Home » Ашық сабақтар » Ғажайып қыс

Ғажайып қыс

Мақсаты: Жыл мезгілі қыс туралы түсініктерін кеңейту, балалардың сөйлеу әрекетін, тілін, диалогты сөйлеуін, ой-қиялын дамыту. Табиғатты аялауға, әдемілікті сезініп, көре білуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер: Қыс мезгілінің суреттері

Балалар, бүгін бізде ерекше күн. Біздің топқа көптеген қонақтар келіп қалыпты. Олай болса қонақтармен амандасып алайық.

Шаттық шеңбері: Армысың, Алтын күн!

                                 Армысың, көк аспан!

                                 Армысың, достарым!

                                   Армысың, апайлар!

Балалар, бүгінгі оқу іс-әрекетіміздің тақырыбы «Ғажайып қыс». Балалар, қазір жылдың қай мезгілі? Қыста қандай ерекшеліктер болады? Қыс мезгілінде қандай ойындар ойнағанды жақсы көресіңдер? Қыста адамдар қалай киінеді? Қыс мезгілінде неше ай бар? Біз қыс мезгілінде қандай мерекелерді тойлаймыз? (балалар жауабы тыңдалады). Жарайсыңдар, балалар! Қанекей, кім қыс мезгілі туралы тақпақтар біледі, айта қойыңдаршы?

Балалар тақпақтар айтады:

Жазира

Аулада ойнап шулайды,

Қар лақтырып балалар..

Сырғанаққа заулайды,

Шаңғышылар, шаналар.

Болат

Уақыт мол бөлеміз

Қыс қызығын көреміз

Сары аязда шыңдалып,

Шымыр болып өсеміз.

Мақпал

Күн аязды, боранды

Жер ақ қарға оранды

Жылы жақтан келген құс

Жылы жаққа оралды

Балалар, біз қай мемлекетте тұрамыз? Туымызда не бейнеленген? Туымыздың түсі, пішіні қандай? Ал елтаңбамызда не бейнеленген? (балалар жауабы тыңдалады)                                                                                                                                                                                    1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. 16 желтоқсан –Тәуелсіздік алған күніміз. 31желтоқсан — Жаңа жыл мерекесі.

  • Жарайсыңдар, балалар. Қане олай болса, біз ойын ойнайықшы. Сендер ойын ойнағыларың келе ме? Балалар, біз қыста қалың киінетін болғандықтан мен сендермен «Сыңарын тап» ойынын ойнағым келіп тұр.

Ойын «Сыңарын тап»

Тақтада бас киімдердің суреттері тұрады, тақта алдында бас киімдердің сыңар қолғаптары жатады. Балалар бас киімнің қасына қолғаптарын жұптастырып, бетіндегі өрнектерін және сызықтарын сипаттап айтады. Балалар қызыға ойнап, ойынға барлығы қатыстырылады.

Сергіту сәті:   Тоңса біздің қолымыз,

Қолғап киіп аламыз.

Сарт, сарт, сарт

Алақанды соғамыз.

Тоңса біздің аяғымыз

Етік киіп аламыз.

Топ, топ, топ

Топылдатып билейміз.

Тоңса біздің денеміз

Тонды киіп аламыз

Зу, зу, зу

Шанаменен зулаймыз

  • Балалар, мен сендерге тағы бір ойын ойнатқым келіп тұр. Ол ойынның аты «Жанұяда нешеуміз?» деп аталады. Бәріміз бірге жұмыла қатысайықшы.

                 Ойын «Жанұяда нешеуміз?»

Ата, әже, әке, ана, бала суреттері тақта алдында жатады. Бір-бір баладан шығып, суреттерді орналастырады. Бірінші қойылған суреттің жанына реттік сан таңбаларымен белгілейді және тура, кері санайды. Жарайсыңдар, бәрекелді балалар! Қане орнымызға отырып, алдымыздағы суретте бейнеленген тапсырманы орындайық. Суретте не бейнеленген? (балалар жауабы тыңдалады). Олай болса осы ыдысымызға қардың көрінісін жапсырайықшы.

                 Шығармашылық сәт:

Үстел үстінде құманның суреті болады, оған қар көрінісі бейнеленген қиындыны жапсырады. Өте жақсы, балалар, қанекей жапсырған құманымыз бен қарымыздың суретін көрсетейікші.

Қорытынды: Балалар, бүгін біздің оқу іс-әрекетіміз не туралы болды? Қандай ойындар ойнадық? Нені жапсырдық? Сендерге сабақ ұнады ма? Жарайсыңдар, маған да сабағымыз ұнады, себебі сендер сабағымызға өте жақсы қатыстыңдар. Сол себепті мен сендерді бағалап, марапаттағым келіп тұр. Балаларды мадақтайды. Жақсы, балалар, біздің бүгінгі оқу іс-әрекетіміз аяқталды, келген қонақтарға сау болыңыздар дейік.

Жұлдызбаева Асем Аминовна,

№5 «Балбөбек» балабақша тәрбиешісі

Манғыстау облысы, Мұнайлы ауданы,

Қызыл төбе-2 ауылы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.