Home » Балабақша » Бала дамуындағы ата-ананың рөлі

Бала дамуындағы ата-ананың рөлі

Тәуелсіз еліміздің келешек ұрпақты тәрбиелеу мәселесі – бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Бұл мәселенің шешімін табуда үздіксіз білім беру жүйесі айтарлықтай дәрежеде қайта қаралып, оны жетілдіру жолдары іздестіруде.

Мектепке дейінгі ұйымдарда баланың білімге деген құштарлығын арттырудан, ұлтымызға тән қасиеттерін бойына сіңірген бала тәрбиелеуден бастағанның маңызы зор.

Балабақша – бүлдіршіндерді болашақта ата дәстүрін сақтайтын инабатты да, ибалы, үлкен-кішіні сыйлай білуге үйрететін тәрбие орталығы. Өмірге келген жас ұрпақты тәрбиелеу – ата-аналар мен балабақша тәрбиешілерінің қасиетті борышы.

Бала үшін дүниеде ең жетілген, білімді де, мәртебелі адам – оның ата-анасы. Ал, ең әдемі де жарық үй – оның туылған үйі. Жас баланың дамуында ата-ананың орны ерекше, сондықтан ата-ана өз отбасында қолайсыз жағдайларды баланың көзінше тудырмауға тырысу қажет.

Отбасындағы ұрыс-керіс баланың жүйкесін тоздырады. Кейбір ата-аналар өз перзентін шектен тыс еркелетіп, баланың бетінен қақпай, көңіліне қарап тәрбиелейді. Ал мұндай көріністер баланың бойына кері қасиет пайда болуына тікелей жағдай тууына себеп болады. Ата-аналар балаға отбасылық өмірдің алуан түрлі қыры мен сырын, дүние жұмбақтарын танытып, тағылым талғамға, әдептілікке баулуға тиіс. Себебі, ата-ананың күнделікті өмір тіршілігіндегі еңбегі, адамның бейнелері, жақсы мінез-құлқы, дұрыс қарым-қатынасы – балаға үлгі.

Баланың алдында барынша сабырлы әрі ұстамды болуға тырысу керек, ата-ана өзі үлгі бола отырып, баласын сабырлылыққа тәрбиелейді. Әрбір ата-ана өз баласы үшін басты тұлға. Сондықтан да кез-келген бала алдымен үлгіні ата-анасынан алады. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады.

Ата-ана баласымен пікірлесуді бейауыз сөздерді қолданбай, дөрекілікпен жеке басын қорламай, мейірімді, табиғи, жылы ақылды сөздер айтып өнеге бере білсе, тәрбие де табысқа жетеді, өйткені, жақсы сөз жан семіртеді. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымның педагогикалық ұжымының баланы өсіріп тәрбиелеудегі басты мақсат: ата-аналармен бірлесіп, қоғамдық өмірге «түзу кірпіш қалау», бұның маңызын ескере отырып осы мақсатты жүзеге асыру үшін алдындағы қандай да болмасын қиындықтарды жеңу, соған сәби кезінен төмендегі мынандай көзқарастарды негізгі ұстаным ретінде қабылдау:

  • Баланы «ол – сәби, әлі ештеңе білмейді, ұқпайды» деп жай көзбен қарамау керек, өйткені ол да – өсіп келе жатқан тұлға.
  • Баланы әр уақытта шындыққа үйрету.
  • Еш уақытта алдамай, шындықты ашып айтып, сол жағдайда дұрыс көзқараспен қарауға жағдай туғызу.
  • Баланың өз ісін уақытымен күнде қадағалау, бақылау.
  • Баланың әрбір ісін қадағалап, оған деген көзқарастан нәтиже шығаруға көмектесу.

Қандай жағдай болса да, ұрпағын жауын мен жел өтінен, жаман әдеттен қорғап, өз бойындағы ең жақсы қасиеттерін сіңіру, ана уызымен бірге ұлттық дәстүр қайнарына қондырып өсіру – әке мен ананың ұлы борышы.

Дені сау, рухы таза, ана тілін толық меңгерген ұрпақ өсіру – қазіргі кездегі ең негізгі мәселе. Бала тәрбиесіндегі отбасы басты орын алады. Баланың ана тілін толық меңгеруі, ұлттық-сана сезімін тәрбиелеу, денсаулығын түзету, бала тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін білу жөніндегі дағдыларын қалыптастыру мектепке дейінгі мекемелерге жүктелген.

Тәрбиенің сан алуан келелі мәселесін шешетін, қарапайым дағдыларды бала санасына орнықтыратын алғашқы білім баспалдағы – балабақша. Балабақшада халық педагогикасын бала бойына сіңіре отырып имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелейміз.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпыға міндетті мемлекеттік стандартының бес саласының әр бөлімдерінің ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде салт-дәстүрдің барлық түрлерін баланың бойына сіңіреміз. Мысалы: тұсау кесу, бесікке салу, тілашар т. б.

Мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері өз тәрбиелерінде халық ауыз әдебиетінің ішінен жиі мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, санамақтар, ертегілерді оқу іс-әрекеттерінде пайдаланады.

Бүгінгі күнде жас ұрпақтың сана сезіміне өз елінің, жерінің тарихы мен мәдениеті туралы алғашқы ұғымдарды кішкентай кезінен қалыптастырамыз.

Балабақшаның негізгі міндеті – баланың жеке басының бастапқы қалыптасуын қамтамасыз ету. Бұл жас баланың ақыл-ойының дамуы мен даярлығы үшін қолайлы кезең.

Осы кезеңде бала оқу мен тәрбиені қалыптастыруға, өз қызметін білуге, тілдік қатынастың қарапайым тәжірбиесінде өзін-өзі таныта білуге, мінез-құлық мәдениетіне, жеке гигиеналық және салауатты өмір салтының негіздеріне бағытталады.

Еліміздің ертеңгі болашағы – жас ұрпақты азаматтық пен имандылыққа баулу – тәрбиенің басты міндеттерінің бірі. Сонымен қатар, ата-аналар мен мектепке дейінгі ұйымдар ұлттық тәрбиеге де мән бергендері жөн. Бұл саладағы күш-жігер алдымен бүлдіршіндерді отандыққа тәрбиелеуге бағытталады.

«Отан» деген ұғым балаға дүние есігін ашқан үйі, ата-анасы, ағайын-туыстары, туған жері, кең-байтақ гүлжазира даласы, тау-тасы, өзен-көлі, сылдырап аққан мөлдір бұлағы бейнесінде қабылданып, ең қасиетті де құдіретті алтын бесігі ретінде танытуға тиіспіз.

 Нурбергенова Балторе Копбергеновна

№15  «Әлия» балабақшасының директоры,

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.