Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Қазақстан тарихы пәнін оқытудағы спиральді білім беру қағидаты туралы түсінік

Қазақстан тарихы пәнін оқытудағы спиральді білім беру қағидаты туралы түсінік

Ізғали Жоламан Ізғали

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша

педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,

Деңгейлік бағдарламалар орталығының жетекшісі,

Тарих магистрі

 

ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Әлемдегі алдыңғы қатардағы дамыған елдердің сапалы білім беру жүйесі бар. Себебі, кез келген елдің бәсекелестік мүмкіншіліктері көбіне білім беру жүйесінің жай-күйімен анықталатын мемлекеттің әлеуметтік капиталының дамуына тәуелді. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, тәрбие мен білімді ұштастыра отырып, сапалы күйде жеткізу қазіргі таң талабы болып отыр. Елбасының 2017 жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақстанның үшінші жаңаруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы халыққа Жолдауында: «Әлем қарқынды өзгеріп келеді. Бұл жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз», — деп ескере отырып, «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқу бағдарламасын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет» — деп атап көрсеткен еді.

Қазақстандағы білім беру үдерісіне енген өзгеріс жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасы. Бұл заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама. Бағдарламаның мақсаты: «Қазақстан тарихы» және «Құқық негіздері» пәндері бойынша білім беру бағдарламасын жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу мәнмәтінінде мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру.

Осы бағдарлама аясында еніп жатқан өзгерістер жетерлік. Солардың бірі спиральді білім беру қағидаты. «Спиральді білім беру қағидаты дегеніміз не?» «Негізін қайдан алады?».

Спиральділік қағидаты бойынша құрылған білім беру бағдарламасы Джером Брунердің «Білім беру үдерісі» атты еңбегінде қарастырылған танымдық теорияға негізделген. Оның пікірінше, ең күрделі материалдың өзі дұрыс құрымдалып, дұрыс ұсынылатын болса, оны тіпті кішкентай балалар да түсіне алады. Оның негізінде оқушылар келесі сыныпқа ауысқанда зерделенген материалдар мен білім қайталанып отырады деген тұжырым жатыр. Бұл Жүсіпбек Аймауытұлының пікіріне де саяды: «жұмыстану негізінде баланың бұрынғы өз тәжірибесі перне қоры, мағлұматты салынып, дәл айтқанда, балаға танымал жақын нәрседен бастағаны абзал».

Джером Брунер адамның танымдық қабілеті шартты түрде бөлінген үш сатыдан тұрады деп тұжырымдайды:

  • белсенді – жұмыс үдерісінде білім алу;
  • бейнелік – суреттер мен бейнелердің көмегімен білім алу;
  • таңбалық – сөздер мен сандардың көмегімен білім алу.

Бұл спиральді білім беру бағдарламасы тұжырымының дамуына себеп болған. Брунердің жұмысына негізделген спиральді білім беру бағдарламасының негізгі ерекшеліктері:

  • оқушы мектепте оқыған кезде тақырыпты немесе пәнді бірнеше рет қайталап оқиды;
  • әрбір қайталап оқыған сайын тақырыптың немесе пәннің күрделілігі арта түседі;
  • жаңа білім алдыңғы біліммен тығыз байланысты және бұған дейін алынған ақпарат тұрғысынан қарастырылады.

Демек, әр сынып сайын оқушылар бір-бірімен байланысты тақырыптарды және оқу мақсаттарын қарастырып отырады. Сынып жоғарылаған сайын оқу мақсаты да сәйкесінше күрделене түседі, бірақ алдыңғы сыныптағы білімге негізделе отыра, жаңа күрделенген оқу мақсаттары қарастырылады. Түсінікті бола түсу үшін төмендегі спиральді білім беру бағдарламасын жақтаушылар ұсынған басымдықтарды қарауға болады:

  • оқушы пәнді қайталап оқыған сайын ақпарат толықтырылып бекітіліп отырады;
  • спиральді білім беру бағдарламасы қарапайым идеялардан анағұрылым күрделі идеяларға қисынды жолмен ауысуға мүмкіндік береді;
  • оқушыларды межелеген оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін бұрын алған білімдерін қолдануға жетелеу ұсынылады.

Оқушылар бір сыныптан екінші сыныпқа өтуі кезінде білімі мен дағдылары қайталанып, одан әрі дамытылып отырады. Оқу үдерісінің алға жылжуын айқын көрінуі үшін, оқу мақсаттары өзара тоғысқан бөлімдер мен бөлімшелерге (1 кесте) топтастырылған.

1 кесте

БөлімБөлімше
1Әлеуметтік қатынастардың дамуыЭтникалық қатынастар
Әлеуметтік қатынастар
2Мәдениеттің дамуыДүниетаным мен дін
Өнер мен әдебиет
Білім мен ғылым
3Мемлекеттің дамуыМемлекеттің ішкі саясаты
Мемлекеттің сыртқы саясаты
4Қазақстанның экономикалық дамуыШаруашылық
Өндірістік қатынастар және сауда

 

Мысалы, орта білім беру деңгейіндегі «Қазақстан тарихы» пәні бойынша «Әлеуметтік қатынастардың дамуы» бөлімінің «Этникалық қатынастар» бөлімшесі бойынша (2 кесте) білім беру бағдарламасының спиральділігі, яғни оқушылардың алға ілгерілеуі айқын көрінеді, себебі сыныптан сыныпқа жоғарылаған сайын оқу материалы күрделене береді.

2 кесте

Бөлім: Әлеуметтік қатынастардың дамуы

Бөлімше: Этникалық қатынастар

Тақырыптар, мазмұныОқу мақсаттары
                5 сынып
Алғашқы адамдар қалай өмір сүрді5.1.1.1 алғашқы адамдардың антропологиясын сипаттау
                6 сынып
Түркі тілдес халықтардың миграциясы Еуразия тарихына қаншалықты әсерін тигізді6.1.1.1 түркі тілдес тайпаларды атап, олардың картада территориялық орналасуын көрсету
                 7 сынып
Не себепті «Елім-ай» бүкілхалықтық әнге айналды7.1.1.1 жоңғар шапқыншылығы кезіндегі демографиялық өзгерістерді және миграциялық процестерді түсіндіру
                 8 сынып
Неліктен ұжымдастыру саясаты «Ұлы нәубетке» әкеліп соқтырды8.1.1.1 демографиялық өзгерістердің себептері мен салдарын анықтау
                 9 сынып
Соғыстан кейінгі кезеңде қандай әлеуметтік-экономикалық өзгерістер орын алды9.1.1.1 демографиялық өзгерістердің себеп салдарлық байланысын талдау арқылы дәйекті қорытынды жасау

 

Түсінікті арттыру үшін «Қазақстанның экономикалық дамуы» бөлімінің «Шаруашылық» бөлімшесіне (3 кесте) сәйкес 5 пен 9 сыныптардағы оқу мақсаттарының спиральділігі ұсынылады. Бұл тұста 5 сыныптан бастап 9 сыныпқа дейін қазақ жеріндегі экономиканың дамуын сыныптан сыныпқа көшкен сайын күрделене беретіндігін көруге болады. Мысалы, алғашқы адамдардың кәсібі, көшпелілер мен отырықшылардың экономикалық байланысы, қазақ шаруашылығына жоңғар шапқыншылығының әсері, жаңа экономикалық саясат және Кеңес үкіметі кезіндегі ауыл шаруашылығы. Бұл жерде назар оқу мақсаттарында болуы қажет. Себебі,  оқу мақсаттары білім беру бағдарламасының негізгі құжаттарының бірі.

         3 кесте

Бөлім: Қазақстанның экономикалық дамуы

Бөлімше: Шаруашылық

                  5 сынып
Не себепті ботайлықтарды жылқыны алғашқы қолға үйретушілер деп атайды5.4.1.1 ежелгі адамдардың алғашқы кәсібін сипаттау
                  6 сынып
Қимақтарда қалалық мәдениетінің дамуын қандай деректер дәлелдейді6.4.1.1 көшпелілер мен отырықшылар арасындағы өзара экономикалық байланыстарын анықтау
                 7 сынып
Не себепті «Елім-ай» бүкілхалықтық әнге айналды7.4.1.1 жоңғар шапқыншылығының қазақ халқының шаруашылығына тигізген зардаптарын анықтау
                 8 сынып
Не себепті Кеңес үкіметі Жаңа экономикалық саясаттан бас тартты7.4.1.1 деректер мен дәйектерді салыстыру арқылы жаңа экономикалық саясаттың нәтижесінде орын алған өзгерістерді талдау
                 9 сынып
Соғыстан кейінгі кезеңде қандай әлеуметтік-экономикалық өзгерістер орын алды9.4.1.1 Кеңес үкіметі кезіндегі ауыл шаруашылығында орын алған өзгерістерге баға беру

 

Спиральді білім беру қағидатына негізделген білім беру бағдарламасы арқылы оқушының бұрынғы біліміне сүйене отыра, анағұрылым күрделі идеяларға қисынды жолмен ауысуға мүмкіндік береді. Демек, оқушы әр сынып сайын тақырыпты әр түрлі деңгейде қайталап және толықтырып отырса тақырыптың тереңнен оқылунына көп көмегін тигізеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтің 2017 жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақстанның үшінші жаңаруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы халыққа Жолдауы.
  2. Мұғалімге арналған нұсқаулық. «Қазақстан тарихы» және «Құқық негіздері» пәндері бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы. Астана. 2016.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.