Home » Мақалалар » Қазақтың ұлттық ойындарын ойнату арқылы балаларды тәрбиелеу

Қазақтың ұлттық ойындарын ойнату арқылы балаларды тәрбиелеу

Ұлы ғалым философ Әбу Насыр Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі»-деген екен. Олай болса, балабақша — бүлдіршіндерді болашақта ата дәстүрін сақтайтын, инаббатты, ибалы, үлкен-кішіні сыйлай білуге үйрететін тәрбие орталығы.

Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев «Ойын ойнап, ән салмай өсер бала болар ма?-деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Ойын мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына ықпал ететін тәрбие құралы. Ойын баланың барлық қабілетінің дамуына, құрбыларымен жақындасуына көмектеседі. Баланың қуанышы мен реніжіші ойын арқылы көрінеді. Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, олардың мінез-құлқының қалыптасу құралы деп ерекше бағалаған. Бөбектерді тәрбиелеуде ұлттық ойындарымыз теңге алу, бәйге, көңілді керуен ойнатуға болады. Көрнекті құралдарға ұлттық бұйымдар мен ауыз әдебиетінің үлгілерін пайдаланып, мысалы: киіз басу, құрақ құрау ойындарын ұйымдастыру.

Балалар ұлттық ою-өрнектерінің бейнелеу нақыштарының сырын ұғынып, ойындар арқылы ою тармақтарының нені бейнелейтіні жайлы түсінік алады. Ойынның мақсаты: балаларды ою-өрнекпен таныстыру және ұжыммен жұмыс істеуге үйрету. Қазақ халқы саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысын, қабілетін дамытқан. Бес саусақ, қуырмаш, санамақтар ойната отырып, саусақпен қоянның, иттің, аңның бейнелерін көрсетуге болады. Уыс, қос, сүйем, қарыс, сынық қазақтың өлшем бірліктері мен логикалық, интеллектуалдық ойындар ойнату. Мысалы: нүктелерді қос, суреттерді үлкен-кішілігіне қарай ретімен орналастыр. Пішіні ұқсас заттарды сызық арқылы байланыстыр. Ойынның түрі көп. Ойынның түпкі нысаны балалардың ойына, қиялына қанат беріп, ойын ұштау, тақпақ айтуға төсілдіру. Мысалы: «Сөздерді жатта» ойыны. Бұл ойынға қазақтың ұлттық киімдерін, саз аспаптарын, тағамдарын алуға болады.

Ұлттық ойындардың мектеп жасына дейінгі балаларға лайықты «Көкпар», «Орамал тастау», «Ақ серек — Көк серек», т.б ойындар ойнату арқылы баланы тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, батылдыққа үйрету іске асырылады. Ұлттық ойындар бала тәрбиесінде негізгі екі жауапты қызмет атқарады: біріншіден, жаттығулар жасап, ұлт ойындарын ойнаған кезде дене дамуы жақсарса, екіншіден, ұлт ойындарының мазмұнын, ойлау тәртібін түсіндірген кезде ұлттық әдет-ғұрпымыздан, өткен өмірімізден хабар береді.

Ұлттық ойын қазақтың халықтық шығармасы ауыз әдебиетімен біте қайнасып бірге өрістеп, бір тамырдан нәр алғандықтан бұларға ортақ құбылыстар көп.

Бала ойынында жеңуші бар да, жеңілуші бар. Әрине жеңген топ немесе бала табысын жұбаныш етсе, жеңілушінің айыбын өтеуі үшін айтатын тақпағы, биі, мақал-мәтелі, жұмбағы болуы керек. Сонда бала ойынның қай түрінде болсын іс-әрекет, ән, би, өлең, жұмбақ, нақыл сөз араласа жүретіндіктен деп танимыз. Мұның педагогикалық мәні — баланы жан-жақты дамуға, тәлім-тәрбиенің санасын кеңейтуге мүмкіндік беретін тиімді жол екендігі. В.А. Сухомлинскиийдің сөзімен айтқанда: «Ойынсыз ақыл-ойдың қаншалықты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жастық шақ өмірімен ұштастырып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады».

Ойын дегеніміз — ұшқын, білімге құмарлық пен еліктеудің маздай жанған оты. Міне, ойын дегеніміз — тынысын кең алысқа меңзейтін, ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиялмен қанат беретін ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы.

Б.Кусаинова

Алматы қаласы, Наурызбай ауданы,

№45 бөбекжай балабақшасының әдіскері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.