Мен мұндалаған алып тау шыңдары, асау өзендері бар әсем табиғаты көз тартатын «қала бақ» атанған Алматының лебі есіп тұрды…
Табиғаттың бар сұлулығын жинап алған, тау-тасының өзі талай тарихтан сыр шертетін әлемдегі ең сұлу қалалардың бір Алматы бір бүйірін бұрған жылы мекен №95 «Алматы» балабақшасы.Нұр-Сұлтан қаласындағы Алматы шаһары сыйға тартқан сәулеті келісті, көркіне көз сүйсінер бақыт мекенінде жырдан шашу шашылып, күмбірлеп күй ойнаған дүбірлі той өтті.
Балабақша ауласына тігілген ақбоз киіз үй мен киіз үй пішінінде жасалған қос ағаш күркенің айналасы әсем безендірілген. Аула іші жап-жасыл. Ақбоз үйдің ішіне балабақшада өткен түрлі шараларда қазақтың ұлттық киімдерімен түскен ата-ана, бүлдіршіндері мен педагогтардың суреті ілінген.
Аула ішіне жиналған жұрттың қарасы көп…
Елі, отбасының алтын діңгегі ер азаматтарымыз ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, басына ақ орамалын тартып, бүрмелі қос етек көйлегін киген қазақтың келіндері иліп ғана сәлемін салып, кең сахарада еш қамсыз ой қызығына батқан балаларды көргенде ертедегі қазақ ауылы көз алдыңа елестейді…
Біз сүйсіне әңгімелеп отырған бұл шаңырақтың иесі, ұжымның тірегі, білікті де білімді басшы Смакова Анар Долдабекқызы өзгелердің сый-құрметіне өз жұмысына деген адалдығымен білімімен қайырымдылығымен және кішіпейілдігімен жеткен жан. Өзі жол көрсеткен талай шәкірттері білім ордаларын басқарып отырған меңгерушілер.
Мансабына масаттануды білмейтін, табысқа жету жолында барлық жұмыстың ұсақ-түйек бөліктеріне дейін назар аударуды әдетке айналдырған, әр маманының біліктілігін тиімді пайдалануды білетін көрегенділігі бар Анар Долдабекқызы бұл жолы да шаңырағына қонақ боп жиналған әріптестеріне үлгі болды.
6 наурыз мереке қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту мекемелері Есіл ауданы әкімшілігі мен Білім басқармасы, Білім беруді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен 12 жас отбасы қатысқан «Шаңырақ шаттығы» атты қалалық сайыс өтті.
Ақ бесік ата мекенімізде қоныстанған өзге ұлт өкілдеріне деген құрмет, 7 мамыр «Отан қорғаушылар» күніне орай, 9 мамыр «Жеңіс күнін» желеу еткен сайыстың басты мақсаты «Жастар жылында» жас отбасыларға қолдау көрсету өнер мен спортқа баулу.
Ұлттық киімде шыққан қазақтың жас отбасылары ұлдарын қасына алып қазақтың ұлттық ойынымен өнерінен сынға түсті. Балабақша арасындағы ынтымақтастыққа ұйытқы болған шараға өз ата-аналарына жанкүйер болып келген меңгерушілер мен мерекені тамашалауға жиналғандар қатары көп болды.
Қазақтың ұлттық биі қаражорғадан басталған сайысқа .әділқазылық еткен жандар да әр саладан іріктеліп алынған мамандар.
Өнерлі отбасы атанған ұлдары бүгінде елге танымал әншіге айналған үлгілі ана, танымал актриса Айнұр Жүгінісова, білім беруді жаңғырту орталығының маманы Базарбаева Роза Жолаушиновна , Есіл ауданы әкімдігінің қызметкері Тұрсынбекова Перизат Сериковна, сөз шебері білікті басшы №46 «Самал» санаториялық балабақшасының меңгерушісі Балауса Төлеуғалиқызы төрелік жасады.
Балабақша әдіскері Гүлдана Тоқтасынқызы, тамаша әнші, психолог маман Айжан Жанатқызыжүргізген сайыс «Әдептілік белгісі иіліп сәлем бергені» бөлімінде өздерін таныстырса, «Шебер шаңырақ» атауымен өнерлерін ортаға салды. «Отбасы –бақыт мекенінде» балалар өлең жолдарын жатқа айтты. «Мықты отбасы-мықты мемлекет» атауымен қол тіресу, теңге алу сынды ойын түрлерінен сынға түсті.
Өнер мен спортты қатар алып жүрген білімді әрі білекті ер азаматтардың бар күш жігерлерін салған талпыныстарына айтар сөзіміз жоқ.
Әр сайыстың ортасында «Алматы» балабақшасының өнерлі балғындары би билеп, тамылжыта ән салса, балабақшаның ата-анасы ретінде келіп жиналған көпке әсем ән, көтеріңкі көңіл күй сыйлаған эстрада жұлдызы Маржан Арапбаеваға көпшілік дән риза.
Бұл да- балабақша меңгерушісі Анар Долдабекқызының ата-аналар мен балабақша бала арасындағы бірлескен жұмысты өз дәрежесінде ұстай білетін шеберлігі.
Қазақ ұлттық өнер университетінің шәкірттері де өнерлерін көрсеткен мереке жан-жақтылығымен баурап алды. Сайыстың әр түрінде белсенділіктерін жоғалтпай, соңына дейін бақтарын сынаған отбасылар үшін бұл сайыс ұрпағына ұлағатты тәрбие беруде, ұлттық құндылығымызды отбасында дәріптей түсуге негіз болды.
Көптің көңілінен шыққан сайыста өз мәресіне жетіп, нәтижесінде актерлік шеберлігімен көзге түскен №32 «Балдәурен» балабақшасының «өнерлі отбасы» деп атаған дүлдүлдері Төлегеновтар отбасы жүлделі I орынды иеленді.
Жеңіс тұғырынан көрінген үй иелері №95 «Алматы» балабақшасынан «Жуалы» тобы Досхановтар отбасы, №37 «Арман» балабақшасынан «Алтын қазынам» тобы Маткуновтар отбасы II орынды бөлісті. Жүлделі III орынға №53 «Мерей», №81 «Әсемгүл» №79 «Шаттық» балабақшаларынан келген Асқаровтар, Советхановтар, Рыспаевтар отбасы ие болды. Жүлдегерлер арнайы диплом кубог, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сайысқа қатысқан №45 «Самұрық» №54 «Нұрай» ,№64 «Асыл бөлек», №70 «Құлыншақ», №88 «Баян сұлу», №93 «Айгөлек» балабақшаларының сайыскерлері Бейсен Досханның, Ибрагимов, Искаков, Есбусинов, Омаров, Тайжановтардың отбасылары да арнайы сертификаттармен марапатталып, өнерлі балаларға сыйлықтар тарту етілді.
Дүбірлі тойда көрген қызықта, тамсанар дүние де, алар тәжірибеде көп болды…
«Кімде билік болса,оған қойылар талапта жоғары» деген қағиданы бұзбай өз биігінде жақсы істің жаршысы бола білген Анар Долдабекқызы мен балабақша ұжымының еңбегіне шексіз алғысымызды білдіреміз. Көп айтуды, асыра мақтауды қажет етпейтін көптің көз алдында бағасын алған бастама алдағы күні де жалғасын тапса деген тілек айтқымыз келеді. Қазақтың әрбір жас отбасы өз қатарластарынан қалыспай, жарыса жүріп жеңіске жетсе ел іргесінің нығая түскені.
Думанды тойымыз тарқамасын…
Әлия Ғалымбекқызы,
Нұр –Сұлтан қаласы, «Білім айнасы»