2018 жылдың 29-31 қаңтары аралығында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ-да облысымыздағы қала, аудан мектептерінің информатика пәні мұғалімдерінің қатысуымен «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында «Scratch» бағдарламалау ортасын оқу үрдісінде қолдану» тақырыбындағы облыстық ғылыми семинар өтті.
Семинардың мақсаты — Қазақстан Республикасында білім мазмұнын жаңарту жағдайында информатика пәні мұғалімдерінің «Scratch» бағдарламалау ортасын оқу үрдісінде сапалы әрі тиімді қолдану құзыреттілігін қалыптастыру.
Бүгінгі таңдағы орта білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі — оқушылардың ғылыми-зерттеу және жобалық қызметіне жағдай жасау, жаратылыстану, физика-математика және техникалық ғылымдарды оқып-үйрену, ғылыми-техникалық шығармашылықты жүзеге асыру, ғылыми-зерттеу бастамаларына, инженерлік перспективаларына өздерінің ынталандыруын көрсетуге ықпал ету. Осы тұрғыдан алғанда жаңартылған бағдарламамен оқытылатын «Информатика» пәнінің 5 сыныбында «Scratch» кіші және орта сынып оқушыларын алгоритмдеу және бағдарламалау негіздерін оқыту үшін қол жетімді оқу визуалды бағдарламалау ортасы ретінде енгізілуі өте орынды. «Scratch» бағдарламалау ортасын пайдаланудың негізгі мақсаты — оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, логикалық ойлау, ақпараттық технологияларды пайдаланудағы еркіндік. «Scratch» ортасы арқылы, оқушылардың жоба құру жұмыстарын ұйымдастыруға болады. Оқу жобаларын құру жұмыстары оқушыға өзін ақпаратты жаттап кері айтып беруші емес, ізденуші-ғалым ретінде сезінуге мүмкіндік береді.
Семинар жұмысы мұғалімдердің негізгі қызметінен қол үзбей, біліктіліктерін жетілдірудің үлгісі ретінде қарастырылды, өйткені ғылыми-әдістемелік жұмыс олардың шығармашылық белсенділіктерін арттыруға қолайлы жағдай туғызады және кәсіби шеберлігін шыңдауға жол ашады.
Үш күнге созылған семинарға қатысқан информатика пәні мұғалімдері теориялық мәліметтермен танысып, тәжірибелік сабақтарға, тренингтерге, топтық, жұптық жұмыстарға қатысты. Өзара іс тәжірибелерін ортаға салып, кері байланыста жұмыс жасады.
Ырысжан ШАХИМОВА,
Жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық) пәндерді оқытудың
инновациялық технологиялары мен әдістері кафедрасының аға оқытушысы