Home » Айтарым бар » Шарапатты шара өтті

Шарапатты шара өтті

Инклюзивті оқыту – барлық балалардың мұқтаждығын ескеретін, ерекше қажеттілігі бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісінің дамуы. Бұл дегеніміз- этникалық тегіне, діни сеніміне, отбасылық мәртебесіне және дамуындағы ерекшеліктеріне қарамастан, барлық балалардың білім алуына және әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау процесі. Инклюзивті білім беру немесе «білім баршаға» бағдарламасы — барлық балаларға мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мақұлдап, БҰҰ-ның Конвециясына 2006 жылдың 13- желтоқсанында енгізілді.

Бұл орайда Қарағанды қаласындағы ЖББ №27 орта мектеп инклюзивті білім беру жолында жемісті жұмыс атқаруда. Бұл білім ошағында бірнеше жылдан бері денсаулығында ауытқушылығы бар балаларды оқытатын  ресурстық орталық іскерлік етіп келеді. Онда оқушылармен   педагог, логопед, дефектолог және  психолог   тәрізді мамандар жұмыс жасайды. Мектеп қажетті сыныптармен әрі құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген. Директордың инклюзивті білім жөніндегі орынбасары Зәуре Амантайқызының айтуынша бұл мектепте сапалы білім беру үшін   барынша жағдай жасалған, әр баланың қажеттілігін ескеретін орта қалыптасқан. Соның негізінде оқушының таным-түсінігі айтарлықтай ілгерлеуде. Бұл орайда Қарағанды қаласындағы аутист балалардың ата-аналарының «Арда» ассоциациясы қаладағы мектептермен қоян-қолтық жұмыс атқаруда. Жалпы мұндай аутизм сырқатына шалдыққан балалардың ата-аналарынан жасақталған ассоциация еліміз бойынша Алматы, Павлодар, Жаңаөзен, Ақтау, Қарағанды қалаларында ғана бар. Айта кету керек, ата-аналардың Қарағандыдағы бұл қауымдастығы 2014 жылдан бері жұмыс жасауда.17-ақпан күні №27 мектептің спорт залында мектеп ұжымы мен аутизм сырқатына шалдыққан балалар ата-аналарының ассоциациясы   бірлесе отырып сенсорлық ойын түріндегі арнайы шара өткізді. Шараға негізінен 3-4 сынып оқушылары тартылған. Бұл ойын үлгісіндегі сауықтыру шарасына қажетті спорттық жабдықтың бәрін әкелер қауымы өз қолдарымен жасаған.
Ассоциация өкілі Елдос Иманбаевтың айтуынша мұндай жарыс өткізудегі мақсат – бала мен ата-ана арасындағы байланысты нығайту, түрлі жаттығуларды жасай отырып, салауатты өмір салтын насихаттау, командалық ұжымға баланы бейімдеу. Шындығы сол, күн өткен сайын ортамызда аутизм сырқатына шалдыққан балалар саны артуда. Сондықтанда жарысты сырқат балалар мен сау балаларға қатар өткізіп , өзгелерге ортамызда осындай баса назарды қажет етер балалардың барын ұғындыру көзделген. Біз байқағанымыздай жарысқа түскен жеткіншектер бір бірін еш жатсынбады. Бәрінің жанарында жеңіске деген, өмірге деген құлшыныс аңғарылады. Бес командаға бөлінген ойыншылар түрлі бөгеттерді бағындырды.Сол бөгеттерден өту арқылы балаға «Сен жеңбейтін қиындық жоқ» -дегенді түсіндірді. Ойын қызығына түскен балғындардың бірі қараңғы туннельде жол тапса, бірі допты себетке дәл дарытты, енді бірі шеңберден шапшаң өтіп жарысты. Қауымдастық өкілдері әр командаға жетекшілік етіп, балаларды жігерлендіріп тұрды. Көңілді сайыс соңынан ата-аналарға түрлі жағдайдан шығу жолдары туралы дәріс оқылып, мотивациялық деректі фильм көрсетілді. Халықаралық толеранттылық, мейірімділік күнімен тұспа тұс өткен шарапатты шараның көпке шапағаты тигені сөзсіз.

Әсел Құсайынқызы,
Қарағанды облысы,
«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.