Home » Жаңалықтар » Қазақстандағы президенттік институт: бірлік пен жасампаздықтың 27 жылы

Қазақстандағы президенттік институт: бірлік пен жасампаздықтың 27 жылы

Бүгін  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Президенттік институт – Қазақстан Республикасындағы мемлекеттіліктің негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының өкілдері (ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының және ҚСЗИ, ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамы, т.б.), әлеуметтік-саяси қарым-қатынастар саласындағы сарапшылар, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары қатысты.

«Бүгінгі күннің тарихи тағылымы мен рухани құндылығы терең. 27 жыл бұрын 24 сәуірде қабылданған тағдырлы шешім қабылданып, президенттік институттың іргетасы қаланды.  Өміршеңдігін дәлелдеген маңызды қадам мемлекеттіліктің негізіне айналып, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте түсті. Президенттік институттың қазақстандық үлгісі – саяси-экономикалық дамудың қозғаушы күші, қоғамды біріктірудің нышаны. Еліміздің табысты мемлекетке айналуы – көреген Елбасымыздың және бір мақсатқа жұмылған халқымыздың ерен еңбегі», — деп атап өтті дөңгелек үстелді ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Бейсембай Жұмабеков.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Зинаида Федотова еліміздегі президенттік институттың қалыптасуы, тәуелсіз Қазақстанды дамытудың күрделі және жауапты кезеңдері туралы сөз қозғады: «Қазақстан президенттік басқару үлгісінде қалыптасудың және дамудың табысты жолынан өтті. Жас мемлекеттің аяққа нық тұру және нығаю жылдары, дағдарысқа қарсы реформалар мен барлық қоғамдық салаларды жаңғырту кезеңдерінде мықты президенттік билік айрықша қажет еді. Бүгінде Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқандықтан, мемлекеттілікті нығайту, демократияны одан әрі дамыту мәселесі өзекті. Қазақстандағы президенттік институт уақыт сынынан өтіп, мемлекетті саяси тұрақтылық пен қарышты экономикалық дамумен қамтамасыз етті».

Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі (1991-1994 жж.) Төлеутай Сүлейменов президенттік институттың арқасында дипломатиялық жетістіктерге қол жеткізілгенін ерекше атап өтті. «Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстандық жол» кітабында мемлекеттік қызметтің маңызды саласы – дипломатияны басынан бастап құруға тура келгеніне назар аударады. Әуелі Қазақстанның экономикалық әлеуетінің, оның геосаяси орналасуының талдауын жасап, біздің еліміздің халықаралық қарым-қатынастағы рөлін және орнын анықтау талап етілді. Қазақстанның ұзақмерзімді ұлттық мүдделерін нақты және толық түрде түзуге баса назар аударылды. Дипломатиялық құралдар арқылы еліміздің ішкі дамуына қолайлы жағдайлар қалыптастыру қажет еді. Біздің сыртқы саясат жалпы тұрақтылықты және қауіпсіздікті нығайтуға, өзара тиімді ықпалдастықты дамытуға бағытталған. Біздің дипломатияның негізгі қағидалары белсенділік, теңгерімділік, прагматизм, конструктивті диалог және жан-жақты ықпалдастық», — деді Төлеутай Сүлейменов.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, саясат ғылымдарының докторы Наталья Калашникованың айтуынша, қазіргі мемлекеттердің даму тиімділігі мықты, жауапты және креативті ұлттық көшбасшылармен анықталады. «Қазақстан үшін мұндай тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екендігі даусыз. Оның саяси ерік-жігері мен сарабдал саясаты Қазақстан халқын бірыңғай азаматтық қоғамға біріктірді», — деді ол.

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымының докторы, профессор Ғазиз Телебаев Елбасының бастамасымен қолға алынған бастамалар мен идеялар кеңінен зерделетінін алға тартты. «Бүгінде «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі қабылданып, осы тұрғыда көптеген істер атқарылуда. Оның аясында жалпыұлттық бірегейлікті қалыптастыру бірқатар жылдарға созылатын шаруа, оны қезең-қезеңмен атқарған жөн. Оған бүкіл қоғам атсалысқаны дұрыс. Ең бастысы – бірегейлікті қалыптастыру қоғамдық сананың жаңғыруын талап етеді. Оған Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында баса мән берген», — деп атап өтті ол.

Дөңгелек үстелде конституциялық өзгерістер аясында Қазақстан Республикасының саяси жүйесін жаңғырту барысы кеңінен талқыға салынды.

Дөңгелек үстел қатысушылары президенттік институттың қалыптасуы, оның Қазақстандағы мемлекеттілікті құрудағы, этносаралық және дінаралық келісімді нығайтудағы, қоғамды біріктірудегі, жаһандық, аймақтық және ұлттық деңгейде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлі мен маңыздылығы талқыланды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Баяндамалар негізінде материалдар жинағы жарық көреді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.