Білім беру жүйесін жаңартуға Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ерекше атап өтсе, «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында білім беру саласындағы басымдықтарды қадап айтты. Білім беруді жаңарту оқушы білімін ғана емес, оларды қолдану дағдыларын, атап айтқанда функционалдық сауаттылығын қалыптастырады. Оқушылардың бойында өзіндік білім алу, талдау, құрастыру, қоғамдық өмірде өзін-өзі жан-жақты таныту үшін білімін пайдалана білу дағдыларын қалыптастырады және қоғамға пайда келтіреді.
Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту тетіктері, білім стандарттарын, оқу бағдарламалары мен жоспарларын жаңарту, оқыту нысандарын, әдістері мен технологияларын жаңарту, мектеп оқушыларын оқыту нәтижелерін бағалау жүйесін дамыту, ата-аналардың қатысуын қамтамасыз ету, қосымша білім беруді дамыту, күтілетін нәтиже қажетті ресурс нақты көрсетілген. Осы ұлттық жоспарды іске асыру арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша жалпы үйлестіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күнде білім беру мәселесі, әрбір ғылым негіздерін терең игерту, білім алушылардың ойлау қабілетін дамыту, өз Отаны, халқының алдында жауапкершілігін терең сезіндіре білу, қоғамымызға ертеңгі күні пайдасы тиетіндей жақсы азамат болып шығуы сезімдері мен адамгершілік құндылықтарының қалыптасуы басты мақсатымыз болып табылады. Осы бағытта,бүгінгі заман талабын орындауда өзге пәндердің ішінде математика пәнінің алатын орны ерекше деп айтуға болады. Сондықтан оқытушы қауымға, қоршаған ортаға жан-жақты дамыған, сауатты, саналы азамат тәрбиелеу мәселесі жүктеліп отыр соған орай мен математика сабағында білімді дәстүрден тыс әдіс- тәсілдер арқылы бекітемін.Оқушылардың жан-жақты дамыту, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, пәнге деген сүйіспеншіліктерін арттыру,патриоттық сезімдерін ояту.Ойын арқылы оқыту технологиясы дидактикалық, тәрбиелік, дамытушылық болып бөлінеді.
Ойын-әрекеті арқылы баланың дағдысын қалыптастыру кезінде көңіл–күйі ,баланың тілін дамыту мен қатар пәнге деген қызығушылығы , баланың жеке қасиеттері қалыптасады. Ойын оқушының ойлау қабілетін арттырады.Физика, химия, тарих т.б. пәндерімен байланысып білім – білік дағдылары артып, пәнге деген қызығушылығы артып, білім сапасының артуына ықпал етеді. Бала дамуындағы ойынның рөлі туралы әр кезде де педагогика ғылымының майталмандары үнемі көрсетіп отырған. Ойын арқылы балалар әлем есігін ашады, шығармашылық қабілеттері артады. «Биікке қалықтап қыран да шығады, жорғалап жылан да шығады» деген нақыл сөз бар. Бүгінгі шәкірт — ертеңгі білікті маман, еліміздің гүлденіп – өсуіне, өркендеуіне үлес қосатын басты ТҰЛҒА. Оқушылардың осы пәнге деген қызығушылығын арттыру, алдына қойылған есеп шешімін өз бетінше табуын жетілдіру, ойлау деңгейін, қабілетін шыңдау мақсаттарын алдыма қоя отырып, өзім сабақ беретін және жетекшілік ететін 5 «к» сыныбында әр сабақты білім алушының жас ерекшеліктеріне сәйкес барынша қызықты, түрлендіріп өткізуге тырысамын. Ол үшін сабақта ойын элементтері қолданамын. Ойын – оқытуда жаңа технологияның маңызды бөлігі болып табылады. Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді. Оқушыларды белсенділікке, тез ойлауға, ауызша есептеулерге, логикалық ойлау қабілетін арттыруға септігін тигізеді.Әсіресе, қала баласына таңсық, тіпті кейбіреуі қолмен ұстап, көзбен көрмеген қарапайым асықтың өзі түрлі математикалық есептерді шығаруға мүмкіндік туғызады. Ойын балалардың негізгі іс-әрекеті ретінде психологиялық, анатомиялық-физиалогиялық, педагогикалық маңызы зор қызметтер атқарады. Ойын баланың даму құралы, таным көзі, тәрбиелік дамытушылық мәнге ие бола отырып, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Ойынның тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А.С.Макаренко былай деп жазды: «Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың, қызметтің қандай маңызы болса, нақ сондай маңызы бар. Бала ойында қандай болса, өскен соң жұмыста да көп жағынан сондай болады». Сондықтан келешек қайраткерді тәрбиелеу ең алдымен ойыннан басталады.
Ойын – баланың қажетті әрекетінің бірі ойынды кіші жастағы балалардың табиғаты керек етеді. Балалардың еңбегі, оқуы ойыннан басталады. Ойын арқылы оқушы білім алуға, оқуға қызықтыра отырып, тұлғалы дамуын қалыптастыруға болады. Жалпы, математика сабағында қолданылатын ойын түрлері оқушылардың математикалық ұғымдарын кеңейтіп, ойлау қабілеттерін арттырып, есептеу дағдыларын шыңдай түсетіні белгілі. Математика сабағында қазақтың ұлттық ойындары қолданылады.
«Асық» ойыны арқылы өткен сабағымда, қазақтың оюлы дорбасынан оқушыларға асықтың әр түрін алдыртамын. Асық ойыны — қазақ халқының дәстүрлі ойыны екендігі, оның күндіз де, түнде де ойналатындығы,күндізгісі– мергендікке,түнгісі – ептілікке баулитындығы туралы айта келіп, түрлі тапсырмаларды орындатып, жылдам орындағаны олардың білімін бағалауда ескеріп отырамын.
Ұлттық ойындарды қолдану терең біліммен қоса, саналы тәрбие де береді. Мәселен, қазақтың ұлттық ойындары: «Бәйге», «Көкпар», «Хан талапай», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Аударыспақ», «Орамал тастау», «Көкпар», «Асық», «Сиқырлы қоржын» т. б. балалардың еңбекке деген қарым — қатынасы мен қабілеттерін арттырады.
Оқу кабинетімізде «Білім шыңы» бұрышы ұйымдастырылды. Сынып оқушылары әр сабақ сайын ойын арқылы әр түрлі берілген тапсырмаларды жеке немесе жұппен орындап, отырып,сабақ соңында тапсырманы дұрыс орындаған оқушылар «Білім шыңындағы» жалаушаға жетеді. Бұл оқушыларды белсенділікке, өз бетінше жұмыс істеуге, бүгінгі егеменді еліміздің жарқын болашағы-дарынды да талапты жастарын тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Мысалы, Баланы дарынды, бойында күш-қуаты жеткілікті екендігіне сендіру-ұстаз бойындағы құдыретті күш.. Өйткені, сенім үлкен жеңіске жетелейді. Шәкіртерімізге деген мейірімділік пен сүйіспеншілік болған жерде ғана іс нәтижелі болмақ. Мұғалім еңбегі сырттай қарағанда, елеусіз ғана қарапайым тірлік сияқты болып көрінуі мүмкін, бірақ олар – ұлы істер, ұлт мерейін өсірер керемет шаруалар тындыратын нағыз жанкешті жандар. Кезінде қазақтың «Төбе биі» атанған Төле би өзінен дәріс алған шәкіртіне:
…… Бір үйдің баласы болма, барша үйдің баласы бол,
Қауіп төнсе егер де,арқа сүйер панасы бол!
Ақыл жастан деген ғой, жол сілтер данасы бол,
Көптің бірі болмай, өз тұрғыластарының дарасы бол! – деп ақ батасын берген екен. Абыз атамыздың ақ тілегінде талай философиялық ойлар жатыр! Артындағы барша ұрпағына, біздерге де, құндылығы бай ғибратты ой нұсқады. Бүгінгі жас ұрпақты әлі кішкентай, бала деп қарамай, күнделікті жүргізетін оқу – тәрбие жұмыстарымызда Жеке тұлғаны бәсекелестікке қабілетті етіп қалыптастыру — бүгінгі аға буынның, соның ішінде, ғылым негіздерін игертуде үлес қосып келе жатқан ұстаз еңбегіне тікелей байланысты.
Жалпы қорытындылай келе, мектеп оқушыларына математика сабағында ойын — тиімді тәсіл екендігіне көз жеткіздік. Ойын — оқушылардың пәнге деген қызығушылығын, ынтасын арттыруға әсері мол болады деген сеніміміз мол.
Әдебиет:
- Нагибин Ф. Развивающие игры. М.: Просвещение, 1985.
- Құлбаева С. Ойын әдісімен // Бастауыш мектеп. — №3 — 2004 — 37-38 б.
- Керімбаева Р. Ойын түрлері және оның ерекшеліктері // Бастауыш мектеп. — №3. – 2008.- 11-12 б.
Асанова Гүлзада Қабдубекқызы,
І санатты математика пән мұғалімі,
Қостанай қаласы,
Б. Момышұлы атыңдағы №5 Орта мектеп