Алматы қаласы, Жетісу ауданында орналасқан №103-санаториялық балабақшасында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында «Ғажайып түс көрген патша» атты сахналандырылған ашық сабақ болып өтті.
Жалпы, №103-санаториялық балабақшасы 1989 жылы бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан. Бүгінде бұл мекемеде білікті 41 маман жұмыс істеуде. 120 балаға арналған санаториялық балабақшада ата-анасы өкпе сырқатына шалдыққан немесе осындай сырқаттағы адамдармен қарым-қатынаста болған бүлдіршіндер тәрбиеленуде.
Ал бүгінгі «Ғажайып түс көрген патша» тақырыбындағы сахналандырған ашық сабақ өзге балабақшаларға өнеге болатындай дәрежеде ұйымдастырылыпты. Сахнаның безендірілуі, әуенмен әрленуі, балардың ерекше сахналық костюмдері және бірегей сценарийі келген қонақтарды тәнті етті. Бұл шараны ұйымдастыруға балабақшаның барлық қызметкерлері мен бұлдіршіндердің түгелдей дерлік атсалысқандары анық. Дегенмен, осындай жоғары дәрежелі шараны ұйымдастыруда балабақша меңгерушісі Баян Сатыбалдиева, әуен жетекшісі Гүлсім Назарова, тәрбиешілер Қатира Тұрсынбаева, Әсия Мұсаева, Жансая Шолпанқұлова, психолог Арай Рахман және әдіскер Надира Мұқановалардың еңбегі ерекше екендігін атап өткен жөн.
Әсем безендірілген киімдерін киген балалар арнайы жазылған сценарий бойынша «Ғажайып түс көрген патша» ертегісіндегі рөлдерін ешбір қиындықсыз, ерекше ынтамен орындап шықты. Ертегі желеісі бойынша патша, өзінің түсінде көрген дүниелерін жору үшін ел аралай бастайды. Осындай сахналық көрініс арқылы балалар қазақ ұлтының бірқатар салт-дәстүрін әспеттеп, түрлі ертегі кейіпкерлерінің образын жан-жақты ашты. Осылайша бүлдіршіндер, рухани жаңғыру мәселесінде өздерінің де құр алақан, сәби кезінен бастап барлық рухани құндылықтарымызды бойларына сіңіріп жатқандығын көрсетті.
Аталмыш шараға келген қалалық және аудандық білім басқармасы, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері балабақша ұжымына өз ризашылықтарын білдіріп, бүлдіршіндерге толағай табыс тіледі.
Алмас Тұяқбай
Білім айнасы
Алматы