Балаларға арналып өңделген музыкалық сахналық қойылым.
Мақсаты: Балалар бойына мейірімділік, адалдық, жанашырлық сезімдерін ұялата білу.
Білімділік: Орман дәрігері оқу қызметінде бес саланы біріктіре отырып, балаларға жан – жақты білім мен тәрбиені сіңіру, сахналық қойылымды аша білу. Музыкалық – шығармашылық сахналық қойылым арқылы балалардың ой – өрісін жетілдіру. Сахнада өзін – өзі ұстауы, әртістік қабілетін ашу.
Дамытушылық: Балалардың тілін дамыту. Сөз қорын анық айтып, кейіпкер ойын анық жеткізе білуге үйрету.
Тәрбиелік: Мейірімділікке, бір – біріне қамқор болуға, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете білуге, қоршаған ортаны аялай білуге тәрбиелеу.
Қатысушылар: Терек атай, Көгершін, Қораз және балапандар, Бұлбұл, Гүлдер, Торғай, Аққу, Тоқылдақ.
Керекті құралдар: Слайд тақтасы, терек ағашы, шөптер, гүлдер, дәндер.
( Әуенмен ертегіші Ханшайым балаларды ертіп келеді)
Ертегіші Ханшайым:
Сәлеметсіңдер ме, менің кішкентай бүлдіршіндерім!
Мен сендерге бүгін мейірімділік, қамқорлық жайлы ертегі оқып беремін.
Қош келдіңіз бәріңіз!
Ертегілер еліне.
Әрбір сөзім кәделі,
Әрбір сөзім дәлелді.
Шын пейілмен тыңдасаң,
Ертекшіңіз мен болам.
Құлақ салып сөзіме,
Ертегімді тыңдаңдар!
— Баяғы өткен заманда орманда үлкен Терек өсіпті. Жиырма жасында ер жетіп, отызында бұғанасы бекіп, қырқында кемеліне келіпті де, елуден асқанда қартая бастапты. Кейбір бұтақтары семіп, қожыр – қожыр қабығының әр жері қуарып қалыпты. Қатты жел соқса болды, бұтақтары сырқырап тұла бойы ауыратын болыпты. Күндердің бір күнінде терекке құрт түсе бастайды. Құрт көбейіп, оның әр жерін тесе бастапты. Тұла бойы қақсап ауырған соң амал барма?
( Сахнаға Терек шығады)
Терек атай: — Ай, жаным-ай, жаным. Енді не істейін? Құрт ауруына шалдықтым, өкпемді тесіп, жеп, өлтіріп барады. Кеудем ауырады, бұтақтарым сырқырайды, жапырақтарым сыздайды. Жәрдем бере көріңдер? Дәрігер шақырып, емдеңдер? (2-3 рет қайталайды)
( Тоғай ішінде ұшып жүрген Көгершін, Терек атайдың дауысын есітіп, ұшып келеді. Хал – жағдайын сұрап, біліпеді)
Көгершін:
-Терек атай, ауруыңыз жаман екен. Бірақ, мен дәрігер кім екенін білмеймін. Дегенмен іздеп көрейін, бір хабарын берейін.
( Көгершін сөздерін айтып, ұша жөнеледі. Кім көмектесе алар екен деп ойланып келе жатса, жайылып, дән жеп жүрген Қораз бен балапандарды көреді)
Көгершін:
—Уа, Қораз – ау, Қораз,
Сөзім қысқа, уақыт аз.
Терек ата науқастаныпты,
Маған еріп жүрсең қайтеді?
Қораз:
Ку-ка-ре-ку!
Айналайын, Көгершінім.
Айту керек сөздің шынын,
Тауықтар көп, мен жалғызбын.
Айғай салып шақырамын,
Елді ұйқыдан оятамын.
Көгершін сен бізге ренжіме, менің балапандарым саған арнап , тақпақтар айтып берсін.
Тақпақтар:
Хадиша:
Ақ ниетті Көгершін,
Адалдықтың белгісі.
Бүкіл әлем біледі,
Бейбітшіліктің құсын.
Інжу:
Ақ көгершін самғай бер,
Бақыт құсы бір өзің.
Қамқоршы боп жүре бер,
Мейірімділік үлгісі.
(Көгершін өзі жайлы естіген өлеңдерден кейін көңілі көтеріліп, әрі қарай ұша жөнеледі. Ұшып келе жатып, ән салып тұрған бұлбұлға кездеседі)
Бұлбұл:
Құлағың сал әніме,
Кешір маған ренжіме.
Мен атақты әншімін,
Бұл ежелгі кәсібім.
Көгершін: — Бұлбұлжан көмек керек. Терек атай сырқат, емдеп жазатын дәрігер керек.
Бұлбұл: — Тоғайды дамылсыз аралап жүрмін. Құстарға, аңдарға ән салып беремін.Ойлашы досым, сонда саған қалай еремін? Мейірімді құс Көгершін, мен өзімнің әсем дауысыммен сені жігерлендірейін.
( Бұлбұл ұышып кетеді)
Көгершін: — Енді не істеймін? Дәрігерді қайдан табамын?
( Көңілді әуен қойылады, ортаға жайқалып гүлдер келеді)
Гүлдер: — Мейірімді құс – Көгершін, сен неге мұңайып отырсың? Біз сенің көңіліңді көтеріп, би билеп берсек қалай қарайсың?
Көгершін: — Рахмет сендеге, көңілім көтеріліп қалды.
(Көңілі көтерілген Көгершін, әрі қарай ұша жөнелді. Ұшып келе жатып, ағаш басында отырған Торғайға кез болады. Мән-жайды түсіндіреді)
-Торғай маған сенің көмегің керек. Терек атай қатты науқас. Тезірек емдеп жазбасақ, ыстық аптапта көлеңкесіз қаламыз.
Торғай:
Терекке баруға уақытым жоқ, қолым тимейді. Бау-бақшаны шарлаймын, құрт –құмырсқаны аулаймын.
Жеміс жақсы өссін деп,
Күні – түні ойлаймын.
Сонан соң қалай қол тисін.
Ақ көгершін сен қамықпай менімен бірге ойын ойнап бір сергіп алсаң қайтеді?
Көгершін:
Жарайды, сергіп, бойымды бір жазып алмасам, қанаттарым талып кетті.
Ойын: «Ағашты құрастыр»
Ертегіші Ханшайым:
Осылай, Көгершін бір сергіп алып, ұша жөнеледі. Көгершін орман – тоғайды шарлап жүріп, талай құсқа кездесіпті. Бірақ, барлығының жұмысы болғандықтан ешқайсысы да, көмектесе алмапты. Ұшып келе жатып, айдын – көлдегі сұлу Аққуды көреді. Аққуға жақындап, мұңын айта бастайды.
Көгершін: —О, киелі, мейірімді Аққу!
Ыстық аптапта сая болған,
Терек атай құрт ауруына шалдығыпты,
Көмегің керек, көмектесе аласың ба?
Аққу: — Киелі ақылгөй құспын ежелден. Ақыл – кеңес беремін.
Мақал – мәтел:
Жұмсақ ағаш құртқа жем,
Жұмсақ адам жұртқа жем – деген бар.
- Көгершінім, сәл аялда қамықпа. Саған бір ақыл берейін, берірек кел жақында.
- Мазалама, жұмысы бар құстарды, Тоғайда жұмыссыз жүрген құстар көп. Саған солар көмектесе алар. Бейбітшілік құсы – Көгершін. Сен қайғырма, менің сұлулығымды көргің келе ме?
Көгершін: Ия
Аққу: Олай болса, менің әсем биіме назар сал.
Би: «Аққу»
Ертегіші Ханшайым:
( Айдын көлдегі Аққу өз ақылын айтып, көліне қайтады. Көгершін көп ұшып, Тоғайға келеді. Бұтақтан – бұтаққа қонып отырған бір құсты көріпті. Таң қалып, қарап ……)
Көгершін:
Сені мүлдем танымаймын. Айтшы, белгісіз құс атың кім?
Құс:
Аты – жөні белгісіз, үй – күйсіз жүрген құспын.
Көгершін:
Іздегенім сен едің,
Кәсіп тауып беремін.
Жүр менімен бірге.
Ертегіші Ханшайым:
( Сөйтіп, Көгершін аты – жөні белгісіз құсты Терекке алып келеді)
Көгершін:
Келте тұмсық, аяғы быртық,
Өзінде түр жоқ.
Қанаты бос, құйрығы шолақ,
Сірә, болар іске олақ.
( Көгершін ойланып, тұрып)
-Әй, қайдам?
Теректі емдей ала ма екен?
Құс:
Көмектесіп көрейін.
Тақпақ:
Тек жақсылық ойлайық,
Жақсы көзбен қарайық.
Бірімізге – біріміз,
Жақсы сөздер айтайық.
Қамқор болып, әрқашан,
Жақсы істер жасайық.
Ертегіші Ханшайым:
(Белгісіз құс олақ болғанымен жалқау емес екен. Бірден іске кірісіпті. Дамылсыз еңбек еткеннен кейін, екі бүйірінің бұлшық еті бұлтиып, қауырсыны құлпырып, қанат – құйрығы шыңдалып, керемет шынығып шыңдала түседі)
Бір күні Терек атаны емдеп жатыр дегенді естіп, Қораз және балапандар, Торғай, үлдер, Бұлбұл, Аққу келеді. Көгершінім – ау, бұл не қылған құс? – деп сұрастыра бастайды.
Көгершін:
Е-е-е не қыласың?
Теректі емдеп жазып береді. Өнерлі құстардың барлығының аты бар өзіне лайық. Ал, бұл құста ат жоқ. Қанекей, ойланып бұл құсқа ат қояйық.
Аққу:
Бұл құстың аты өзіне лайық – Тоқылдақ болсын.
Ертегіші Ханшайым:
( Терек бойын көтеріп, жан – жағына қарап)
-О-о-о, мейірімді құс – Көгершін! Саған мыңда бір рахмет! Сен мейіріміңді төгіп,жаның ашып, мына дәрігер құсты таппағанда, менің кеудемді ендігі құрт жеп, қурап қалар едім. Саған және мына дәрігер құс – Тоқылдаққа алғысымыз шексіз. Барлық құстар қуанып, шапалақ ұрып, Теректі айнала ән салады.
Хор: «Табиғатты аялайық!»
Автор: Юсупова А.
- Табиғатты біз аялап,
Жанашыр боп жүрейік.
Қамқор болып құстарға,
Бірігіп көңіл бөлейік.
қ/сы
Табиғатты,
Табиғатты,
Аялайық, әрқашан!
Баптап біз оны, күтейік әркез!
Құлпырсын, бау – бақшамыз.
Жемісін беріп, жайқала берсін,
Табиғатым тамаша!
- Тату болып жүрейік,
Қызықты өмір сүрейік.
Тамсана ел қарасын,
Қосылыңыз біздерге!
Юсупова Айгерім Мауленовна,
Мұнайлы ауданы, Маңғыстау 5 елдімекен
№ 9 «Бәйтерек» балабақшасы,
музыка пән жетекшісі