Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Ықшамсабақ өткізуді ұйымдастыру

Ықшамсабақ өткізуді ұйымдастыру

Ықшамсабақ дегеніміз не? Ықшамсабақ – мұғалімдердің тәжірибесін жетілдіру мақсатында оларға қолдау көрсету әдісі. Мұғалімдер әдетте бес-алты адамнан тұратын шағын топтарда сабақ немесе сабақтың бір бөлігін өткізу үшін бірге жұмыс істейді. Топтағы әр мұғалім кезек-кезегімен мұғалім рөлін атқарып, «сабақ» өткізеді. Басқа мұғалімдер оқушы рөлін ойнайды. Мұғалімдер сабақтарды видеоға жазып алып, өзін-өзі бағамдауды таңдауы мүмкін немесе шағын топта қадағалаушыны немесе қадағалаушыларды тағайындап, олар ықшамсабақтан кейін бірден кері байланыс ұсынады.

Мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары аясында бұл тәсіл мұғалімдерге тәжірибесін жетілдіруге қолдау көрсету үшін пайдаланылады. Мұғалімдер тек сабақ өткізуші рөлін ғана емес, қадағалаушының да рөлін орындап көреді. Өзара кері байланыс ұсынуға мүмкіндік алады. Осылайша мұғалімдер өз сабағына рефлексия жасайды және әріптесіне кері байланыс ұсына алады. Бірлескен ортада жаңа тәсілдерді қолдану арқылы мұғалімдерді қадағалай отырып, оларға кері байланыс ұсынуға мүмкіндік беретіндіктен, бұл әдіс курстың маңызды бөлігінің бірі болып табылады. Сабақтың бір бөлігінің жоспарын құрып, шағын топта көрсетеді. Сабақты талдау барысында, олар тәжірибеде кездесуі мүмкін мәселелерді толығымен түсінеді, есте сақтайды және жаңартылған білім беру бағдарламаларын енгізу кезінде осыны назарға алады. Ықшамсабақты мектеп тәжірибесінде де өткізуге болады. Бұл мектеп басшыларына жаңартылған білім беру бағдарламаларын және жаңа педагогикалық тәсілдерді енгізуде мұғалімдерге қолдау көрсетуге көмектеседі.

Ықшамсабақ АҚШ-да 1960 жылдары педагогтердің кәсіби шеберлігін дамыту тәсілі ретінде пайда болған. Стэнфорд университетінің бірқатар зерттеушілер тобы Дуайт Аллен мен Кевин Райанның басшылығымен әзірлеген екен.

Ықшамсабақ үш мақсатқа қол жеткізуге бағытталады:

  • тыңдаушыларды оқыту тәжірибесімен таныстыру және олардың өзіне деген сенімін арттыру;
  • оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін сынап көрудің ықпалын зерттеу;
  • біліктілік арттыру курсының бөлігі ретінде тәжірибелі мұғалімдерді жетілдіруге қолдау көрсету.

Ықшамсабақтың артықшылықтары неде? Мұғалімдердің тәжірибесі жетіледі, проблемаларды шешу қабілеті артады, кері байланыс ұсынуды үйренеді, рефлексия жасау дағдысы қалыптасады, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау дағдылары дамиды және көшбасшылық қасиеттерінің ашылуына мүмкіндік болады.

Ықшамсабақ ұйымдастыру алдын-ала дайындықты қажет етеді. Біріншіден, ықшамсабаққа арнап оқу материалдарын әзірлеп, қажетті оқу ортасын қалыптастыру қажет, екіншіден, нақты оқу мақсатымен байланысты тапсырманы орындау, үшіншіден, күтілетін нәтижені іс-әрекет пен эмоцияға емес, нақты танымдық аспектіге бағыттау, төртіншіден, оқу мақсатына сәйкес әдіс-тәсілдерін анықтау, бесіншіден, мұғалімдердің білімі мен оқыту дағдыларын бағамдау және қалыптастырушы бағалауды жүргізу.

Ықшамсабақ өткізу барысында әрқайсысына пән мұғалімі болып оқытуға, оқушы рөлін орындауға және бақылаушы болуға кезек беріледі. Ықшамсабақ өткізуге 10 минут, кері байланысқа 5 минут беріледі. Барлығы 15 минут; 4 ықшамсабақты өткізу уақыты 1 сағат жеткілікті болады. 15 минут ықшамсабақ ұйымдастырушының жалпы кері байланысына беріледі. Ықшамсабақты пән бірлестігі немесе арнайы мұғалімдердің тобымен ұйымдастыруға болады.

Осы қадамдарды ескере отырып мұғалімдер өзара тәжірибе жетілдіруде білім беру ұйымдарында ықшамсабақ ұйымдастыра алады.

 

Тусупкалиева Гульмира Куантаевна,

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды

облысы бойынша ПҚ БАИ

инновациялық білім беру және

ақпараттық технологиялар

кафедрасының аға оқытушы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.