Home » Баяндамалар » ҚАЗАҚСТАН – ЫНТЫМАҚТЫҢ МЕКЕНІ

ҚАЗАҚСТАН – ЫНТЫМАҚТЫҢ МЕКЕНІ

Қазақстан Республикасы әлемде ең алғашқы мемлекеттердің бірі болып сырттан келген басқа ұлт өкілдеріне алтын бесік болғандығы баршаға аян. Қазақ елінің бауырмалдылығы мен кеңпейілділігіне елімізде қоныстанған өзге ұлт өкілдері куә. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі — біздің еліміздің ең басты байлығы. Отанымыздың басты байлығы-тұрақтылық пен тыныштық. Ішкі тұрақтылық пен келісімнің ұлттық бірліктің мызғымастығы Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени дамуының негізгі факторы болып табылады. Сондай-ақ, жетістіктеріміздің бірі еліміздің халықтарының ұлтаралық конфессиялық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады. Елімізді мекен еткен ұлт пен ұлыстардың өкілдері еліміздің дамуы мен өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.
1995 жылы қабылданған Ата Заңымыз Қазақстан халқын біртұтас мемлекеттің тең құқылы, ерікті азаматтарының саяси қауымдастығы ретінде танып, олардың этникалық, мәдени ерекшеліктеріне қарамастан бір елдің азаматы ретінде сезінуіне, жақындасуына және қоғамдық келісімге әрі бүгінгідей ұлттық бірліктің қалыптасуына жол ашты. Сондай-ақ, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық орын алған елімізде өмір сүретін өзге де этникалық топтардың тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай жасалған. Елімізде мемлекет тарапынан отбасы институтын қолдау үшін көп жұмыстар атқарылуда.
Отбасы елдің болашақ азаматының тұлғалық қасиеттерін қалыптастыратыны белгілі. Осыған орай, Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін ананы қорғау — ерекше мәселе. Еліміздің болашағы да балаларымыздың тәрбиені сіңіретіне де тікелей байланысты. Бала тәрбиелеу-болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек деген болатын.
Балаға жастайынан дұрыс тәрбие беру отаншылдыққа, әдептілікке, мейірімділікке, отбасын сыйлауға үйретеді. Ал, баланың патриоттық сезімдерін тәрбиелеу туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, рухани адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек мейірімділікке, ізгілікке, отаншылдыққа тәрбиелеп, соны мақсат тұтса ата-ананың да болашағы зор болмақ.
Сонымен бірге, отбасы тәрбиесінің негізгі мақсаты — өзара ынтымақтастық пен түсіністік болып табылады. Ата-аналар балаларының күн сайынғы іс-әрекеттерін қадағалап отыруы керек. Яғни, отбасының берік негізі осы рухани мүдденің бірлігінде. Ал, оның біртұтас ынтымақты болуы да бала ата-аналарының бір-біріне, балаларына, олардың достары мен жолдастарына деген қарым-қатынасында.
Жолдауда этностық, мәдени және діни әралуандылыққа қарамастан, елімізде бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтадық деп аталып өткен болатын.
Бүгінде Қазақстан 140 этнос өкілдері үшін туған шаңырағына айналды. Осылай, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім — біздің басты құндылығымыз болмақ. Бүгінде олар тегі басқа болғанымен теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды бір тағдыр күтеді. «Нашар ұлт болмайды, нашар адам болады» деген осы! Қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қауымдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды. Еркіндікті аңсаған ата-баба мұрасы жүзеге асып, Алаштың ең асыл мұраты — тәуелсіздікке қол жетті. Қазақ жерінде атқан егемендік таңы ең алдымен, алып та дархан даланың төсін қанымен суарған, терісі сөгіле қызмет еткен ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды да нақты нәтижесі». Қазақ «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген. Бүгінде еліміз ырысы мен ынтымағы, бірлігі мен тірлігі жарасқан мемлекет болып орнықты.
Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап «Бірінші экономиканы реттеп, одан кейін саясатпен айналысу қажет» деген қағиданы берік ұстанып, елдің экономикалық ахуалын көтеруге бел шеше кірісті. Ел билігі бейбітшілік пен келісім саясатын басты ұстаным ретінде жариялады. Қазақстан халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие болды.
Елбасына күн туған қилы замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған еліміздің ынтымағы мен бірлігі. Қазақстанда мекен ететін халықтар арасында келіспеушілік, дүрдараздық жоқ. Олар Қазақстанды ортақ «Отанымыз» деп санайды. Ата Заңымыздың І бабының өзінде басты құндылық ретінде адам, оның өмірі мен еркіндігі атап өтілді. Қазіргі таңда, экономикалық жетістіктерді, әлеуметтік игіліктерді, саяси тұрақтылық пен мәдени өркендеуді бастан кешіріп отырмыз. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің көк байрағының желбіреп, еліміздің гүлдене беруіне әрқайсымыз үлес қосуға міндеттіміз!

Әдебиеттер:

  1. Еділқызы Л. Этносаралық бірлік — ел байлығы / Л.Еділқызы // Егемен Қазақстан. — 2015. — 6 ақпан. — Б. 1, 4-5.
  2. Дамудың сыры — бірлікте, табыстың сыры — тірлікте // Егемен Қазақстан. — 2014. — 22 сәуір. — Б. 2-3.
  3. Назарбаев Н.Ә. Біздің отанымыз — ортақ, тілегіміз — бір, мақсатымыз — жалғыз / Н.Ә. Назарбаев // Айқын. — 2014. — 19 сәуір. — Б. 1, 2.

 

Гүлназ БЕКЖАНОВА,
Қызылорда облысы
Жаңақорған аудандық
аграрлы-техникалық колледждің
өзін-өзі тану пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.