24-31 наурыз аралығында Нұр-сұлтан қаласында классикалық шахматтан «Ақбозат» ұлттық мектеп лигасының финалдық ойындары өтті. 9-11 сынып оқушылары арасындағы категоряда Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жүлделі 1-орынды иеленіп, турнир кубогымен және І дәрежелі дипломдармен марапатталды. Команда құрамында өнер көрсеткен өрендер: Биксұлтанов Диаз, Сапархали Ильяс, Нұрахметов Арнұр және Смогулова Томирис. Команда жаттықтырушысы, мектебіміздегі шахмат үйірмесінің жетекшісі — Арман Габдушев. Үздік команда атағына Астана қ., Алматы қ., Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Маңғыстау облыстарынан 9 команда бақ таластырған болатын. Алайда Павлодар облысының намысын қорғаған біздің оқушылар оқ бойы озып, бұл зияткерлік ойында басым түскен еді. Оқушылар мен жаттықтырушыны республикалық шахмат турниріндегі жеңісімен құттықтаймыз!
- 6 күнге созылған турнирде команданың әр бір мүшесі бар күш-жігерін салып ойнады. Нәтижесінде 2 ойыншымыз Биксултанов Диаз бен Арнур Нурахметов өз тақталарында ең үздік ойыншы дипломымен марапатталды. Турнирде командалық есеп саналатындықтан, жеңіске жету жолында оқушыларымыздың әр қайсысы өздерінің сүбелі үлестерін қосты, — дейді жаттықтырушы Арман Габдушев.
Жеңіске жеткен оқушылардың бірі, әрі өз тақтасында үздік атанған 9 «D» сынып оқушысы Биксултанов Диаз:
- Менің шахматпен айналысқаныма 10 жыл болды. Ең алғаш рет бұл ойынмен атам таныстырған болатын. Кішкентайымнан жарыстарға қатысып келемін, оған дейін республикалық жеке есепте 3 орынды ғана жеңген болатынмын, осы жолы біздің командамыз ең үздік атанып, алтын медальға ие болдық. Болашақта шахматтан әлем чемпионатына қатысуды мақсат етіп қойдым өзіме, — дейді.
Рымгүл Божақанова,
Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы