«Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Бүгін Қазақстан халқы 1 мамыр ынтымақ пен бірлік күнін тойлап жатыр. «Береке бастауы — бірлік, ел іші тату — тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше.
Қазақстан халықтарының бірлігі күні — Қазақстанда жыл сайын тойланатын мереке. Мереке 1996 жылдан бастап тойланады. 1995-жылдың 18-қазанында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің жарлығы бойынша 1-мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні деп жарияланды.
Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды.
Еліміздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай тойланатын бұл мерекені бүгінде біз ұжым болып, Қазақ мектеп-гимназиясы «Бейбітшілік» /Мир/ көшесінде қала тұрғындарымен бір шаңырақ астында тойладық. Шоғырланған әрбір қала тұрғыны ұлттық-мәдени мерекеде ән тыңдап, би билеп, жалпыхалықтық мейрамда рухани байып көңіл көтерді. Мектеп ұжымы сонымен қатар, дәстүр мен салтқа толы халықтың көңіл-күйін көтеру үшін тоғызқұмалақ, қазақша күрес, каратэ секілді спорттық жарыстар ұйымдастырды. Ал, ұлттық дастархан жайылу салты да тысқары қалмады. 6 ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдарына арналған дастархан жайылды: қазақ, орыс, татар, қытай, армян, өзбек ұлттарының ұлттық тағамдары. Ұйымдастырушы тарапынан әділ қазылар алқасы құрылды. Ол құрамда мектеп директоры Бұлбұл Ахмадиқызы, ақсақалдар алқасының мүшесі, ардагер ұстаз Айна Сапышева, ата-аналар комитетінің төрайымы Искакова Ризагүл, ата-ана Толкын Топышев, асхана меңгерушісі Копобаева Ляззат, қала тұрғыны Уптяров Ғалымжан сынды әділ сынаушылар болды. Олар әр ұлттың тағамдарынан ауыз тиіп, әр ұлттың дайындаған өнерлеріне тәнті болды. Байқаудың нәтижесінде І орынды қазақ дастарханы жеңіп алды. Қазақ дастарханында үлкен ас қойылып, ұлттық киім үлгісі көрсетіліп, қазақтың қонақжайлылығы дәріптелді. ІІ орынды татар мен армян дастарханы еншіледі. ІІІ орын иегерлері: орыс, қытай, өзбек дастархандары. Көңілді іс-шарадан соң қала тұрғындары әр ұлттың астарынан дәм татып, мектеп асханасының арнайы әзірлеген палауы мен бауырсағынан да ауыз тиіп, жайдарлы көңіл-күймен тарасты.
Бірлігіміз жарасып, еліміз тыныш болып, ұлт демей, басқа демей татулықта, бейбіт өмірде күн кешейік, достар! 1 мамыр құтты болсын!
Есенгалиева Айгүл Ерболқызы
Петропавл қаласы, Қазақ мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі