Home » Менің ұстазым » «Шын асылды тот баспайды…» ұстазым  Гүлсара Жылқыбайқызы туралы бір үзік сыр

«Шын асылды тот баспайды…» ұстазым  Гүлсара Жылқыбайқызы туралы бір үзік сыр

«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей түседі, қол созсаң, қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» деген Сократтың сөзін оқығанда, жыл өткен сайын құрметім еселене түскен — ұстазым Бердіғалиева Гүлсара Жылқыбайқызының бейнесі келіп, жарқын естеліктерге жетелей жөнеледі. Гүлсара Жылқыбайқызы талай бұлақтың көзін ашып, арнасын кеңейтті. Солардың бірі мен болғаныма қуанамын. Қуанатын жайым да бар. Өйткені, жүрегіме жол тауып, мейірімнің шуағын төккен, бойымдағы қабілетімді дамытып, өмірді, әлемді тануға, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге, сол кезден-ақ менің өмірлік, болашақ азығымды сайлап кеткен – осы Гүлсара Жылқыбайқызы болатын. Әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтерудегі  шет тілінің маңыздылығын түсіндіріп, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеген, түрлі білім сайыстарына, олимпиадаларға қатыстырып, ағылшын тіліне деген қызығушылығымды арттырудағы еңбегі өлшеусіз. «Жақсының жақсылығын айтайын, нұры тасысын»,  оң жол нұсқаған өмірлік шамшырағыма қандай мақтау айтсам да жарасымды. Иманжүзді, бойынан тектіліктің нышаны білініп тұратын, сабырлы да орнықты мінезі мен парасаттылығымен, кәсіби іскерлігімен мен үшін дараланып тұратын ұстазымның орны ерекше. Гүлсара Жылқыбайқызына көрсеткен құрметім – маған сіңірген маңдай терін бағалағаным деп түсінемін. Жыл сайын ұстаздар мерекесі келіп жеткенде, бір сәт балалық шаққа көз жүгіртіп, тәтті естеліктерге оралып, мектептегі оқушылық кездерімді,  ерекше сағыныш  сезіммен, ізет-ілтипатпен тебірене, толғана есіме аламын. Оның сыпайы киім-киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, терең білімі- маған өмірлік өнеге болып қалды. Гүлсара апайымның өн бойына бар өнер-білім тоғысқан десем, артық болмас. Іштей «мен де апайым секілді боламын» деген балалық арманым сол кезден бастау алып,  орындалды да. Еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп жүргеніме он бес жылдың жүзі болса да, мәңгі ізін қалдырған ҰСТАЗЫМ Гүлсара Жылқыбайқызының дәрістерін сағынғаным соншалық, іздеп барып,  алдына қайтадан шәкірт болып отыра қалғым келеді.  Бұл Ұстаз тұлғасының ұлылығы емес пе? Тынымсыз еңбектің арқасында Гүлсара Жылқыбайқызы №34 Асан Тайманов атындағы мектеп-гимназиясында ағылшын тілінен дәріс береді. Бұл кісінің алдынан түлеп ұшқан қанша жас қазір еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүр. Бұл ұстаз еңбегінің шәкірт санасына өшпестей жазылған еңбегінің куәсі болар….

«Ұстаздық» атты ұлы жолға табан тірегелі көкейіме түйгенім, санама тоқығаным қаншама! Өз тілімді тұғырына қондырып, өзге тілді меңгеру арқылы XXI ғасырда толыққанды, жан-жақты дамыған, үш тілді қатар меңгерген, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде артылатын жүктің ауырлығын сезіп жүргендеймін.  Егер ұстаздық еңбегімде кішкене биіктерді бағындырсам – ол сіздің жемісіңіз, жетістігіңіз деп білемін, аяулы ұстазым! Біздің өмірде кірпіш боп қаланғанымыз – төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны да! Еңбектен қуаныш тауып, ізгіліктің дәнін себуге үйреткен ұлағатты ұстазымның жолына дақ түсірмей, адал  жалғау – бір парыз. Себебі, біз тәрбиелеген ұрпақ- ертеңгі күні еліміздің тірегі болмақ.

Есенаманова Жулдыз Темировна
Батыс Қазақстан облысы
Орал қаласы
ағылшын тілі маманы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.