Home » Ашық сабақтар » Халық поэзиясы – білім және рухани тәрбиенің көзі

Халық поэзиясы – білім және рухани тәрбиенің көзі

Мазмұны:

Ӏ. Кіріспе

ӀӀ. Өлеңдер – әдеби-поэзиялық педагогика жанры

  1. Поэзиялық жанрларының түрлері
  2. Поэзия жанрының құрылым сипаты

ӀӀӀ. Өлеңді мәнерлеп оқу – өнер шеберлігі

ӀV. Бастауыш сынып оқушыларының ішкі рухани дүниесін зерттеу

  1. Қорытынды

Андатпа

«Халқының поэзиясы – білім және рухани тәрбиенің көзі» деп аталатын зерттеу жұмысының бірінші бөлігінде поэзия жанрларының түрлері білім және тәрбиенің негізгі құралы екенін ашып айтады. Бұл жұмыста поэзия жанрының халықтың ертедегі поэзиялық жанрынан басталып, ақындар поэзиясынан шектеу тауып, олардың тек қана тіл байлығын ғана емес, сонымен қатар ішкі рухани дүниесін, сезімін, сыни ойлауын, тілдік дикциясын дамытуға зор ықпалын тигізетіні туралы көрсетілген. Оқушылармен осы мәселенің жолдары қарастырылды.

Келесі бөлімінде адамның ішкі рухани сезімін оятуда әр тақырыпта поэзия жанырынан мысалдар келтірілген және олардың терең мәнін ашу,олардың адамның ішкі рухани дүниесіне әсері жайында баяндалған. Орындаушының көмегімен бастауыш сынып оқушылары арасында эксперимент жүргізілді және әр оқушының өлеңді мәнерлеп оқу кезіндегі сезімі жайында пікірлері тыңдалды.

Ӏ. Кіріспе

Әр адамның жаратылысы қандай болса, олардың ішкі дүниесі, мінез-құлқы, сезімі, қабылдауы, ойлауы да әртүрлі болады. Әсіресе кіші жаста балалардың ойы да, ішкі сезімі де еліктегіш келеді. Олар біреудің айтқанына, не өздерінің көргеніне, естігеніне еліктеу арқылы ішкі сезімі оянады. Отбасында болса ата-анасына, мектепте болса құрбыларына немесе қоршаған ортадағы адамдарға қарап мінез-құлқы қалыптасады. Бірақ, балалардың ішкі әлемін ересектердің көбі түсіне бермейді. Балалардың рухани дүниесінің дұрыс қалыптасуына халықтық поэзияның да зор пайдасы барына көз жеткізуге болады.

Ұлы ғұлама ақындар поэзиямен көз ашқан. Сәби шыр етіп жерге түскеннен-ақ оның құлағына анасының бесік жыры естіледі. Содан ер жеткенше халық поэзиясы оның серігі болған. Қай ақын-жазушының өлеңін алып қарасақ тәрбиелік мәні бар. Олар поэзияны ішкі жан дүниелерімен сезіне білген. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

«Поэзия!

Менімен егіз бе едің? Сен мені сезесің бе, неге іздедім!»,- деп жазып, өзінің ішкі жан дүниесін халқына өлеңмен ақтарып салған. Мұқағали атамыздың заманында туып, көзіміз көрмесе де, оның адал, шыншыл, қайсар ер болғанына өлеңін оқып-ақ көз жеткізуге болады. Сондықтан да бұл зерттеу жобасында адамның рухани дүниесін тәрбиелеуде халықтық поэзияны үйретуші әрі тәрбиелеуші құрал ретінде қолдануға болатыны жайында ой қозғалып отыр.

Зерттеу проблемасы:

Қазіргі балалардың рухани сезімін ояту арқылы тәрбие беру мәселесі.

Алынған зерттеу жұмысының өзектілігі:

  • Оқушылардың әдебиеттік оқудағы өлеңдерге көңіл бөлмеуі
  • Өлеңдерді мәнерлеп оқу нақышының жоқтығы
  • Өлеңдегі ақын ойын сезіне білмеуі
  • Сыни ойлауының, қоғамдағы адамдарды жан дүниесімен түсіне білуінің жеткіліксіздігі
  • Кітапты аз оқуы 

    Зерттеу объектісі: 2-3 сынып сынып оқушылары

    Зерттеу құралы: Оқушыларға рухани тәрбие беретін халық поэзия жанрларымен жұмыс жүргізу.

    Болжам: — Мен халық поэзия жанры оқушыларды отаншылдыққа, адамгершілікке, адалдыққа, әдептілікке, білімге жетелейді және сыни ойлау қабілетін, тіл байлығын, шешендігін дамытуда рухани тәрбие беруде маңызды құрал бола алады деп болжаймын.

    Зерттеу жұмысының мақсаты: — халық поэзиясының тұлғаны тәрбиелеудегі және дамытудағы ықпалын көрсете білу.

    Міндеттері:

    — халық поэзия жанрларын анықтау;

    — әр жанр мазмұнының ерекшелігін ашу;

    — жанрлардың оқушыларға рухани тәрбие беретін тұстарын ашу;

    Поэзия жанрының бастауыш сынып оқыту бағдарламасының негізгі бөлігі екенін дәлелдеу.

    Жоғарыда қойылған мақсат пен міндеттерге, болжамдарға сүйене отырып, зерттеу жұмысының төменде келтірілген әдістері құрылды:

    • Осы мәселенің ғылыми әдебиеттерден іздеу табу;
    • Сауалнамалар мен сұрақтар;
    • Оқушылардың поэзия жанрына қаншалықты мән беруін бақылау;
    • Әдебиеттегі көрсеткіштер мен зерттеу жұмысының мәселесімен салыстыру;
    • Әдебиеттік оқу пәніндегі сабақ үзіндісін хаттамалау;
    • Қорытындысына әдістемелек түсініктеме жасау;     Зерттеу жұмысының практикалық түсіндірмесі: құрылған теориялық ұсыныс тұлғаны дамытуда практика жасауға бағыт береді.Өзімнің зерттеу жұмысымда мен халық поэзия жанрының оқушыларға рухани тәрбие берудегі жақтарын ашуға тырысамын. Тақырыптың тиімді жағын ашуда 2-ші, 3-ші сынып оқушылары арасында эксперимент жүргіземін. Ол үшін мен инсерт кестесін қолдандым.
      БілемінБілгім келедіБіліп алдым
      Ақындар өлеңдерін оқуды білемінХалық поэзиясының – білім және рухани тәрбиенің көзі

       

       

       

      ӀӀ. 1. Сонымен, халық поэзиясы – ол әдебиеттік педагогикалық жанр болып есептеледі. Бұлай дейтін себебіміз, біз тек оны оқып, біліп қана қоймаймыз, ол бізді тәрбиелейді, дамытады. Оны мен әдебиеттер арқылы дәлелдей аламын.

      Алғашқы білімді біз бастауыштан аламыз. Бастауыш білім бізді дұрыс сөйлеуге, ойланып, дұрыс шешім қабылдай білуге үйретеді, тілдік қатынасымыз дамиды. Кей кездері кейбір әріптерге тілдеріміз келмей жатқанда жаңылтпаштар мен өлеңдер көмекке келеді. Егер бала кішкентай кезінен өлеңді көп жаттаса, оның есте сақтау қабілеті дамиды.

      Бәрі де сәби кезіміздегі анамыздың әндетіп айтқан поэзиясы, бесік жырынан басталады. Сонда біздің құлағымызға «батыр бол, ақын бол, адал бол, ең бастысы – адам бол» деген тәрбиелік сөздер естілген. Бұл сөздер ана жүрегінен шыққан баласына деген ішкі жан дүниесінің сезімі болатын. Атам қазақ баласы бесікте жатқаннан бастап той тойласа, әр тойдың өзінің халықтық жанры болатын. Мысалы: Тұрмыс-салт жырлары (жар-жар, беташар, сыңсу ). Бұл өлеңдер баласының бақытты, ақылды, саналы, үлгілі болып, отау тігу мағынасын ашса, мұң-шер өлеңдері (қоштасу, естірту, жоқтау, бата) сияқты жанрлары адамның ішкі дүниесінде аяныш, қолдау, қорғау, қамқор бола білу сезімін оятады.

      Беташар

      Уа, халайық, бет аштым,

      Беташар алып қолыма.

      Бақыт қонсын, келінжан,

      Басқоса келген жолыңа.

      Жақсы атансаң ауылға

      Желің шығар оңыңнан.

      Жаман болсаң, келінжан,

      Абысын түсер соңыңнан.

      Ақсақал келер құрметпен,

      Су құйып бер қолына.     2./19б/

      Баласын алыс сапарға аттандырғанда қоштасу өлеңін айтып, ақыл айтып, амандығын тілеп шығарып салған.

      Атаңнан бата ал, балам,

      Арғымақ атқа мін, балам!

      Ақ сақалым желбіреп,

      Артыңнан қарап мен қалам,

      Ата сөзін сыйлаған;

      Перзентімнің алды едің

      Көңілімді қимаған.

      Аттандырдым майданға

      Аман-есен жүр, балам!

      Абыройға ие бол,

      Ағат баспа, бір қадам!

      Ел қадірін біл, балам!

      Хош, хош балам, хош бала! (Ж. Жабаев)1./59б/

      «Жаңбырменен жер көгегер, батаменен ел көгерер» деген халықтың дана сөзі бекерге айтылмаған.Балаға ұлттық тәрбие беруде батаның маңызы зор. Кез келген қазақ баласы отбасында ата-анасынан дастархан басында қол жайып, үлкен кісілердің батасын алады.

      Бата

      Ұзақ болсын ғұмырың,

      Биік болсын тұғырың!

      Ақиықтай қыран бол,

      Абылайдай ұран бол!

      Өнегелі, өрісті,

      Елін сүйген ұран бол!

      Осы өлеңнің өзінде қандай адамгершілік тәрбиенің мәні жатыр!

      Бата әр тақырыпта айтылады.

      Қазақ халқы төрт түлік малдың өзін пір тұтып, малды баптауға, оларға байланысты тыйым сөздерге де өлең шығарған.

      Ұлы ғұлама ақын Абай Құнанбаев поэзиясы жас ұрпақты білімге, еңбекке, адал болуға, ақылға жетелейді.

      Адам болам десеңіз

      Ғылым таппай мақтанба,

      Орын таппай баптанба,

      Құмарланып шаттанба.

      Ойнап босқа күлуге

      Бес нәрсеге асық бол!

      Бес нәрседен қашық бол!

      Адам болам десеңіз

      Өсек, өтірік, мақтаншақ,

      Еріншек, бекер мал шашпақ,

      Бес дұшпанын білсеңіз!

      Талап, еңбек, терең ой,

      Қанағат, рақым ойлап қой,

      Бес асыл іс көнсеңіз! (Абай)

      Сонымен қатар оқушылардың жан дүниесінде бала кезінен патриот сезімін қалыптастыруда Ө. Тұрманжановтың «Туған өлкем!», Д. Әбілевтің «Туған тілім» өлеңі, М. Мақатаевтың «Отан» өлеңі оқушыларды елін, жерін, Отанын сүйе білуге тәрбиелейді. Мұқағали Мақатаев өлеңі кез келген адамның жан дүниесін қозғамай қоймайды.

      Отан туралы

      Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

      Ағында өзен, асқар тау, гүлін сүйем.

      Мен оның қасиетті тілін сүйем,

      Мен оның құдіретті үнін сүйем.

      Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,

      Бәрі маған «Отан» деп сыбырлаған.

      Жаным менің кеудемді жарып шық та,

      Бозторғайы бол оның шырылдаған.

      Отан, Отан,

      Бәрінен биік екен,

      Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем…(М. Мақатаев)

      Осындай жанрдағы өлеңдер оқушыларды патриоттыққа тәрбиелесе, эпостық жырлар балаларға жігер, қайрат, намыс, қайсарлық береді. Оларды оқудың да өзіндік ерекшелігі бар.

      Махамбет жыры

      Мен, мен, мен едім,

      Мен нарында жүргенде

      Еңіреп жүрген ер едім.

      Исатайдың барында,

      Екі тарлан бөрі едім,

      Немесе, шындықты адалдықты паш етіп, жүрегіне намыс отын ұялататын Беймағамбет сұлтанға айтқан өлеңдерін алуға болады. Сол сияқты ана туралы, әке туралы, махаббат жырлары өлеңдері мейірімділікке, сыйластыққа, қамқорлыққа тәрбиелеп, жақын адамдарыңа деген сүйіспеншілікті оятады.

      Тағы да поэзия жанрының бір түрі – мысалдар болып табылады. Мұндай өлең жолдары тек қана тәрбиелеп қана қоймай, бала тілін дамытады және оның театралды жанрға қызығушылығын оятады, дарындылығын оятады.

      Бидай мен Қаңбақ

      (Мысал)

      Өзі қаңбақ болсын,

      Мұнда қандай салмақ болсын!

      Тұрақтай алмай егістікке,

      Тірелді бір күн егістікке,

      Дауыспен былай тіл қатты:

      • Сен осы Бидаймысың?
      • Бидаймын.
      • Ақыл айтсам, тыңдаймысың?
      • Тыңдаймын….(Асқар Тоқмағамбетов) 3./25б/

      Оқушылардың танымдылық қабілеттерін дамытатын өлеңдер де болады. Олар санамақтар, метаграммалар, жаңылтпаштар.

      Әрбір поэзиялық жанрдың өзіндік ерекшелігі бар.

       

      ӀӀ. 2.Поэзия мазмұны жағынан да тәрбиелік жағынан да әртүрлі болып келеді. Халықтық поэзияның шағын түрі тұрмыс-салтқа байланысты құрылған поэзиялар. Олар отбасынан бастау алады. Мұны «отбасылық тәрбие көзі» деп те атаса болады. Отбасындағы ойын-той, жиындарда айтылатын поэзия түрі көбінесе жыр түрінде оқылады, яғни, әнімен айтылады. Әлі күнге шейін тойларда қыз ұзату, келін түсіру, беташар, жар-жар тойбастар айтылып жүреді, өйткені ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүр ешқашан ұмытылмайды. Бұл дегенің жаңа ұзатылған қыз бен түскен келінге өнеге –үлгі ретінде тәрбиелеу мағынасын көрсетеді. Ал егер отбасында бір қайғылы жағдай бола қалса жоқтау айтылады.

      Поэзияның тағы бір тәрбиелік жағына зор үлес қосатыны ол – толғаулар, шешендік сөздер, термелер. Мұндай поэзия жанрында өмірдегі шындық әңгімеленеді.

      Дүниеде не өлмейді?

      Ағын су өлмейді,

      Асқар тау өлмейді,

      Аспанда ай мен күн өлмейді,

      Әлемде қара жер өлмейді.

      Жақсының аты өлмейді,

      Ғалымның хаты өлмейді. (Жиренше шешен)1./18б/

      Аты елге әйгілі , ақиқаттың көзі Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би болатын. Билердің айтқан сөздері халыққа өнеге-мұра ретінде қалған.

      Жақсылық пен жамандықты таразыға салып өлшеп, таңдауын жаса дегендей.

      Жаңбыр жаумаса жер жетім,

      Басшы болмаса ел жетім.

      Ұқпасқа айтқан сөз жетім….

      Атың жақсы болса,

      Ер жігіттің пырағы.

      Балаң жақсы болса,

      Жан мен тәннің шырағы,

      Әйелің жақсы болса,

      Бірінші – иманың,

      Екінші – жиғаның,

      Үшінші – ырысыңның тұрағы…./19/ 1.

      Кейбір өлеңдер терең ой қалдырса, кейбіреулері көңілді көңіл-күй қалдырады. Мысалға алсақ санамақтар, күлдіргі өлеңдер адамға жақсы әсер береді.

      Оң қолымда бес саусақ,

      Сол қолымда бес саусақ.

      Оларды атап шақырар,

      Әрқайсысының аты бар:

      Мынау – бас бармақ,

      Мынау – балаң үйрек,

      Мынау – ортан терек,

      Мынау – кішкене бөбек….

      Санамақпен берілген өлеңдер оқушылардың тілін, танымдық қабілетін дамытады.

      Өзіміздің жерлес ақынымыз Шал ақын термелері, жырларының тәрбиелік мәні өте терең. Ақ пен қараны, жаман мен жақсының ара жігін айқын көрсете білген ақын.

      Жаманға дәулет бітсе ауа айналар,

      Жақсыға дәулет бітсе бақ айналар.

      Басыңа жазатайым бір іс түссе,

      Арасы дос пен дұшпан абайланар. 5./39б/

      ӀӀӀ. Поэзияны адамға жеткізе білудің негізгі сыры терең – мәнерлеп оқу нақышында. Кез келген оқушы өлеңді мәнерлеп оқымайды, сондықтан болар, ақын ойын жан дүниесімен жеткізіп бере алмайды. Ол үшін көп дайындық керек. Ақын өлеңінің әр сөзін ішкі сезіммен түсіне білу – ол үлкен шеберлік. Сонда ғана оның тәрбиелік мәнін түсіне біледі. Поэзияны оқу әрі оқушының тіл байлығын молайтады. Поэзияны еңбектеген баладан еңкілдеген кәріге дейін біледі. Халық поэзиясы — ата- бабаларымыздан қалған рухани мұра. Поэзияны тек қазақ халқы емес, барлық ұлттар сүйеді. Әр халықтың өзінің салт-дәстүрі,тұрмыс-салт жырлары бар. Әр елдің өзінің тәрбиелік жолы бар. Қазақ халқы тек қана қазақ поэзиясын емес, сонымен қатар орыс, неміс, татар, өзбек тағы да басқа көршілес жатқан елдердің поэзияларымен таныс. Мысалы орыс жазушысы Крыловтан аударған «Құмырсқа мен шегіртке» сияқты, еңбекке, жетелеп, еріншек болмауға тәрбиелейтін мысалмен берілген өлеңдермен таныспыз. Мысалдарды мәнерлеп оқыған кезде диалогтік оқуды дұрыс жүргізумен байланыстыра отырып, әрбір кейіпкердің образына кіре білу, оны бет келбетінің мимикасына келтіріп, дауыс ырғағын кейде көтеріп, кейде түсіріп оқу шеберлігін көрсете білу. Ал егер ол батырлар жыры болатын болса, оны бір жігермен, күшпен, арқамен сезіндіре біле алу. Көңілді поэзиялар жайдарлы сезіммен оқылады.

      Табиғат сұлулығын жырламаған ақын жоқ. Бірақ, әр ақын өзінің көзқарасын білдіреді. Ақын ойын тек қана мәнерлеп оқу арқылы жеткізуге болады. Оқушылар ақынның ойы мен өз ойын салыстыра білуді үйренеді.

      Кей кезде ойын ретінде берілген өлеңдер болады

      Қазым, қазым, қаздарым,

      Жем шашайын жейсің бе?

      Кәмпит берсем, жейсің бе?

      -Жоқ, жоқ!

      Кәмпит тәтті болмайды,

      Ас, арпа мен бидай бер.

      Осындай өлең шумақтарын жаттай отыра әрі ойнайды, әрі танымдық қабілеттері артады

       

      ӀV. Халықтық поэзияның осы бір жақтарын аша отыра әдебиеттік оқу пәнінде өлеңді мәнерлеп оқу «Поэзия минуты» өтілді. Содан кейін оқушылардың өздерінің оқыған өлеңдеріне сараптама жұмысы жүргізілді.

      Сауалнама:

      1. Өлеңнің мәнерлік оқу нышаны ұнады ма?
      2. Өлеңнен ақынның ойын түсіне алдың ба?
      3. Ақын өлеңінің қандай тәрбиелік мәні бар?
      4. Өлеңді оқыған кезде қандай сезімде болдың?
      5. Өзіңнің жан дүниеңді өлеңнен көре алдың ба?
      6. Ақын өлеңі ішкі сезіммен бе, әлде сыртқы сезіммен берілген бе?
      7. Қандай жанрдағы өлеңдер ұнайды, неліктен?
      8. Өзіңе өлең оқыған ұнай ма?
      9. Өлеңді жаттағанда тез ұғасың ба?
      10. Қанша уақыт ойыңда қалады?
      11. Мына сөздердің қайсысын өз жан дүниеңде болғанын қалар едің:Адалдық, мейірімділік, байлық, тәкаппарлық, отаншылдық, еңбексүйгіштік, достық, сүйіспеншілік, жалқаулық, білім. Оқушылардың жауабы: «Мәнерлеп оқыған өлеңнен тәрбиелік мәнін анық байқауға болады, оқыған кезде дене түршігерліктей сезім қалдырды,» деген пікірде болды, бірақ көпшілік оқушылар өлеңнің идеясын түсінсе де, сыртқы жұртқа жеткізе алмады.Сауалнама жүргізгеннен кейін оқушылардың поэзияға қаншалықты қызығушылық танытатынын тексергім келді. Сонда сыныптың 46 %-ы поэзияны ұнатса, 54%-ы поэзияны ұнатпайды екен. 

        Содан кейін оқушылармен ассоциация құрдық.

        Халық поэзиясының тәрбиелік мәнін ашып, топтастырдық.

        Содан соң, қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімінен сауалнама алдым.

        -Сіз қалай ойлайсыз, халықтық поэзия –рухани жан дүниені тәрбиелей ала ма?

         

        Жауап: -Әрине, біз өзіміз ақындардың өлең-жырларымен, тұрмыс- салт жырларымен тәлім-тәрбие алып өстік, келешек ұрпақ та поэзияны жанымен сүйсе жан дүниесінің рухани байлығы толады,-деді қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі Л. Б. Біләлова.

        Осы пікірлерге сүйене отырып дәлел ретінде өзімді алдым. Әртүрлі поэзия жанрында анаммен үйде М. Жұмабаевтың «Сағыныш», «Қыз ұзату» «Ағаш қол солдат» т.б. өлеңдер жаттап, жұмыс істедім. Ең алдымен мәнерлеп оқуды үйрендім.

        Осы өлеңмен сахнаға шықтым. Содан кейін поэзияның әрі тілді , әрі есте сақтау қабілетін, әрі сөздік қорын дамытуға, әрі рухани тәрбиеге негізгі құрал деп танып, өзімнің кестемнің үшінші бөлігін толтырдым.

         

        БілемінБілгім келедіБіліп алдым
        Ақындар өлеңдерін оқуды білемінХалық поэзия –

        білім және рухани тәрбие көзі екеніне көз жеткізгім келеді

        Халық поэзиясы –білім және

        рухани тәрбиенің көзі екенін біліп алдым

         

        Демалыс уақытында 2-3 сынып оқушыларына өлеңдер жаттап келуді ұсындым. Олар өлеңге қызығып, әр оқушы 4-5 өлеңнен жаттап келіп, екінші рет «Поэзия минутын» өткіздік. Осы кезде оқушылардың поэзияға қызығушылығы әлдеқайда арта түсті.

        Эксперимент көрсеткішінен кейін оқушылардың өлеңдер оқу көрсеткішін белгілеп көрдім.

         

         

         

         

        1. Қорытынды:

        Өз зерттеу жұмысымды қорытындылай келе халықтық поэзияның педагогикадағы және рухани тәрбиедегі рөлі мол деп шештім. Өйткені көпшілік оқушылардың кейбір әріптерге тілдері келмей жатады, есепті шығарғанда қиналады, өлеңді жаттаған кезде естеріне сақтай алмай, сөздерін ұмытып жатады немесе әңгімелеген кезде сөз байлықтары жетпей жатады. Ал егер оқушылар бастауыш сыныптан өлеңдер көп жаттаса, оларды мәнерлеп оқыса, олардың есте сақтау қабілеті, ойлау қабілеті, сөздік қоры молаяды. Әрі рухани сезімі оянады. Шешен сөзбен сөйлеп, мәдениетті сөйлеулері қалыптасады. Өнерге, әдеби тарихқа деген қызығушылықтары туады. Әр оқушының бойында адамгершілік, патриоттық тәрбие қалыптасады.

        Осы зерттеу жұмысым әрі қарай өзінің жалғасын табу үшін әдебиет сабағында поэзилар көп болса екен деймін. Өйткені әдебиет сабағында көпшілік тақырыптар мәтіндерге берілген. Мен мұғалімімнен әдебиет сабағы 1 жылда 136 сағат, оның ішінде поэзияға 37 сағат бөлінетінін біліп алдым. Бұл көрсеткішті жеткіліксіз деп санаймын. Әрине мәтіндердің де тәрбиелік мәні бар, бірақ оқушының есте сақтау қабілеті өлеңдерді көп жаттағаннан дамиды. Әрі мәнерлеп оқуы артады. Сондықтан да оқулыққа поэзия сағаттарын қосса деп ойлаймын. Тағы да сыныптар арасында, аудандық бастауыш сыныптар арасында «өлеңдер оқу» байқаулары өтілсе деген ұсыныс тастағым келіп отыр. Себебі, « байқау» дегенде оқушырда қызығушылық пайда болады. Әр оқушы жеңімпаз атанғысы келеді. Ол үшін олар өлеңдер жаттап, мәнерлеп оқуға бар жандарын салады. Осылайша олардың танымдық қабілеттері дамиды. Басқа сыныптың оқушысының оқуы мен өзінің мәнерлеп оқығанын салыстыра біледі. Осы кезде ол өз кемшіліктерін көріп, жақсы мен жаманды ажыратып, кемшілігін дұрыстауға тырысады. Мүмкін кейбір оқушыларда өлең шығару ақындық өнері де оянып қалар ма деп те ойлаймын. Оқушылардың дарындылықтары, таланты артады.

        Марат Б,
         3 «А» сынып оқушысы,

                                                            Сыздыкова Асем Аукешовна,
        3-ші деңгейдегі, жоғары санатты
        бастауыш сынып мұғалім
        Семиполка орта мектебі,
        Шал ақын ауданы,
        Солтүстік Қазақстан облысы

        Қолданылған әдебиеттер:

        1. Әдебиет 7 сынып, , Алматы «Атамұра», 2003ж авторлары: Р. Құтқожина, Қ. Бітібаева, Қ. Жаманбаева
        2. Әдебиеттік оқу 2 сынып, Алматы «Атамұра», 2013ж, Б. Т. Қабатай, С. Р. Рахметов
        3. Беташар, «Өнер» баспасы, 1991ж
        4. Қазақ әдебиеті 10 сынып, Алматы «Мектеп» 2006ж, Қ. Алпысбаев, Б. Әбдіғазиұлы, Б. Смаилов, Ж. Саметова
        5. 5. Шал ақын «Арыс» баспасы, Алматы 2003ж

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.