Home » Жаңалықтар » ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖЕҢІС

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖЕҢІС

Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Сарыбекова Әсем  — Үшінші жыл сайынғы жаһандық фольклор байқауының жеңімпазы.

          Cricket Media американдық компаниясы «Өз халқыңның дәстүрін зертте және оны әлеммен бөліс!» ұранымен өткен Үшінші жыл сайынғы жаһандық фольклористер байқауын қорытындылады. Байқау  ұрпақтан-ұрпаққа берілетін халық фольклорын зерттеп, өз терең  тарихын білемін деген жасы 8 бен 18 жас аралығындағы әртүрлі ел оқушыларын біріктірді.
Байқау географиясы мүмкіндігінше  кең болды. 2016 жылы Жер шарының әр бұрышынан келген 130 қатысушы өз жұмыстарын ұсынды. Қазақстан Республикасынан алғаш рет Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Сарыбекова Әсем қатысты.  Өз жобасын қазақтың ұлттық аспабы домбыраға арнады, интервью форматында бейнеролик түсіріп, журналистік зерттеу жүргізді. Жобаның жетекшісі – ағылшын пәнінің мұғалімі Адилханова Бегаим Рахымқызы.
Халықаралық байқау нәтижесінде Әсем 14 жастан бастап санаты бойынша бірінші орынды иеленді. 150 мыңнан астам дауыс жинаған Зияткерлік мектеп оқушысы озық ойлы жұмысымен өз қатарластарынан топты жарып шықты.
«Домбыра   қаншама ғасырлар бойы бостандық үшін күресіп келе жатқан қазақ халқы дәстүрінің тереңдігі мен бай мәдениетін көрсетеді. Сондықтан мен өз жеңісімді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнағым келеді», — дейді Әсем.
Жаһандық байқау Смитсон фольклор және мәдени мұра орталығы (Smithsonian Center for Folklife and Cultural Heritage) қолдауымен ұйымдастырылды.  2017 жылғы ақпан айының басында Сарыбекова Әсем байқау ұйымдастырушыларынан сертификат және құнды сыйлықтар (энциклопедия, кеңсе тауарлары мен сандық фотоаппарат) алды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл сыйлықтар Әсемнің болашақтағы зерттеушілік дағдысын дамытуына септігін тигізеді. Ал, біз Әсемнің ел үшін әлі де үлкен жеңістер әкелетініне және қазақ мәдениеті мен тарихын әлемге паш ететініне кәміл сенімдіміз.

Альбина Елеуова,
Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің  баспасөз хатшысы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.