Home » Мақалалар » ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҚ — ЗАМАН ТАЛАБЫ

ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҚ — ЗАМАН ТАЛАБЫ

 

«Қазіргі заман мұғалімі – рухани дамыған әрі әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін-өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Ол жоғары білімді шығармашыл тұлғаны қалыптастырып, дамыту үшін жауапты» — деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей заман көшіне ілесу  ұстаздардың міндеті. ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Сондықтан да жас ұрпаққа, жас буынға білім беру жолында жаңаша өзгерістер қажет. Жеке тұлға,яғни дарынды, шығармашылық тұлға қалыптастыру білім мен тәрбие берудегі мемлекеттік істің ең маңыздысы. Демек, мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе.

Жаңартылған білім беру бағдарламасының аясында  балалардың тәуелсіздігі мен шығармашылығын  арттыруды  қажет ететін  әдістерді пайдалану талап етілуде. Жаңартылған білім берудің  мазмұнымен  жұмыс жасаудағы негізгі басымдық қазақ тілінің көкжиегін кеңейту болып отыр. Осы орайда қазақ тілі мұғалімдеріне зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Олай болса,  білім алушылардың  ғылыми ойлау және танымдық қабілеттерін  дамыту — қазақ тілі пәнінің мұғалімінің маңызды мақсаттарының  бірі. Оқу үдерісінде  оқушылардың теориялық және практикалық  ойлау дағдыларын қатар дамытқан жөн.

Ол үшін сабақ барысында  сабақтың ғылымилығын жоғарылату, проблемалық жағдаяттарды шешуге  бейімдеу, оқушылардың өз бетінше  жұмыстарын ұйымдастыру,  шығармашылық сипаттағы тапсырмаларды сеніп беру, ғылыми әдебиеттермен жұмыс жасай алуда қызығушылығын ояту болып табылады. Бүгінгі таңда  ұстаздың басты міндеті не? Әрине, заман талабына сай алған білімін өмірде қолдана алатындай шәкірт тәрбиелеу. Ең бастысы бүгінгі алған білімін  ертеңгі күні өмірде кеңінен пайдалана алатындай  оқушы  тәрбиелеуіміз басты парызым. Яғни, функционалдық сауаттылық дегеніміз – адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Осы  тұрғыда  өз тәжірибемде қолданып жүрген Блум таксономиясы   оқу үдерісінде үш саланы қамтитынына көзім жетті. Білім беру барысында үш сала  когнитивті  «білемін», аффективті сала бойынша «сезінемін», және психомоторлы «шығарамын» деңгейін назарда ұстанамын. Мәселен, танымдық саласында  өткен материалды еске сақтаудан бастап, игерілген білімді қайта қарап, жаңа идеялар туғызып отыруды мақсат етсем,   аффективті  салада қарапайым ұғымнан  күрделі жұмыстарға  бағыттап отырамын. Әрине, бұл технологияны қолдану барысында  білім алушы мен  мұғалім бір-бірімен өзара әрекет етеді. Яғни оқушылар ұйымдастырылған оқу  қызметінің белсенді қатысушылары болып келеді.  Белсенді оқу мұғалімнің  дайын  есте сақтау мен жаңғыртуға емес,  белсенді ойлау мен тәжірибелік қызмет  үдерісінде оқушылардың өздігімен  білім мен біліктілікті игеруге бағытталған.

Сондай — ақ, қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында  диалогтік оқытудың тиімділігі дәлелденіп отыр.Диалог кезінде мұғаліммен қарым — қатынас үстінде оқушы өз ойын еркін айтып, өмірден мысалдар келтіреді. Осылайша  түрлі идеялар мен көзқарастарын ортаға салады. Міне,  білім мазмұнының осындай жаңаруы тұсында алуан түрлі пікірдің қорытындысы барысында оқушылар шынайы білім ала алады. Өйткені, үндемей отыратын оқушының өзі диалог кезінде белсенділік танытуға төселеді. Яғни, диалогтік оқыту өз бетімен  білім алудың тиімді түрі.

Міне, функционалдық сауаттылықты арттыруға бағытталған осы іспетті жұмыс жүргізіліп, белсенділік артқан тұста  оқушылардың сөйлеу мәдениеті қалыптасуда. Жаңартылған білім шеңберіндегі тілдік дағдылар да өз сабағымнан көрініс табу үстінде. Айтылым, жазылым, оқылым, тыңдалым кезінде функционалдық сауаттылық арта түсетіні кәміл. Жаңғыру жазудан бастау алады демекші, жазылым барысында сауаттылықтары арта түссе, оқылым сәтінде сөйлеу мәдениеті дамиды. Ал, айтылым барысында түрлі жағдаяттарды шешуге бір кісідей ат салысып, өмірден мысал іздей бастайды. Оқушылардың  айтылым, жазылым, оқылым дағдыларын қалыптастыру арқылы  тіл байлығын, сөйлеу шеберлігін дамыта отырып, функциональдық сауаттлығын арттыра түсемін. Сондай-ақ оқушылардың көркем әдебиетті оқуға деген ынтасын арттыру, шығармашылық, танымдық қасиеттерін жетілдіру, әдеби сөйлеу арқылы тілдік құзыреттілігін қалыптастыруды назарда ұстанамын.  Әсіресе, мәтін бойынша тапсырма түрлері арқылы қарым-қатынас жасау дағдыларын диалог, еркін пікірталас түрінде  және жазу тілінің белсенділігін арттыру әрі дамыту, тілдік құбылыстарға, сонымен қатар жалпы өмір құбылыстарына интеллектуалды талдау жасау дағдыларын жетілдіруге көбірек көңіл бөлу үстіндемін.

Қазіргі таңда функционалдық  сауаттылық  назарда ұсталған сәтте  қазақ тілі пәні мұғалім ретінде   әр сабағымды мәтінмен жұмыс жасау барысындағы тапсырмалар оқылым, жазылым, айтылым дағдыларына негіздеп отырамын.  Сондықтан  әрбір мәтіннің тәрбиелік мақсаты болуы, оқушылардың  дүниетанымын кеңейтетін адамгершілік, шыншылдық, сыйластық т.б адам бойындағы қасиеттер мәнін аша түсетін мәтіндер болуы, мәтін мазмұнында оқушының сыни ойлау қабілетін шыңдайтын астарлы ой болуы принципке сүйеніп жинақтаймын.Мәтіннің тәрбиелік мақсаты болуы, оқушылардың  дүниетанымын кеңейтетін адамгершілік , шыншылдық, сыйластық т.б адам бойындағы қасиеттер мәнін аша түсетін мәтіндер болуы, мәтін мазмұнында оқушының сыни ойлау қабілетін шыңдайтын астарлы ой болуы функционалдық сауаттылыққа жол ашады.

Қазіргі заман талабына сай  әр оқушы әр сабақ кезінде жаңа білім қосып қана қоймайды, соны өзі игеріп, талдап, пікір тасластыру деңгейіне жетіп, даму үстінде болуы шарт. Өзімнің тәжірибемде оқытуды  ойын түрінде  әр түрлі белсенді формаларды  топтық, жеке және жұппен жұмыс, диспуттар, пікірталастар қолдану ұйымдастырамын.  Менің  пайымдауымша функционалдық  сауаттылық  білгеніңді  өмірде қолдана білу десек,  осы тұста  тілдік дағдыларды меңгерту барысында жағдаяттарды шешу арқылы өмірмен байланыс болады.

Мәселен, айтылым оқуға жағымды қызығушылық қалыптастырады. Оқу модулінің сөйлесу бөлімі «екіліксіз» оқу, өз деңгейінде жұмыс істеу мүмкіндігі, ойынға қатысу, қорқыныш сезімінің жойылуы, өзіндік және өзара бірге дайындау мүмкіндігін туғызады.Оқылым дағдысында  жаңа тақырыпты балалар шығармашылық ізденіс үстінде өздігінен меңгереді. Оқушылардың  ынтасын, белсенділігін арттыру үшін оларға проблемалық сұрақтар қою; оқушының ойлауын, елестету мен есте сақтауын, белсенділігін, дағдысын, білім сапасының дамуын қамтамасыз етеді.

Жазылым  дағдысында  үш тілде  сұрақ қойып, оған жауап беріп қана қоймай, ойын, пайымдаудың бір бүтін мәтін арқылы жеткізе алу керек. Оқушылар шағын ойтолғаулар жазуға, өз пікірін дәлелдеп нақты ой тұжырым жасай алуы қажет. Осы тұста өмірмен байланыс өрби түсіп, шынайы білім алар сәт туады. Әсіресе, «Ой таразы» барысында өздеріне де басқаларға да баға бере алады.Көрнекті ағартушы — педагог Ы.Алтынсарин:  «Мұғалім — білім берудегі — маңызды адам. Ең озық педагогикалық оқу құралдарының өзі мұғаліммен теңесе алмайды» деп біздің адами болмысымызға баға беріп кеткен.

Иә, мұғалім мәртебесі маңызды әрі, қастерлі. Өйткені біздің қолымызда тұтас адам тағдыры тұр. «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер» — деген екен Жүсіпбек Аймауытов. Сондықтан қазіргі таңда оқушыларға саналы тәрбие мен сапалы білім беру ісін жаңа талап тұрғысынан өзгертіп, оқыту тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыруға міндеттіміз. Олай болса, заманауи талапқа сай, шәкірттерімізді болашақта бәсекеге қабілетті, ой — өрісі дамыған, терең білімді  ертеңгі ел азаматын тәрбиелеуде еңбегімізді еселей берейік!

Барамбаева Қарлығаш Айтбаевна

 «Қарасу ауданы әкімдігінің білім беру
бөлімінің «Қарасу орта мектебі» ММ
қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.