Мектеп- келешек ел басқарар, жер басқарар, елі мен халқын гүлдентер, мейірін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды тәрбиелейтін киелі де, қасиетті ұя. Ал сол мектептің негізгі тірегі – білімді де білікті ұстаз.
Мектеп қашанда оқу –тәрбиенің орталығы. Қаламыздағы № 66 мектеп- лицейінің педагогикалық ұжымы –Қазақстан Республикасының Білім беру Заңдарының талаптарын жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс істеп жатқан мектептердің бірі. Осы орайда ұлағатты ұстаз, білікті басшы – Нурмуханов Бейбит Насиболлаұлы басқарған №66 мектеп – лицей жайлы айтсақ артықтық болмас. Мектеп — лицей басшысы үнемі ұстаздарына «Ұлттық тәрбие – ел болашағының діңгегі», рухани сенімі мол ұрпақты тәрбиелеу- келешектің бізге артқан міндеті екенін айтып, ұдайы ескертіп отырады. Бүгінгі ғылым мен техниканың қарқынды дамып, еліміздің экономикасы өсіп, жаңа технологияларды пайдалана отырып керемет жобаларды жүзеге асырып отырған кезеңде оқушылардың математика мен физика пәндерінен біліміне, компьютерлік сауаттылық деңгейіне қойылатын талап та жоғары. Болашақта елімізге білімді ұрпақ керек екенін ескерсек, ал сол білім кілті – барлық нақты ғылымдардың негізін меңгеруде жатыр. Қазақ – тумысынан математик, дарынды да қарымды халық. Оған ешкімнің дауы болмаса керек. Осы жайында қазақтың әлемге танымал математик ғалымы — Асқар Жұмаділдаев саралап берген. Жалпы қазіргі кезде еліміздің жас математиктері көптеген халықаралық білім сайысында жоғары жетістіктерімен көзге түсіп, барша әлемдік қауымдастықты таңғалдырып, қазақ халқын қуантып жүр. Сондай жас толқындардың бірі біздің мектебімізде де қалыптасып келе жатыр.Мұғалімдерге жаңа бағдарламаны іске асыруда дұрыс бағыт беріп, қарқынды жұмыс жасауда. Мектепте алғашқы жылдары эксперимент алаңы ашылып, жұмысты математика- жаратылыстану бағытта дамытты. Аталмыш бағытта көптеген ғылыми жобалар зерттеліп, облыс деңгейінде жүлделі орындарға ие болды. Осы қысқа мерзімде 2017-2018 оқу жылының қыркүйек айында №66 жалпы орта мектеп «мектеп — лицей» статусын алды. Бұл ұжым үшін үлкен қуаныш, әрі аянбай еңбек етудің баспалдағы.
Абай атамыз айтқандай «Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл» деп адам баласының кісі болып қалыптасуы көбінесе ұстазға байланысты деп ерекше атап өткен. Шәкірт ұстазға қарап өседі. Ол ұстазының білімін, берген тәрбиесін, кеңесін алады. Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам жақсы қоғам қайраткері, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейеді. Алайда оқушыны білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін ұстазға дариядай терең білім, биік парасаттылық, талмас еңбекқорлық, таза ниет керек. Осы орайда біздің мектебімізде дәл осындай қабілет пен қасиеттерді бойына сіңіре білген ұстаздар жетерлік. Биылғы 2017-2018 оқу жылында отандық білім беру жүйесіне көшкелі бері, біздің мектеп ұжымы үшін үлкен жетістіктер мен жеңістерге толы жыл болды. Себебі, мектебіміздің білікті ұстаздары мен білімді оқушылары — көптеген байқаулар мен сайыстарға, олимпиадалар мен конференцияларға қатысып, ұжым абыройын асқақтатты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп дана халқымыз айтқандай, осы орайда ұжымдағы ұстаздарымның еңбектерін айтып өтпеу мүмкін емес. Білім жолы қашанда қиын да киелі жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады. «ҚР білім беру ісінің үздігі», «Сала үздігі» ордені, «Облыс, қала әкімінің сыйлығының » иегерлері , бірнеше әдістемелік құрал авторлары да біздің ұжымда. Сапа – оқушының тынымсыз еңбегінің, ал оқытушының шығармашылығымен ізденісі, жүйелі жұмысының нәтижесі екені сөзсіз. Мектебіміздің түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, алдыңғы бірінші орынды иеленді. 11 жылда алған білімдері сараланған сыннан сүрінбеген түлегіміз- Дарибаев Марғұланға «Алтын белгі» салтанатты түрде табысталғаны еңбегіміздің ақталғаны . Оқыту мен тәрбиелеу барысында шәкіртіңнің кішкентай болса да, әрбір жетістігіне қуана білу және оны әрдайым мақтап, мадақтап отыру баланы өсірудің тамаша бір жолы. «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деген құдыретті Абай даналығын бойларына сіңірген шәкірттеріміз облыстық, республикалық «Абай, Шәкәрім оқуларынан» ІІ, III орынды иеленді. ІІ Glever облыстық олимпиадасы І орын, Х Республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасының облыстық кезеңінде «Жас ғалымдар»бағытында ІІІ орын, Республикалық «Ақберен»конкурсының «Асыл сөз» қалалық байқауында І,ІІ орын жүлдегері, облыстық «Таным»,«Ақ қауырсын -2» шығарма байқауында шәкіртіміз I орынды иеленіп,бәрімізді тағы бір мәрте қуанышқа бөледі. «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» — деп Елбасымыз 2007 жылдың 28 ақпандағы «Жаңа әлемдегі — Жаңа Қазақстан» атты халыққа арнаған өз жолдауында айтып кеткені есімізде. Сондай-ақ ол жұмыстардың нәтижелері де жаман емес. Оқу жылы басында өткен 8-11 сынып оқушылары арасындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасының облыстық, қалалық кезеңіне мектебімізден 21 оқушымыз қатысып, оның 3-еуі жүлделі орындарға ие болды. Жыл сайын республикалық «Дарын» ғылыми – тәжірибелік орталығы еліміздегі дарынды оқушыларды анықтау, оларды оқыту мен дамыту мақсатында республикалық және халықаралық дәрежедегі бірқатар интеллектуалды шараларды өткізуде. Мектебіміздің 2-11 сынып оқушылары арасында өткізілетін халықаралық сайыстарға қатысып, жүлдеге ие болуда. Осы орайда өзіміз қызмет жасайтын мектеп ұжымдағы өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін барша әріптестерімізге, яғни ұстаздар қауымына шығармашылық шабыт пен толағай табыстар тілемекпіз.
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері:
Жапабаева Алтын Секербаевна,
Алшымбекова Нурдана Муслимовна