтқандай ұрпақтардың алмасуы тоқтамаған жерде дүние болмыс-бітімнің сабақтастығы үзілмек емес.

Қалай десек те адамзат тарихы туралы жазба деректерге қарағанда заттық айғақтардың айтары мол.

 Алмахан Мұхаметқалиқызы,
Қазақстан-Ресей унивнерситеті,
Абайтану орталығы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.