Home » Балабақша » Т.Саржанова. Балалардың ақыл-ой әрекетін жаттықтыру, табиғат әлеміне танымдық қызығушылығын қалыптастыру

Т.Саржанова. Балалардың ақыл-ой әрекетін жаттықтыру, табиғат әлеміне танымдық қызығушылығын қалыптастыру

Қызылорда қаласы білім бөлімі №2 аймақтық әдістемелік бірлестіктің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласы білім бөлімінің «Ер Тарғын» балабақшасы КМҚК Таным білім беру саласы «Балалардың ақыл-ой әрекетін жаттықтыру, табиғат әлеміне танымдық қызығушылығын қалыптастыру» тақырыбында   аймақтық семинар өткізілді. Семинардың мақсаты балалардың коммуникативтік- танымдық қабілеттерін, логикалық ойлау қабілеттерін қалыптастыра отырып, табиғат әлеміне танымдық қызығушылықтарын арттыру, таныс материалдармен дербес эксперимент жасай білуге үйрету.
Семинарға №2 аймақтық әдістемелік бірлестікке қарасты мемлекеттік және жеке меншік балабақшалардың әдіскерлері, тәрбиешілері сонымен бірге №173 Ә.Молдағұлова атындағы орта мектептің даярлық тобы тәрбиешілері қатысты.   Әдістемелік бірлестік жетекшісі Қ.Қ.Қарақұлова «Балалардың ақыл-ой әрекетін жаттықтыру, табиғат әлеміне танымдық қызығушылығын қалыптастыру» тақырыбындағы семинарды аша отырып, қазіргі таңда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған білім беру мазмұнын іске асыру арқылы балалардың білім, білік, дағдыларын дамыту,табиғат туралы қарапайым білімдерін меңгертіп, математикалық және логикалық ойлау қабілеттерін қалыптастыру керектігін айтты.
Семинар барысында «Ер Тарғын» балабақшасының педагог қызметкерлері жаңартылған білім беру мазмұны бойынша Қарапайым математика оқу қызметі «Үш аю» тақырыбында «Ақжелкен» ІІ-ші кіші топ   тәрбиешісі А.Нұртазаева, «Қарапайым мысалдар мен есептер шығару. Заттарды салмағына қарай салыстыру» тақырыбында «Күншуақ» ересектер тобы тәрбиешісі Г.Бакирова,   Жаратылыстану оқу қызметтері бойынша «Табиғат-Ана» тақырыбында «Айгөлек» ІІ-ші кіші топ    тәрбиешісі С.Мұстафаева, «Тұқымнан не өсіп шығады?» тақырыбы бойынша «Балауса» ересектер тобының тәрбиешісі Ж. Сүлейменовалар оқу қызметтерінде инновациялық технологияларды қолдана отырып  көрсетті. «Таным» білім беру саласы бойынша ұйымдастырылған оқу қызметтерінің нәтижесінде балалардың материалдармен дербес эксперимент жасау қабілеттері, табиғат құбылыстары туралы білімдері кеңейіп, танымдық, интеллектуалдық шығармашылық қабілеттері мен қарапайым математикалық түсініктері қалыптасты.
Ағылшын тілі маманы А.Жанахова және орыс тілі маманы Э.Сарманованың ұйымдастыруымен «Ғажайыптар әлемі» тақырыбында үш тілділікке байланысты іс-шара ұйымдастырып, балалар ағылшын және орыс тілінде сахналық қойылымдар көрсетіп өздерінің дарындылықтарын көрсетті.
№2 аймақтық әдістемелік бірлестіктің ұйымдастыруымен «Балалардың ақыл-ой әрекетін жаттықтыру, табиғат әлеміне танымдық қызығушылығын қалыптастыру» тақырыбындағы семинар өз дәрежесінде өткізілді.

Т.Саржанова,
Қызылорда қаласы білім бөлімінің
«Ер Тарғын» балабақшасы КМҚК әдіскері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.