Home » Ашық сабақтар » «Ханталапай» ойыны (интеллектуалдық ұйымдастырылған оқу қызметі)

«Ханталапай» ойыны (интеллектуалдық ұйымдастырылған оқу қызметі)

Мақсаты:
Қазақтың ұлттық ойындары арқылы балалардың жас ерекшелігіне байланысты логикалық ой жүйесін дамыту, жылдам шешім қабылдауға баулу, ұлттық құндылықтар мен мәдениетті бойына дарыту, салт-дәстүрлерді насихаттау.

Міндеттері:

  • балалардың дағдыларын, танымдық белсенділіктерін арттыру;
  • топпен жұмыс істеу дағдыларын дамыту;
  • балаларды белгілі бір ережеге бағынуға, мақсатына жетуге, табандылыққа тәрбиелеу;
  • ұлттық мәдениет пен дәстүрлердің ерекшелігін айқындау;
  • Отанына, еліне, туған өлкесіне деген сүйіспеншіліктерін қалыптастыру;
  • салауатты өмір салтына баулу.

Әдіс-тәсілі: саяхат, көрсету, айту, әңгімелеу, санау, ойнау, сұрақ-жауап.

Тәрбиеші: Балалар бүгін бізге көптеген қонақтар келіпті, амандасып алып, шаттық шеңберін құрайық.

Көңіл күйлерің қалай?

Жақсы тілектерін айтқан балалар сары түсті шеңберді айналып шаңырақты, күнді бейнелейді. Шеңбердің ортасына жиналып бір үйдің, бір Отанның баласы екендерін көрсетеді.

Балалар ата мен әже ауылына саяхатқа барғыларың келе ме?

Саяхатқа қандай көлікпен барған жақсы?

Балалар, менде бір ой бар. Саяхатқа ертегілерде болатын ұшатын кілеммен барсақ, қалай ойлайсыңдар, сендерге ұнай ма?

Бұл – сиқырлы кілем, көзіңді жұмып-ашсаң қалаған жеріңе апарады.

Қане, кілемге отырып, көзімізді жұмып, 1-ден  5-ке дейін тура және кері санайық, көзімізді ашқанда ата мен әженің аулында боламыз. (Балалар көзін жұмып отырғанда, ұлттық нақышта безендірілген керегенің жанына төселген көрпеге аталар мен әжелер келіп жайғасады)

Ата: Балалар, қош келдіңдер!

Тәрбиеші: Ата, әже, балалар сіздерге арнайы өз өнерлерін көрсету үшін қыдырып келді, оларға батаңызды беріңіз.
Ата:           

Жортқанда жолдарың болсын,

Қыдыр ата жолдасың болсын.

Осы тұрған балалар,

Мәңгілік елдің білімді ұрпақтары болсын!

Әумин!

Балалар, қарттарға өнерімізді көрсетіп «Ханталапай» ойынын ойнайық. Мен сендерді ойын ережесімен таныстырайын.
«Ханталапай» ойыны асықпен ойналады. Асық төрт түлік малдың асық жілігінде болады. Сиыр, қой, ешкі малдарының асық жілігінен алынады. Бірақ асық ойыны тек қана қойдың жілігінен алынған асықпен ойналады. Сиырдың асығы тым үлкен болса, ешкінің асығы кішкентай болады. Сондықтан біз ойынға қой малынан алынған асықтарды таңдап алдық. Асықтар түрлі-түсті. Осы асықтардың ішінде ерекше аспан түсті асық «Хан» асығы деп аталады. Қане, шеңбер жасап дөңгелене отырамыз. Мен «Талапай-ау, талапай, табылды ойын алақай» деп  қоржындағы асықтарды ортаға шашамын. Сендер «Ханталапай» деп дауыстап, асықтарды таласып бөліп аласыңдар және жинаған асықтарыңды санайсыңдар.

Әр бала 5 асықтан тігіп, ойынға қатысады. «Хан» асығы қолына тиген бала ойынды алғашқы болып бастап, асықтарды атады. Тигізген асықтарын ұтып алады. Тигізе алмаған жағдайда тапсырмаларға жауап береді. Егер бала тапсырмаға жауап бере алмаса, басқа балалар көмектеседі.

 

Тапсырмалар:            

Төрт түлік малды ата.

Қазақстанның рәміздерін білесің бе?

Астанамыз қай қала?

Түйе малының төлі қалай аталады?

Кереге, шаңырақ қандай үйлерде болады?

 

Тәрбиеші: «Ханталапай» ойынын ойнадық, енді мергендіктеріңді сынайтын кез келді. Қатарға тізілген асықтарды белгілі бір қашықтықтан көздеп атасыңдар. Көп асық атып құлатқан бала жеңіске жетіп, ата мен әженің сыйлығына ие болады.

Балалар, сендердің ойындарың ата мен әжеге, келген қонақтарға ұнады, ризашылықтарын білдіріп, қол шапалақтап жатыр. Ал сендердің өздеріңе ұнады ма?

Біздің ата-әжелеріміз сендер секілді теледидар қарап, телефон ұстаған жоқ. Олар  балалық шақтарында асық, ақсүйек, арқан тартыспақ ойнап, алтыбақан тепті. Сендердің міндеттерің сол – ата-бабалардан қалған ұлттық ойындарды жаңғыртып, ұмытпай, өз кәделеріңе жарату. Таза ауада ойнау, жалаң аяқ жүгіру – денсаулықтарыңа өте пайдалы. Бүгінгі күндерің өздеріңе ұнаса, ата-әжемен, қонақтармен  қоштасып, тобымызға қайтайық. Ол үшін ұшатын кілемімізге отырып, 1-ден 5-ке дейін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде санап, көзімізді жұмып отырсақ, көзімізді ашқанда тобымызда боламыз.

Балалар, бүгінгі ойындарыңа мен де өте ризамын. Ойынға бәрің де жақсы қатыстыңдар. Менің сендерге арнаған сыйлығым бар. Мына әдемі жұлдызшаларды сендерге тарту етемін. Ол ерекше жұлдызша, себебі ол тәтті.

Сау болыңыздар! Рахмет.

Жеткен нәтиже:

Ұлттық ойын түрлерімен, соның ішінде «Ханталапай» ойынымен танысып, ойнап үйренді. Кездескен қиындықтарды бірлесіп шешуге, ұйымшылдыққа ұмтылды. Шапшаңдыққа, мергендікке дағдыланып, ойлау қабілеттері дами түсті.

 

 

Дамира Какимоллақызы Хасангалиева,
ЖББ Талдыбұлақ орта мектеп-балабақша кешенінің
мектепке дейінгі ұйым әдіскері,
Сырым ауданы, БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.