Home » Білім және тұлға » Химия пәнінің өнегелі мұғалімі

Химия пәнінің өнегелі мұғалімі

Таулы аймақта орналасқан Жамбыл облысының Қордай ауданындағы елуге жуық білім ордаларының  жетістіктері үлкен. Ал, біз бүгінгі очеркімізде аталған ауданның №3 Абай Құнанбайұлы атындағы орта мектептің  ұлағатты ұстазы әрі оқу әдістемелік ісі жөніндегі директордың орынбасары Молдабаева Аида Әділбекқызының елге қосқан еңбегі мен шығармашылығы туралы сөз қозғаймыз.

Айгүл Әділбекқызы 1970 жылы 28  сәуірде осы Қордай ауданы қазіргі Беріктас ауылында туған. Мектепті бітіргенде әкесі экономика саласына оқуға түсуіне кеңес береді, бірақ кейіпкеріміз химия пәнін ұнатқандықтан Алматыдағы Каспий университетінің «химия» мамандығын таңдапты. Ең алғаш 1992 жылдың қыркүйегінде өзінің туған жерінде химия пәнінің мұғалімі ретінде еңбек етіп, екі жылдан кейін аудандағы №3 Абай атындағы орта мектепке ауысады. Міне, содан бері 24 жыл өтті. Десек те, сол жылдарда қарапайым ұстаз  біліктілігін, еңбекқорлығын, шынайылығын дәлелдей келе «ақырын жүріп, анық басты», жетістіктерге жетті. Шәкірттерінің химия әлеміне саяхат жасап, осы ғылымның қыр-сырын меңгеруіне зор үлес қосты. Бірнеше жыл қатарынан химия пәнінің кафедра жетекшісі міндетін мойнына алып, оқушылардың химия  пәніне қызығушылығын оятты. Менделеев элементтерінің кестесін, олардың тәжірибе жүзіндегі реакцияларын Аида Әділбекқызының мұрындық болуымен меңгеріп, жаратылыстану ғылымының бір парасы химияны таңдап, осы пәннен мұғалім болуға ниет білдірген оқушылар бұл мектепте де жетерлік. Сонымен қатар, кейіпкеріміздің шәкірттері  химияның аудандық олимпиадасына қатысып жүлделі орындар алып келеді. Мәселен, №3 Абай атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Әбділда Салтанат 2017 жылғы аудандық пән олимпиадасында химия пәні бойынша жүлделі екінші орынды иеленген. Міне, оқушының байқаудағы жеңісі, мұғалімнің ерен еңбегінің ақталғандығы емес пе, сірә?!

«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатсымен оның мұғалімдігі де жойылады» деп орыс ағартушысы Ушинский айтқандай, әңгімемізге арқау болған А.Ә.Молдабаеваның мұғалімдігі еш тоқтаған емес, өйткені оның педагогикадағы, жаратылыстану  ғылымындағы ізденісі терең һәм қыр-сырлы. Ол еңбек өтілінің 24 жылында ілім-білімнің құдығын қазуды тоқтатқан емес, ұстаздықтың әр жылында қызықты ғылыми конференциялар мен педагогикалық байқауларға түймедей болсын үлесін қосып келеді. Мысалы, 2016 жылы Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығының филиалында ҚР Білім және ғылым министірлігі ұсынған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде критериалды бағалау жүйесін енгізу бойынша өңірлік және мектеп үйлестірушілерінің біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы бойынша 80 академиялық сағат көлемінде оқыту курсын аяқтап, сертификатын иеленді. Осыған орай аталған ауданның білім бөлімінің басшысы да кейіпкеріміздің қажырлы еңбегін бағалап, сый-сияпатқа ұсынды. Оның бір дәлелі А.Д.Молдабаеваның Қордай ауданы әкімінің «Құрмет грамотасымен» мараптатталуы болып табылады. Қордайдағы №3 Абай атындағы  орта мектепте 20 жыл бойы химиядан жалғыз мұғалім ретінде қызмет етіп, аудандағы басқа да білім ошақтарында химияның майталман маманы атанған ұлағатты ұстаз Аида Әділбекқызы соңғы төрт жылда қызметтік өрлеу сатысынан өтіп,  мектеп директорының оқу әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары атанды.  Оған себеп аталмыш мекемеге жаңа басшы еді. Осы орайда айта кету керек, Жамбыл облысы, Қордай ауданы әкімдігінің білім бөлімінің Абай Құнанбайұлы атындағы №3 орта мектептің директоры  қызметіне Ш.К.Саурыкова 4 жыл бұрын тағайындалған. Сол кездегі оқу-әдістемелік ісі жөніндегі директор орынбасары қызметінен өз еркімен бас тартқан соң ұзақ жылдар бойы мектептің ыстық-суығына төзіп, балаларды жақсы білім мен тәлімді тәрбиеге үйреткен «сапалы маман, шынайы адам» екендігін ісімен көрсете білген тәжірибелі ұстаз Аида Әділбекқызына мектеп қыбырғасындағы маңызды қызметті ұсынады.  Ал бұл білім ошағы туралы айтар болсақ, мектеп – таза қазақ мектебі, жанынан интернат та ашылған.   Оқушылар саны 729, «0» сыныпты қосқанда 786 бала, екі ауысымда оқиды. Оқушылар дәстүрлі және онлайн байқауларына қатысып, нақты жетістіктерге де жетуде. Кейіпкеріміз сынды мықты басшы мен ұстаздар білім беріп жатқандықтан балалардың білімімен қатар тәрбиелері де жоғары. Қазақы, ұяң, ұлтшыл, рухты жастар! Ал, мектеп басшысы туралы, кейіпкеріміз бірер ауыз толтырып  айтты. Оның сөзінен түйгеніміз, аталған мектептің директоры Ш.К.Саурыкова оқушылар мен ұжымдастарына қашанда жанашырлық танытып тұратын, өнегелі мінезімен бірге біліктілігі де өте жоғары тұлға . «Біріншіден, дәстүрлі басқару — дәстүрлі емес нәтижеге бағытталғандай демократиялық көзқарастағы тұлғаны мен өзіміздің директорымыз Ш.К.Саурыковадан көре білдім. Сондықтан да басшымыздан  үйренеріміз көп. Шындығында ұзақ жылдар бойы директор орынбасарлығына ұсыныстар түсті, бірақ бірденнен келісім бермей, осы басшының тұсында ғана директордың оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасарлығына өз қалауыммен қабылдандым», — дейді кейіпкеріміз Аида Әділбекқызы.

Ұстазы жақсының ұстамы мықты деп ата-бабаларымыз сөз түйгендей өзінен екі жас кіші мектеп директорынан жақсы қасиеттерді бойына сіңіре білген ұлағатты, мақсатшыл  педагог А.Д.Молдабаева ұжымдастарымен бірге мектеп оқушыларының кішігірім болса да жетістіктеріне қуанып, амандығына шүкіршілік етеді. «Ең бастысы балалардың амандығы! Дені сау ұрпақ, білімге қашанда құштар болады» — дейді химияның мұғалімі әрі директордың оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары.

P.S. Сондықтан да біз өз кезегімізде балаларға амандық, ал Қордай ауданындағы Аида Әділбекқызы Молдабаева сынды ұстаздарға еңбектерінің ақталуын тілейміз!

 

Жансая Құрманғалиқызы,
Жамбыл облысы, Қордай ауданы,
«Білім айнасы»

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.