Home » Спорт » Футзалда қарсылас шақ келтірмеді

Футзалда қарсылас шақ келтірмеді

Кез-келген білім ошағының негізгі міндеттерінің бірі – шәкіртке сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар, оларды салауатты өмір салтына бейімдеу. Дені сау ұрпақ қана келешек ел тұтқасына ие болып, дамудың даңғыл жолына түсуге күш сала алады. Алдына дәріс алуға келген оқушыларының жан-жақты болуына ерекше көңіл бөлетін Семей қаласындағы физика–математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары кезекті істің жаршысы болып отыр.
Сәуір айының басынан бері мектебімізде спорттың үстел теннисі, футзал, баскетбол, волейбол түрлерінен қалалық фестиваль өткізіліп келеді. Фестивальдің басты ерекшелігі – оған спорттың осы түрлерінен қала біріншіліктерінде жүлделі 1, 2, 3-ші орындарды иеленген орта мектеп командалары тағы бір мәрте күш сынаспақ. Жарыс қожайыны ретінде Зияткерлік мектеп те өз өрендерін аламанға қосып отыр.
Белгіленген кестеге сәйкес сәуір айының 13-15 күндері шағын футзалдан жарыс өтіп оған 5 команда қатысты. Олардың арасында аладопты ұршықша үйіріп, қалада өздеріне қарсылас шақ келтірмеген № 11,23,26 орта мектеп пен Зияткерлік мектептің қос бірдей командасы бар.
Дәл осы күндері мектебіміздің спортзалы нағыз футбол тойына ұласты десек артық айтпаған болар едік. Алаңдағы жан алысып, жан беріскен, өз командасы қала берді мектебінің намысын қорғауға барын салған достарына қолдау білдірген 100 –ден астам жанкүйердің қиқуынан құлақ тұнады. Жарыстың жоғары деңгейде әділ әрі таза өтуіне мектебіміздің дене тәрбиесі және эстетика әдістемелік бірлестігі ұстаздарының атсалысқандығын атап өтпеуге болмайды. Ойын айналмалы жүйе бойынша өткізіліп, жеңімпаздар жинаған ұпай сандары бойынша анықталды. Қарсыластарымен өткен ойында 2 ұтыс, 2 тең нәтижеге қол жеткізген Зияткерлік мектептің № 1 командасы жеңімпаз болып танылды. Ал қоржындарына 6 ұпай жинаған №11 орта мектеп 2-ші орынға, №23 орта мектеп аяқдопшылары 3 –ші орынға жайғасты.
Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау сәтінде үздік ойын көрсеткен ойыншылар да назардан тыс қалмады. Мәселен, № 26 орта мектебінің оқушысы Райымбек Мерекеев «Үздік қорғаушы», № 11 орта мектебінің оқушысы Меливан Валиев «Үздік шабуылшы», НЗМ командасының ойыншысы Әлімжан Нұртазин «Үздік қақпашы», № 23 орта мектеп шәкірті Жәнібек Исем «Үздік сұрмерген», НЗМ – 1 командасының ойыншысы Диас Нәсіпбай «Үздік ойыншы» аталымдарын жеңіп алды. Үздіктер мен командалар ұйымдастырушылар тарапынан берілген кубоктар мен грамоталармен марапатталды.

 

Нұржан Жақсыбаев,
Бауыржан Құдайбергенов,
Семей қаласындағы ФМБ НЗМ денешынықтыру пәнінің мұғалімдері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.