Home » Мақалалар » Халқымыздың ұлттық мұрасын оқу-тәрбие ісімен сабақтастыру басты парызымыз

Халқымыздың ұлттық мұрасын оқу-тәрбие ісімен сабақтастыру басты парызымыз

Бүгінгі таңда мектептегі оқып жатқан жас ұрпақты елжандылыққа, тағылымды ұлттық рухта тәрбиелеу мен оқыту басты міндет ұстаздарға, ата-аналарға тікелей байланысты. Халқымыздың ұлттық мұрасын оқу-тәрбие ісімен сабақтастыру басты парызымыз. Осы тұрғысынан сыныптан тыс шараларда халықтық педагогиканың үлгілерін үнемі пайдаланып отырсақ  жақсы  болар еді.

Қазіргі уақытта бүкіл оқу-тәрбие жүйесі халықтық педагогикаға негізделіп, қайта құрылып жатқанда, ұмыт қалған салт-дәстүр, ұлттық ерекшелігімізді насихаттау, баланың ауызекі сөйлеу тілін дамытып, олардың бойында ұлттық психологияны қалыптастыру – әрбір ұстаздың міндеті.

Баланың бойындағы адамгершілік қасиеттердің негізгі баспалдағы балабақша мен отбасы тәрбиесі екені бәрімізге мәлім. Ата-ананың аялы алақаны, туған үйдің жылуы оның көкірегінде өмір бойы сақталып, мәңгі есінде қалады. Өйткені, отбасындағы адамдармен қарым-қатынаста бала мәдениеттілікті үйренеді, жеке адамға тән ар-ұят, ақыл-ой адамгершілік қасиеттерді игереді, алғашқы еңбек дағдылары қалыптасады. Оның бәрі балаға ата-ананың ықпалы арқылы жүзеге асады. Өмір ағысында отбасылық тәрбие ата-анадан балаға, баладан оның ұрпағына беріліп, тоқтаусыз жалғасын табады. Сондықтан отбасындағы ата-ананың өзара сыйласымды қарым-қатынасы, өзін-өзі ұстауы, бос уақытын дұрыс пайдалана білуі, жинақтылығы, талап-талғамы жауапкершілігі бәрі де бала үшін үлгі-өнеге.

Қазіргі таңда халық педагогикасына ерекше көңіл бөлу керек. Ата-бабаларымыздың жақсы дәстүрін шәкірттер бойына дарыту үшін тәрбие сағаттарымызда мақал-мәтелдерді, шешендік сөздерді, аңыз-әңгімелерді жиі мысалға келтіріп, ұлылардың айтқан даналық сөздерін ұрпақ санасына сіңіруді шара сайын жүргізсек.

Көптеген халықтар өз ұрпағын өз халқының қағидаларымен тәрбиелейді. Ендеше, егеменді еліміздің ертеңі жас ұрпақты әдепті, адамгершілігі жоғары болып өссін десек, ұлттық тәрбие тағылымын басшылыққа алып, халқымыздың рухани байлығын бүгінгі күн талабымен ұштастыра білсек ғана ұлттық тәрбиенің берері көп.

Ұлы қазақ даласының бір туары Жүсіпбек Аймауытов: «Сабақ беру үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер»,-деп ізденімпаз мұғалімге күнделікті сабағын түрлендіріп өткізуін, өзінің жаңашылдығымен оқушының жүрегіне жол таба білуін ескерткендей. Сондықтан болса керек кез-келген ұстаз сыныптағы оқушыларды оқуға тарту үшін өз тәжірибесіне өзгеріс енгізіп отырады. «Әрбiр шәкiрт бiр жұлдыз, жарқырауына оның жәрдем ет»-деген Әл-Фарабидің тұжырымына сәйкес келешек ұрпақ ұстаздардың қолында болғандықтан кез-келген ұстаз оқытудағы өз тәжірибесін өзгертуге міндетті деп есептейміз. Білімділерді білім бесігінде аялап тербетер ұстаздар болса, оларды баптайтын, тәрбие беретін ата-ананың міндеті екенін ұмыт қалдырмайық.

Қорыта айтқанда, әрбір ұлттың ұлттық қасиеттері ұлттық тәрбиеге (халық педагогикасына) байланысты дамып қалыптасады. Халық педагогикасы ұлттық әдебиет пен сол ұлтың салт-дәстүрлерінен құралады. Салттың ұлттық санадағы көрінісі салт-сана деп аталады. Қазақ халқының аса бай ұлттық әдебиеті, қайырымды, әдепті салт-дәстүрлері оның этностық ерекшеліктерін көрсетеді де, ол жеке тұлғалардың ұлттық қасиеттерін қалыптастырады деп білемін.

Нурбергенова Индира Татарбековна

Жаңаөзен қаласы, № 9 орта мектептің

 математика  пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.