Ғалымның аты жаңғырған олимпиада

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика әдістемелік бірлестігі белгілі ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Қажи Нұрсұлтанұлы Нұрсұлтановтың атында 5-6 сынып оқушылары үшін математикадан І аймақтық олимпиада өткізді. Олимпиадаға 130-ға жуық оқушы қатысып, бақтарын сынады. Бар ғылымның атасы саналатын есепке кімнің жүйрік екендігін анықтады. Олимпиада аясында әдістемелік-тәжірибелік конференция қоса өтіп, мектеп мұғалімдерінің көкейінде жүрген өзекті мәселелер ортаға салынды.
— Қажи Нұрсұлтанұлының отандық математика саласына қосқан үлесі өте зор. Ол университетте дәріс бере жүріп, орта мектептердегі әріптестеріне үнемі қолдау білдіріп отырған. Сол арқылы баланың математикаға деген қызығушылығын мектеп партасынан бастап ояту керектігіне ерекше мән берген. Бүгінгі олимпиаданың мектеп оқушылары үшін өткізілуінің басты себебі де осында. Өз мамандығын жан-тәнімен сүйгенінің арқасында балаларға арнап «Жүлдегерлік жүз есеп», «Ертегі есептер», «Ойлау логикасы» атты қызықты әрі тартымды кітаптар жазып қалдырып, математика ғылымына «Дискретті математикалық логика», «Математикалық логиканың бастамалары» сынды құнды еңбектерін мұра етіп қалдырған. Бұның сыртында 300–ден астам ғылыми зерттеулері есепке жаны құмар жандар үшін таптырмас әдістемелік көмек болары сөзсіз. Олимпиада шеңберінде ұйымдастырылған конференцияға өңір ұстаздары жіберген 35 зерттеу жұмыстарының 15–і іріктеліп алынды. Осы жұмыстар математика пәніндегі өзекті мәселелерді ортаға салып, оның шешілу жолдарын қарастырады, -дейді мектебіміздің математика пәнінің мұғалімі Гүлбаршын Қайырғалиқызы.
Түпкі мақсаты – дарынды оқушыларды анықтап, оларға қолдау білдіру, балалардың математикаға деген қызығушылықтарын оята түсу, математика пәні мұғалімдерінің озық іс-тәжірибелерін тарату, пікір алмасуды көздейтін олимпиаданың ашылуына ғалымның шәкірттері, қызметтес болған іні-қарындастары, ұрпақтары қатысты. Солардың ішінде сөз алған мектебіміздің директоры Бағдан Қайыржанов, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің «Жаратылыстану-математика» факультетінің деканы, физика-математика ғылымдарының докторы Гүлназ Берікханова, «Математика және математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Оралтай Жолымбаев, осы кафедраның аға оқытушысы, ғалымның тұяғы Гүлзифа Нұрсұлтановалар ұлағатты ұстаз, білікті ғалым, үлгілі әке жайлы жылы лебіздер білдірді.
Хош, сонымен білім бәйгесінің шеңберінде өткізілген «Заманауи математика мұғалімі қандай болу керек және математика пәні қалай оқытылу керек?» атты конференцияға тоқталсақ. Конференция жұмысына қала мұғалімдерінен бөлек шалғайдағы аудан, ауыл мұғалімдерінің өз жұмыстарын жіберуі мектепте математика пәнін оқытуда жаңашылдықтың қажет екенін көрсетсе керек. Тіптен көршілес Алматы облысынан өз іс-тәжірибесімен бөлісуге «Жаңартылған білім мазмұны» бағдарламасының Іле ауданы бойынша үйлестірушісі Гүлжанат Әкімбаеваның келуі мен «Математиканы оқыту мәдениетіндегі айырмашылықтар» тақырыбында өз тәжірибесін ортаға салған мектебіміздің халықаралық мұғалімі Болят Лерканың (Ljerka Boljat) қатысуы бұл конференцияның жай басқосу емес екендігін дәлелдеп берді.
Ұйымдастырушылар сөзіне қарағанда, баяндама жасап, өз іс-тәжірибесімен бөлісуге ниет білдіргендер саны 56 адам болған. Дегенмен, арнайы құрылған комиссия шешімімен солардың 15 –і ғана іріктеліп алынып, 3 секцияға бөлінген екен. Математикалық білім беру мәселелері, жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы әдіс-тәсілдер, математика пәнінен сыныптан тыс жұмыс (қолданбалы курстар, ғылыми жобалар, тереңдету тақырыптары) секцияларына топтастырылған мұғалімдер өз баяндамаларын қазақ және орыс тілдерінде жеткізіп, конференцияға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Ал, олимпиада 2 – кезеңді қамтып, алғашқы кезеңде онлайн түрде бақ сынаған 500 оқушының 128 –і ғана екінші кезеңге қатысуға мүмкіндік алған. Жас математиктерге 50 тесттік тапсырмалар берілді. Олардың 35 сұрағы мектеп бағдарламасынан алынса, 15 — і ой ұшқырлығын тексеру үшін логикалық сұрақтарға негізделді. Белгіленген уақыт ішінде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан шәкірттер олимпиада жеңімпаздары болып танылды. Ұйымдастырушылар шешімімен I-II-III жүлделі орындары бірнеше балаға қатар беріліп, нәтижесінде Экономикалық лицей, № 1,2,5,6,7,8, 11,15,16,23,26,27,30,31,35,37,44, 47, Быхин атындағы жалпы білім беретін, Приречное орта мектептерінің оқушылары олжалы қайтты. Жеңімпаздарға «Sem-Slada» торт-кондитерлік өнімдерінің қаржылай көмегімен ұйымдастырушылар әзірлеген естелік сыйлықтар табысталды. Ал конференцияға қатысушы ұстаздарға сертификаттар табысталып, келесі бас қосудың жоспары талқыланды.
Олимпиаданың жабылу салтанатында өз ойларын ортаға салған қонақтар бұндай шараның білімін сынаушы балаларға да, оқып-үйренемін деген оқытушыға да пайдасы мол екендігін тілге тиек етті. Осылайша, «Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Жоғары мектептегі үздік еңбегі үшін»,«Ұлағатты ұстаз» төсбелгілерінің иегері, «Семей қаласының Құрметті азаматы» Қажи Нұрсұлтанұлы атындағы І аймақтық олимпиада осылайша қорытындыланды. Шараның жоғары деңгейде өтуіне себепкер болған мектебіміздің математика әдістемелік бірлестігі ғалымның ұрпағы Гүлзифа Нұрсұлтановаға әкесінің портретін сыйға табыс етті.
Соңында мектеп директоры Бағдан Қайыржанов олимпиаданы өткізу алдағы уақытта да жалғаса беретіндігін айтып, қатысушылардың барлығына алғыс айтты.

 

Нартай Советханұлы,
Нұрғазы Сейітқазыұлы
Семей қаласындағы ФМБ Назарбаев
Зияткерлік мектебінің математика пәнНИШінің мұғалімдері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.