Home » Мақалалар » «Қазақстан тарихы» пәні бойынша жаңартылған оқу бағдарламасы аясында «Туған жер» тарихын зерделеу

«Қазақстан тарихы» пәні бойынша жаңартылған оқу бағдарламасы аясында «Туған жер» тарихын зерделеу

«ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ» ПӘНІ БОЙЫНША

ЖАҢАРТЫЛҒАН ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА «ТУҒАН ЖЕР» ТАРИХЫН ЗЕРДЕЛЕУ

 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды, оның ауқымы кеңейіп «Туған елге» ұласатыны атап көрсетілген.[1].

Туған жерге, елге деген патриотизмді және тарихи сана қалыптастыруда тарихи білім берудің маңызы зор. Қазіргі уақытта тарихи білім беру мазмұны да заман талабына сай жаңартылуда. Атап айтқанда, «Қазақстан тарихы» пәні бойынша негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейінің жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасы әзірленді.

Елбасы мақаласына сәйкес тарихи білім мазмұнына «Туған жер» тарихын зерделеуге арналған тақырыптар енгізілді. Бұл білім алушының әр тарихи кезеңдегі тарихи жағдайлармен қатар өзі туып өскен өлкедегі тарихи тұлғалар, тарихи ескерткіштер, тарихи оқиғалар туралы сабақтастықта білім алуына мүмкіндік береді. Бұдан білім алушының «Қазақстан тарихы» пәні аясында өз жерінің тарихын да жүйелі зерделейтінін көруге болады.

«Қазақстан тарихы» пәні мазмұнына өлкетанулық материалдарды енгізу білім алушылардың тарихи оқиғаларды терең түсінуіне, оқу материалына деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретін оқытудың маңызды тәсілдерінің бірі. Туған жер тарихын зерделеу білім алушыларды Қазақстан тарихының әлеуметтік-экономикалық және саяси тарихымен қатар оларды туған жердің тарихи-мәдени мұраларын да меңгеруге, зерттей білуге бағыттайды.

Туған жер тарихын оқытудың басты міндеті өз туған жерінің патриотын, әлеуметтік мәдени құндылықтарын құрушы, сақтаушы, қолданушыларын қалыптастыру және туған жерге деген құрметке баулу, білім алушылардың танымдық, коммуникативтік, адамгершілік, эстетикалық, экологиялық құзыреттілігін дамыту болып табылады.

Туған жерінің тарихын зерделеу сонымен қатар, тұлғаның туған жері бойынша әлеуметтенуіне, өз өлкесінде еңбек етіп, өмір сүруге, туған жерінің өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық және мәдени жаңғыруына үлес қосуға бағыт береді.

Туған жер тарихы туралы тарихи материалдар оқытудың тәрбиелік міндетін де іске асырады. Тарихи деректер мен кейіпкерлер білім алушылардың туған жердің өткен тарихын түсінуге, өз туыстарының өткен өмір салты мен рухани әлемін, олардың туған жерді дамытудағы еңбегінің рөлін қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Туған жерге қатысты сабақ барысында өткен дәуір тарихын тұлғалық тұрғыдан түсінуге мүмкіндік беріледі, себебі, құндылық қатынасты жеткізушілер туған жердің халқы, яғни туыстары мен жақындары болып табылады. Қазақстан тарихы сабағы аясында туған жердің материалдық және рухани дамуына, мәдениет, білім мен ғылымның дамуына үлес қосқан тұлғалардың тарихын білу, білім алушылардың қызығушылығын, патриоттық мақтаныш сезімін арттырады. Бұл сәйкес құндылықтардың алғашқы баспалдағы болып табылады.

Негізгі орта білім беру деңгейінің «Қазақстан тарихы» пәні бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеуде туған жерге қатысты өлкетанулық материалдар күшейтілген. Бұл материалдар тарихи білім мазмұнымен кіріктіріліп беріледі. 5,6,7 — сыныптарда өлкетану материалдарын меңгеруге 12 сағат (әр сыныпта 4 сағаттан) бөлінген.

Жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасының бір ерекшелігі сағат санын бөлуде мұғалімдерге еркіндік берілген. Бұл мұғалімге кез келген тарихи оқиғаларды туған жерге қатысты материалдармен кіріктіріп оқытуға мүмкіндік береді. Мысалы, Қазақстанның ежелгі, орта, жаңа, қазіргі заман тарихын оқу барысында білім алушылар сол кезеңдегі өз туған жерінің тарихымен және ескерткіштерімен танысады.

Өлкетанулық материалдар жалпы орта білім беру деңгейінде келесі бөлімдерді оқытуда қолданылады: «Қазақстандағы ежелгі адамдардың өмірі» (жақын жатқан археологиялық ескерткіштермен танысу, өлкеге алғаш қоныстануға әсер еткен қоғамдық-тарихи, экономикалық, және табиғи факторлар т.б.), «Сақтар» (сол кезеңдегі материалдық және рухани мәдениет мұралары), «Х-ХІІІ ғасырлардағы Қазақстан» (Ұлы Жібек жолының Қазақстан территориясы арқылы өткен тармақтары, Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар тарихы т.б. ); «Қазақстан – Ұлы дала мұрагері» (біртұтас қазақ мемлекетінің құрылған аймағы, тарихи және этникалық сабақтастығы және т.б. ); «Отан соғысы» (Жоңғар шапқыншылығына қарсы шайқас, қазақ батырларының ерлігін көрсететін тарихи орындар: «Аңырақай», «Қарасиыр», «Бұланты» т.б. талдау жасау); «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» (Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесу, тарихи естеліктерге талдау жасау); «Қазақстан мемлекеттілігінің қайта жаңғыруы» («Туған жерді дамытуға үлес қосқан менің өлкемнің тұлғалары» тақырыбында зерттеу жұмысы ) бөлімдері [2].

Сонымен қатар, жоғары сыныпта Қазақстан тарихы бойынша өңірлік компонент келесі міндеттерді шешуге бағытталған:

  • туған жер тарихын Қазақстан тарихы материалдарымен өзара байланысын ескере отырып тұтас қабылдауын қалыптастыру; тарихи қалыптасқан ұлттық мәдени дәстүрді, әлеуметтік және адамгершілік нормаларды білім алушылардың түсінуі негізінде оларда қазақстандық бірегейлікті, дүниетанымдық ұстанымдарды тәрбиелеу;
  • өлке тарихын зерделеу, өлкетанулық зерттеу жұмыстарын жүргізу дағдыларын дамыту.

Жалпы орта білім беру деңгейіндегі «Қазақстан тарихы» пәнінің мазмұны білім алушыларға Қазақстанның әлемдік тарихи процестегі орны мен рөлін анықтай отырып, этникалық, саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жолдарының негізгі ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді. Оқу пәнінің білім мазмұны: Өркениет: даму ерекшеліктері; Этникалық және әлеуметтік процестер; Мемлекет тарихы және қоғамдық-саяси ойдың дамуы; Мәдениет, білім және ғылымның дамуы атты төрт бөлімді қамтиды. Әр бөлім мазмұнында Туған жер компоненті қамтылған, Мысалы, «Өркениет: даму ерекшеліктері» (Менің өлкемнің Ұлы Дала өркениетіне қосқан үлесін зерделеу); «Этникалық және әлеуметтік-саяси процестер» (Ұлтты біріктіретін мәдени-генетикалық кодының негізі, Туып-өскен жерің – қасиетті мекенің); «Мемлекет тарихы және қоғамдық-саяси ойдың дамуы» (Бабаларымыздың ұлан-ғайыр аумақты қорғап сақтаудағы рөліне байланысты туған жерінің батырлары туралы деректермен жұмыс); «Мәдениет, білім және ғылымның дамуы» (туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне атсалысу- шынайы патриотизмнің маңызды көріністері, Білім мен ғылымға, мәдениетке үлес қосқан менің өлкемнің тұлғалары тақырыбында сұхбат, ойтолғау ұйымдастыру) бөлімдері материалдарымен кіріктіріп оқыту қарастырылған [3].«Туған жер» тарихын зерделеу келесі оқу мақсаттарында көрсетілген:

  • халықтың тарихи мәдени мұрасының маңызын зерттеуде «Туған жер» ұғымын қолдану;
  • туған жердің мәдениеті, салт дәстүрінің маңызына баға беруде «мәдени генетикалық код» ұғымын қолдану. Бұл мұғалім мен білім алушыға болашақ қадамдары жөнінде өзара ой бөлісуге, оларды жоспарлау мен бағалауға мүмкіндік беретін бірізділік пен сабақтастықты көрсетеді

Жаңартылған білім мазмұнына сәйкес «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 10-11 сыныпта тұлғаның танымдық белсенділігін, шығармашылық, жобалық-зерттеушілік қабілеттерін дамыту үшін білім алушыларды зерттеу жұмысына тарту қарастырылған. Әр тақырыптық бөлімнің білім алушылардың зерттеу жұмысымен аяқталуы оқу бағдарламасының бірден-бір ерекшелігі болып табылады. Осындай тақырыптардың басым бөлігі «Туған жер» тарихын зерделеуге арналған.

Мысалы: «Әлемдік өркениет тарихындағы Ұлы Дала»; «Мәдениет және Дәстүр – ұлттың генетикалық коды»; «Қазақстан этностары: тарихы мен тағдыры»; «Мәңгілік Ел» идеясының біріктіруші құндылықтарының маңыздылығы» және т.б.

Қазақстан тарихы және туған жер тарихына қатысты материалдар хронологиялық және тарихи даму заңдылық байланыстары ескеріле отырып берілуі қажет. Туған жер компонентін Қазақстан тарихының жалпы курсымен кіріктіріп оқыту білім алушылардың Қазақстан тарихы аясында туған жердің тарихи даму ерекшеліктерін анықтау, өткенді саралау, бүгінгі күнді сипаттау және болашақты бағдарлау қабілеттерін қалыптастыруда маңызы зор.

«Қазақстан тарихы» сабағында мүмкіндігінше тақырыптарға өлкетану ұстанымы арқылы шығу ұтымды болады, игерілетін материал оқушыларда қызығушылық тудырады және одан әрі зерттеуге (ізденуге) жол ашады. Өлкетанулық тарихи материалдар, фактілер тарихи оқиғалар мен процестерді нақтылайды, суреттейді және олардың қазіргі заманғы оқиғалармен ара қатынасын белгілеуге көмектеседі.

«Туған жер» тарихын зерделеу білім алушылардың гуманитарлық мәдениетін дамытуға, шынайы патриотизмді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Пән мазмұнындағы Туған жер компоненті білім алушылардың тарихи санасын, тарихи ойлауын дамытатын, өткен және қазіргі тарихи оқиғаларды салыстыру, талдау, бағалау түрлі дереккөздермен жұмыс істеу дағдысын дамытады.

Өлкетанулық материалдар білім алушының шығармашылық қызмет түрлерін (белгілі тақырып бойынша ақпарат жинау, оның ішінде естелік жазбаларды дайындау, өлкетанулық фактілерді талдау және бағалау, оларға қатысты сыни көзқарасты негіздеу және т.б.) меңгеруге мүмкіндік береді.

Білім алушыларға елінің тарихын өз көзімен көріп, сезіну үшін мүмкіндігінше мұражайларға, тарихи ескерткіш орнатылған немесе тарихи-археологиялық орындарға экскурсия ұйымдастырған орынды. Себебі «Туған жер» тарихын зерделеуде білім алушылардың білімін жаңа мәліметтермен толықтырып, нақтылайтын, теориялық білімді тәжірибемен байланыстыратын сыныптан тыс және мектептен тыс тарихи өлкетану (тақырыптық экскурсиялар, мұражайларға бару т.б.) маңызды болып табылады. Бұл оқу процесін жоғары сапалық деңгейге көтереді.

Білім алушылардың әлеуметтік нормалар мен дүниетанулық құндылықтардың тарихи тамырын білуі, өз халқының тарихи тәжірибесін түсінуі саналы түрде ұлттық бірегейлікті анықтауына мүмкіндік береді. Білім алушылардың өзін тұлғалық анықтауы ұлттық мәдениет пен тарихи дәстүрді қабылдауымен тығыз байланысты.

Бұдан шығатын қорытынды, рухани жаңғыру талабына сәйкес қазіргі қоғам мен өткенді байланыстыратын тарихи сана өскелең ұрпаққа бүгінгі күнгі оқиғалардың мәні туралы түсінік қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Тарихи сана — бұл тарихты білу, тарихи тәжірибе мен оның сабақтарын ұғынып түсіну, әлеуметтік болжау (бүгінгі күн жағдайының мәнін, өткеннің инварианттылығы мен болашақтың баламалығын түсінуден), өз іс-әрекеті үшін тарихи жауапкершілікті түсіну. Оған қоса оқу-тәрбиелік процесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын тарихи білім тұлғаның, азамат пен патриоттың қалыптасуына жәрдемдесуі тиіс.

Сондықтан да «Қазақстан тарихы» пәні білім алушыларды тарихи оқиғалармен таныстырып қана қоймай, оған қоса ғасырлар бойы Ұла Дала кеңістігінде қалыптасқан ұлттық құндылықтарды түсінуге жетелейді. Пән мазмұны ата-бабаларымыздың бірегей мәдениетін, әлем тарихындағы Қазақстанның алатын орны мен рөлін, оның жалпыәлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесін туған жер компонентімен кіріктіре түсінуге мүмкіндік береді.

 

 

 

Қайыпбаева Айгүл Тоқтарбайқызы,
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Кәсіптік білім орталығының аға ғылыми қызметкері,
Омарова Ғазиза Жүнісбекқызы,
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Қоғамдық-гуманитарлық білім зертханасының аға ғылыми қызметкері,
Астана қаласы.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

  1. Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру». Егемен Қазақстан 2017 ж. 12 сәуір
  2. Негізгі орта білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған «Қазақстан тарихы» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы.
  3. Жалпы орта білім беру деңгейінің 10-11-сыныптарына арналған «Қазақстан тарихы» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы.

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.