Home » Білім және тұлға » Қазақылықты дәріптейтін қазақы балабақша

Қазақылықты дәріптейтін қазақы балабақша

Астана қаласы, Есілдің сол жақ жағалауында,Үркер шағын ауданындағы №62 «Нұрсәуле» балабақшасы 2011 жылы ашылған. 6 жылдың ішінде атқарған жұмыс осы таңда өз жемісін беріп жатыр дейді балабақша әдіскері Қайырбекова Гауһар Төлегенқызы. Балабақшаның меңігерушісі Жүсіпбекова Гүлжан Кәрімжанқызы өз әріптестерімен қауырт жұмыс жасап, бүгінгі таңға дейін балабақша өз арнасын тапқандай. Кіре берістен төрге дейін қазақылықтың лебін сездіртетін түрлі суреттер мен көрнекіліктер көздің жауын алады. Аталмыш мекемеде 70 қызметкер, оның ішінде: 35 педагог, 35 шаруашылық қызметкерлер жұмыс жасайды. 360 баланы тәрбиелеп жатқан балабақша бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізетіндерін айтып өтті.

  • Біздің ұжымда барлық педагогтар біліктіліктерін арттырған, курстарға қатысып отырады, қандай маманның болсын дипломдары стандартқа сай, — деп Гауһар Төлегенқызы әріптестері туралы да қысқаша мәлімет беріп өтті.

Үркер шағын ауданында ең алғашқы болып ашылған балабақша осы уақытқа дейін жыл сайын ұйымдастырылып отыратын «Үздік балабақша» байқауына қатысып отырады. Осы тұста балабақша әдіскері Гауһар Төлегенқызы меңгерушімен біріге отырып, конкурстарға қатысушы тәрбиелеушілер мен ұжымға барлық жағдайды жасап отырады. Осы таңда да балабақшада тәрбиеленіп жатқан балдырғандар «Үркер» республикалық байқауына, және «Пони» халықаралық деңгейдегі байқауға қатысып жатыр екен. Сол балдырғандардың бірі Айтмуханов Ернар «Үркер жұлдызы» кітабына шығып үлгеріпті.

  • Өзім бірнеше кітаптардың авторымын. Өзіміздің балабақшада белгілі бір тақырыпты таңдай отырып әдістемелік нұсқау да шығардым. Тек мен ғана емес, біздің ұжымдағы барлық қызмет атқарып жатқан тәрбиешілер де жергілікті газет-журналдарға еңбектерін жариялап отырады — дейді Гауһар Төлегенқызы.

Болашақта еліне адал еңбек ететін патриот азаматтарды тәрбиелеп шығаруды мақсат еткен ұжым көптеген іс-шаралар өткізіп отырады екен. Наурыз мерекесі сынды ұлттық мерекелерді назардан тыс қалдырмай, ата-аналармен тығыз байланыс жасап, біріге жұмыс жасайтын ұжымның жасаған еңбектері көзге жылы көрінеді. Музыка кабинетіндегі қазақ киіз үйіне, оның ішіндегі қазақы көйлектегі қуыршаққа бала түгілі, үлкендер де қызығары сөзсіз.

  • Біз жыл сайын ата-аналармен бірлесе отырып «Ұлттық тағамдар» конкурсын ұйымдастырып отырамыз. Тіпті осы конкурсты «Қазақстан» ұлттық арнасы арнайы түсіріп, эфирге шығарған болатын. Жалпы қазақы танымды баланың санасына сіндіру мақсатында көптеген істер жасалуда. Ата-аналар да біздің назарымыздан тыс қалмайды. Балабақшамызда ата-анамен баланың бірге атқаратын үйдегі жұмыстарын көрсететін фотосуреттер бұрышы бар, — деп Гауһар Төлегенқызы біздің ұжымды балабақша ішіндегі көрнекіліктермен таныстырды.

Өзге ұлт өкілдері, оның ішінде — татар, шешен, орыс, ұйғыр балалары да тәрбиеленіп жатқан балабақшада барлығы қазақ тілінде сөйлейді, қазақ құндылықтарын бағалайды. Сонымен қатар қосымша орыс және ағылшын тілдерін де меңгеруде.

  • Әріптестерімді қатты құрметтеймін және қиын сәттерде менімен бірге болып, жүкті жұмыла көтеруге даяр жүретін оларға бас иемін. Басты айта кететінім -олардың тұрақтылығы, себебі кадрда 35 педагог болса олардың 15-і бұрыннан келе жатқан мамандар. Жалпы барлығын мұғалімдер күнімен құттықтаймын, оларға табыс пен шығарашылық шабыт тілеймін. Балабақшамызды республикалық деңгейге көтеру үшін сарқылмас күш пен талмас талап тілеймін,- деп Гауһар Төлегенқызы өз сөзін жақсы тілекпен аяқтады.

Барша балабақшаларға үлгі бола білетін осынау мекеменің қызметкерлеріне алдағы уақытта өз өрнегін ойып, өркенін жайған тұғырлы ұжым болуды тілейміз!

 

 

 

 

 

 

Лаура Көкше

«Білім айнасы» 

Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.