Home » Білім және тұлға » «ТӘҢІР ЖАРЫЛҚАСЫНДЫ» КӨП АЛҒАН ЕДІМ…

«ТӘҢІР ЖАРЫЛҚАСЫНДЫ» КӨП АЛҒАН ЕДІМ…

«Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы бойынша

— Елден «Тәңір жарылқасынды» көп естідім, бұрынғының үлкендері «көп жаса, балам, ғұмырың ұзақ болсын! — деп әрбір жақсы ісімізге бата беретін. Менің көп жасағанымның сыры да сонда болар, — дейді 95 жастағы майдангер ақсақал Сембай Темешов.

Сембай ата 1922 жылы ақпан айында Павлодар облысы Ермак (қазіргі Ақсу қаласы) ауданына қарасты Қызылжар ауылында дүниеге келген. Әкесі отбасын ашаршылық жылдарының ауыртпалығынан аман сақтап қалу үшін Ресейдің Алтай аймағындағы Благовещенский деген жерде екі жыл тұрақтап, 1933 жылы Сталиннің «Шет жердегі қазақтарды еліне тегін қайтару туралы» Жарлығымен Ермак ауданының Қамзин (қазіргі Жолқұдық) совхозының 4-ші бөлімшесіне көшіп келеді. Сөйтіп, «екі қолға бір күрек» тауып, ел ішіндегі ірілі-ұсақты шаруаға білек түре кірісіп кетеді.

— Сол кездері «Жаңа ұйым» колхозында шағын бастауыш мектеп болатын. 1933-34-ші жаңа оқу жылы басталғалы жатқан кез. Мектеп директоры Рахима Шүленова: «1-ші сынып ашайын десем, бір бала жетпей тұр, мына балаңызды мектепке беріңіз» — деп мені үш күн қатарынан әкемнен сұрап келді. Мен онда 11 жаста едім. Әкем де: «қарағым, өзіміз күнімізді әрең көріп жүрміз, баланы оқуға беруге қазір жағдайым жоқ. Өзіме анда-мұнда жұмсайтын қолды-аяқты бала да керек қой», — деп бұл ұсынысын қоштай алмайтынын айтады. Келесі күні Рахима мұғалім маған костюм-шалбар, бәтеңке сатып әкеліп, әкемнің рұқсатын алды. Үстіме судай жаңа киім киген мен қуанышты едім. Ұстазым мені бір кішкентай баланың жанына отырғызды. Сол кішкентай сыныптасым – қазақтың танымал жазушысы Қабдікәрім Ыдырысов еді. 1937 жылы Калинин совхозында 7-ші сыныпты тамамдап, 1939 жылы Керекуде ашылған бір жылдық ауылшаруашылық техникумына түстім, бірақ, бітіруге соғыс құрғыр мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, 1942 жылы «көппен көрген ұлы той» деп соғысқа аттандым…

Сембай Темешов – тағдырдың жазуымен, ел басына күн туғанда «от оранып, су кешіп» жүрсе де, осалдық танытпаған қайсар жан. Ол Отан алдындағы перзенттік борышын абыроймен өтеп, ата қонысында тұралап қалған ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге құлшына атсалысты. Еселі еңбегінің жемісі де ескерілмей қалмады. Оны сандығында қатталған небір марапат қағаздар мен кеудесі тола сыңғырлаған төсбелгілерден-ақ көруге болады. Сембай ата – қадірлі ақсақал, ардақты әке, немерелерінің мақтанышы.

– Қарағым, қазақта «көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деген асыл сөз бар, мен солардың екеуінен де болам. Аллаға шүкір, жасым 95-ке таяды, бұл фәниде көрген-білгенім де бір басыма жетерліктей. Қиындық та, қуаныш та болды. Осы ғұмырымда бес бірдей ауыр отадан аман қалдым. Бірінші отаны 1943 жылдың 12-ші қарашасында жасады. Киев қаласын жаудан азат ету операциясы кезінде кеңес әскері Днепр өзенінің арғы бетіне өту үшін қиян-кескі шайқас жүргізді. Аспаннан ұшақтар бомбалап жатса, жағада зеңбіректен атылған оқ қарша борады. Адам шығынында есеп жоқ, екі жақтан да көп шығын болды. Мен сол шайқаста екі аяғымнан ауыр жараланып, дала госпиталіне түстім. Орман ішіндегі 100 кісілік әскери госпиталь палатасында тұқыл шамның жарығымен екі хирург жанталаса ота жасайды. Маған ота жасаған еврей жігіті: «Сенің шешең жақсы адам екен», — деді. Мен ауырсынып жатсам да: «оны қайдан білесіз?» — деп едім, «анаң сен туғанда тұзға көп салған екен. Етің жақсы, амандық болса, тез жазыласың», — деп басымнан сипады. Содан айтқанындай, төрт айдасын сауығып кеттім. Бірақ, соғысқа қатысуға жарамсыз болғасын, елге оралып, еңбек еттім. Осы күні аман-есен жүргенім, сол қолы шипалы ақ халатты абзал жандардың арқасы болар», — дейді ардагер ата көңілі толқып.

Бүгінде ғасырға жуық ғұмыр кешкен Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері Сембай Темешұлы – халқымыз ежелден пір тұтқан ардақтылардың бірі, ақынжанды, әңгімешіл адам. Әрбір айтқан әңгімесі терең мағынаға бай, тартымды да тамсанарлықтай, бірі – өзі туып-өскен Ақсу өңірінің асылдары жайында болса, енді бірі – қазақтың аты аңызға айналған Қазанғап биі, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім, Сұлтанмахмұттай ақтаңдақтарының өлең-жырларымен, өмірде болған сан қилы оқиғалармен толассыз жалғаса береді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Сембай Темешовті өңірге танымал, мақтан етуге тұрарлық игі жақсылардың бірі әрі бірегейі деп білемін. Ылайым, ұрпағын ұлықтар ұлағатты ұлтымыздың осындай асыл жауһарлары – ақпейіл, ақылгөй қарияларымыз аман болғай!

Айгүл МОЛДАШ

Білім айнасы

Павлодар қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.